XIII халықаралық тау-кен металлургия конгресінде өнеркәсіптегі экологиялық мәселелер қаралды
Astana Mining & Metallurgy 13-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресінде өндірістегі экологиялық мәселелерге арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық вице-министрі Ілияс Оспанов қатысты.
Вице-министрдің айтуынша, тау-кен секторы еліміздің ұлттық экономикасындағы жүйе құраушы сала болғанына қарамастан отандық кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізіп отырған залалы азаймай тұр. Мәселен, ауаға тарайтын зиянды қалдықтар, өндірістік шаң-тозаң, ағынды сулар, сондай-ақ көптеп жинақталатын өндіріс қалдығы пайдалы қазбаны игеріп, өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға тән. Оның ішінде кокс, агломерация өндірісі және қара металлургия кәсібенен атмосфераға ең көп мөлшерде зиянды газ тарайды екен. Ал СО2 қалдығының едәуір бөлігі болат пен алюминий металының (доменді пешті қолдану арқылы) өндірісіне тиесілі.
Сондай-ақ металлургиялық процестерде суды артығымен пайдаланудың салдарынан су ресурстары тұзды ерітінділермен, өндірістік ұнтақпен араласып, жауынның үздіксіз түсуіне байланысты ластанып отырады. Бұл әсіресе түсті металлургия кәсібінде аса өзекті мәселе.
Ілияс Есетұлы айтқандай, пайдалы қазбаны игеру бағытында экология мәселесіне лайықты деңгейде көңіл бөлінбесе, еліміздің табиғи ресурстарына тиетін зардап орасан болуы мүмкін.
«Осы жағымсыз өндірістік факторларды ескерсек, еліміздің өнеркәсіптік дамуы климаттың өзгеруіне де әкелуі мүмкін. Мұны елемеуге болмайды. Сондықтан қоршаған ортаны қорғап, жақсарту үшін кәсіпорындар өндірісті экологиялық тұрғыда дамытуға басымдық бергені жөн. Сол себепті шаһарлардағы ауаның таза болып, сапалы суды тұтынуды қалаймыз. Ол үшін елді мекендер жасыл желектермен қоршалып тұру қажет. Бұл ортақ мақсат бізге Қазақстанның тау-кен саласындағы экологиялық аспектілерді қарастыруға мүмкіндік беріп отыр», деді І.Оспанов.
Дөңгелек үстелге ҚР ЭТРМ вице-министрі Д.Бекмағамбетов, ірі тау-кен компанияларының басшылары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
24 пікір