Марат Қарабаев «Сарыөзек – Көктал» автожолында жетісулық қоғам белсенділерімен кездесті
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Жетісу облысына іссапармен барып, алдымен Талдықорғанды «Қорғас» шекаралық аймағымен байланыстыратын «Сарыөзек – Көктал» республикалық автожолының жағдайымен танысты.
Аталған нысанға аялдаған ведомство басшысы Кербұлақ ауданының бір топ белсендісімен кездесіп, олар осы елді мекен арқылы өтетін жолдың қазіргі мәселесіне тоқталды.
Айталық, Алтын-Емел асуындағы ұзындығы 68 шақырымға жалғасып жатқан жол трассасының бір бөлігінің әбден тозығы шыққан. Кербұлақтықтар бұған жергілікті маңдағы кәсіпорыннан Қытай шекарасына қарай цемент тасымалдайтын ауыр тонналы көліктер теріс әсер еткенін айтады.
Өз кезегінде ИИДМ басшысы бұл жағдай туралы хабардар екенін айта келе аталған мәселені ҚР Премьер-Министрі жеке бақылауында ұстап отырғанын жеткізді. Әлихан Смайыловтың осы өңірге жасаған іссапарының нәтижесінде қабылданған шешімге сәйкес аталған жолдың жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 2,5 есеге ұлғайтылды. Биыл бұл жобаны толық аяқтау үшін 8,2 млрд теңге бөлінді. Республикалық автожолды қалпына келтіру 2023 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.
«Біз министрліктің құзырына кіретін өңірдегі нақты мәселелерді талқылап, шешуге келдік. Сіздер айтып отырған жолдың жағдайын мен өте жақсы білемін. Қажетті қаражат бөлінді. Енді бірлесіп, мердігердің жұмысын бақылау қажет. Біз әрқашан ашық диалогқа дайынбыз, хабарласыңыздар. Егер де зауыттың жүк көліктері жолға зиян тигізсе, онда мен басшылығымен сөйлесіп, мүмкін қосымша шешім табамыз. Алайда бұл зауыт осы өңірдің көптеген тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын ұмытпаған жөн», деді Марат Кәрімжанұлы.
Сонымен қатар аталған жолдың проблемасы цемент зауытының басшылығымен болған кездесуде де талқыланды. Атап айтқанда, таяу арада республикалық автожолға теріс әсер тигізбеу үшін цемент өндіруге қажетті шикізатты жеткізуге арналған айналма жолды салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Қазір ALACEM зауыты 600-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Оның өнімдері Жетісу, Алматы облыстары мен Алматы қаласының цементке деген сұранысының 60%-ын қамтамасыз етіп келеді. Осы арқылы кәсіпорын мемлекетке және облысқа айтарлықтай пайда әкеліп отыр.
Сонымен қоса министр Талдықорғандағы 500 орынға шақталған емхана мен 9-шы шағын аудандағы тұрғын үй және инженерлік желілердің құрылысын бағамдап қайтты.
«Мемлекет басшысы өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға ерекше назар аударып келеді. Сондықтан Жетісу облысында қолжетімді тұрғын үйдің көлемін ұлғайту, жолдарды жөндеу және өнеркәсіпті дамыту сынды бірқатар маңызды міндет өз шешімін тауып жатыр», деді М.Қарабаев.
Айта кетейік, облыс орталығының жаңа шағын ауданында аумағы 122 мың шаршы метрден асатын 1510 пәтері бар 41 тұрғын үйдің құрылысы іске асырылып жатыр. Магистральді және ішкі инженерлік желілердің құрылысы биыл жаз айларында аяқталуға тиіс.
Бұдан кейін министр халықпен кездесіп, азаматтардың жеке қабылдауын өткізіп, жергілікті БАҚ-тың сұрақтарына жауап беруді жоспарлап отыр.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
27 пікір