Фермерлермен кездесу: Ақтөбеде өңірдегі АӨК-нің проблемалық мәселелері талқыланды
Салалық мемлекеттік органдардың Ақтөбе облысының фермерлерімен кездесуі өтіп, онда өңірдің ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ауыл шаруашылығы жануарларына жем сатып алу шығындарын субсидиялауды қалдыруды ұсынды. Айта кетейік, қолданыстағы ережелерге сәйкес, бұл бағытты субсидиялау жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, мемлекеттік қолдау алушылар үшін тиісті нормативтер мен өлшемдерді әкімдіктер бекітеді. Бұл өңірлердің климаты мен географиялық орналасуымен аймақтардың жемшөп базаларының айырмашылығына байланысты.
Бұған дейін АӨК субсидиялау тетіктерін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобына осы бағытты қаржыландыруды жою жөнінде ұсыныс енгізілген болатын, оны жұмыс органының мүшелері қолдамады. Алайда ережелерге өзгеріс енгізілетін болады. Жобада төтенше жағдай немесе жем дайындауға теріс әсер еткен ауа-райының қолайсыздығы жағдайында жемшөпті субсидиялау көзделген. Сондықтан, қыстау кезеңінде тапшылықты толтыру және азықсыз қалуға жол бермеуі үшін қыстауға кірген малға қойылатын зоотехникалық талаптар шегінде ірі және шырынды азықтардың құнын субсидиялау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ фермерлер субсидиялаудың Gosagro.kz ақпараттық жүйесінің жұмысына назар аударды. Кездесуге қатысушыларға веб-портал іске қосылған сәттен бастап ақауларды жою бойынша ауқымды техникалық жұмыс жүргізілгені түсіндірілді. Қазір мемлекеттік ақпарат жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бүкіл ел бойынша фермерлер жалпы сомасы 55,6 млрд теңгеге 6 614 өтінім берді. Оның ішінде 5,6 млрд теңгеге 462 өтінім мақұлданды.
Сонымен қатар, өңірлік әкімдіктердің резервке қойылған өтінімдер бойынша фермерлер алдында 2022 жылдың 26 млрд теңге мөлшерінде берешегі бар. Қазіргі уақытта деректер Qoldau жүйесінен Ауыл шаруашылығы басқармаларының жеке кабинеттеріне енгізілді. Осылайша, инвестициялық субсидиялау және өнімді қайта өңдеу бағыты бойынша АШБ өткен жылғы қарыздар жабылғаннан кейін ғана жаңа өтінімдерді төлеуге көше алады. СБМАЖ-де тарихи деректер төлемдерін қалыптастыру бойынша функционал іске асырылды. Облыс әкімдіктеріне тиісті түсініктемелер жолданды. Бүгінде Qoldau жүйесінен 15 млрд теңге төленді.
Кездесуге қатысқандар көтерген тағы бір мәселе – көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін «Кең-Дала» бағдарламасы бойынша лимитті ұлғайту және тікелей қаржыландыру қажеттілігі жайынды болды.
Айта кетейік, 2022 жылдан бастап егіске кредит беру көлемі 2 есеге артып, 140 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, несие мерзімі ұзартылды: егер бұрын фермерлерге қаржыландыру жылының қарашасында қаражаттың 100% қайтарылуы қажет болса, онда 2022 жылы несиелер қаржыландыру жылынан кейінгі жылдың наурызында қайтару шартымен ұсынылды.
Сонымен қатар, қарыз алуға өтінім беру құралдары жеңілдетілді. Биылғы жылдан бастап қарыз алушы несие алу үшін тікелей банкке жүгінеді, бұл өтінімдерді қарау мерзімін қысқартты.
Бұл қадам сондай-ақ АӨК-ні қаржыландырудағы жеке қаржы институттарының үлесін біртіндеп ұлғайту үшін қажет, бұл фермерлер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін одан әрі арттыруға және бюджеттен тыс қорлар арқылы кредиттеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Азық-түлік корпорациясы Ақтөбе облысының фермерлері үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын форвардтық сатып алу бағдарламасын тарату мүмкіндігін қарастыратын болады.
Жалпы, кездесуде көтерілген барлық сұрақтарға Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және оның еншілес компанияларының, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ өкілдері толық жауаптар мен түсініктемелер берді. Бұл ретте көтерілетін мәселелердің көпшілігі қосымша пысықтауды және талқылауды талап етеді.
[xfvalue_img]