Жақсы тәлімгер атанып, алғыс арқалағандар..
Есепшілер - сандар тілін түсінуді, кез-келген жағдайда дағдарыстың шұғыл түрде алынуын және оны қажетсіз қаржылық шығындардан құтқаруға қабілетті маман иелері.
Қызметкерлердің жалақысының уақытылы түсуін қамтамасыз ету жолында есеп- қисаппен дос болып, әр санды мұқият қадағалайтын есепшілердің жауапты жұмысы айтыла бермейтін мамандықтардың бірі. Дегенмен, бүгін біз Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде көпжыл бойы жоғары жауапкершілікпен еңбек етіп келетін әріптестеріміз жайлы айтуды жөн көрдік...
Бұрқан Күландә Болатбайқызының Қылмыстық- атқару жүйесіндегі еңбек өтілі – 19 жыл. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 мекемеде қаржымен қамтамасыз ету бөлімінің бас есепшісі лауазымынан құрметті зейнеткерлік демалысқа шықса да өзінен кейінгі жастарға тәлімгер болып, мекеменің қатардағы есепші лауазымында қызмет атқарып келетін Күландә Болатбайқызы отбасында ұл- қыз өсіріп отырған аяулы ана, ардақты жар, асыл әже. «Анаға қарап қыз өсер» дегендей, анасының мамандығына қызыққан Күландә апайдың қызы ана ізін жалғап, есепші мамандығын таңдаған.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 түзеу мекемесінде қаржымен қамтамасыз ету бөлімінің экономист лауазымын атқарып келетін Кульжанова Агалка Зейноллақызының да ҚАЖ саласында қызмет етіп келетініне 20 жылға жуықтады. Алғашқы еңбек жолын Ембі қаласының КА-168/5 түзеу мекемесінде бастаған Агалка Кульжанова да талай білікті есепшілерді тәрбиелеген жақсы ұстаз - тәлімгер. Агалка Зейноллақызының ұлы да анасы секілді ішкі істер органдарын таңлап, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуде.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №9 мекемесінде қаржымен қамтамасыз ету бөлімінің есепшісі Ерохина Гүлнар Орынтайқызы осы салада 28 жыл бойы тапжылмастан еңбек етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын тергеу изоляторында есепші лауазымынан бастаған жас есепші қыз, осы мекемеде өмірлік жарын жолықтырып, отбасылы болды, өмірге сүйкімді қыз келді. Бір салада бір- бірін тапқан әріптестердің аялап өсірген қыздары бүгінде әуе компаниясында қызмет етіп, әке мен ананың мақтанышына айналды.
Ал, тергеу изоляторында қарапайым бақылаушы лауазымынан еңбек жолын бастаған Гүлнар Ерохинаның жолдасы – әріптесіміз Ерохин Виктор Николаевич осы салада 30 жыл енбек етіп, мекеме бастығының жалпы сұрақтары бойынша орынбасары лауазымынан абыроймен құрметті зейнеткерлікке шыққан әділет подполковнигі.
16 жыл ҚАЖ саласында тапжылмастан еңбек етіп, бүгінде Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №70 мекемесінде бас есепші лауазымын абыроймен атқарып келетін Куптилеуова Гульмира Ғалымжанқызы өзіне тапсырылған жұмысты өз деңгейінде аса мұқияттылықпен, тыңғылықты орындауы бойынша ерекше көзге түсіп, ұжымдастарының құрметіне бөлене білген әріптес.
Тергеу изоляторының әділет старшинасы Акдаулет Куптилеуовпен осы салада танысып, табысып, сүйкімді қыз сүйген бақытты отбасы бүгінде ҚАЖ саласының үлгілі отбасылары қатарынан табылғандардың бірі.
«Бұл апаларымыздың барлығы да ҚАЖ саласының дамуына өз үлестерін қосып, түзеу мекемелерінде көпжылдан бері білікті мамандар тәрбиелеп шығарған мықты тәлімгерлер, өз ісінің мамандары. Сонымен қатар, олар тек қызметкерлердің ғана емес, түзеу мекемелерінде ақылы жұмыстар жасайтын сотталғандардың да жалақысының уақытылы түсуін қамтамасыз ету, сотталғандардың сот өндірісі бойынша шығындарын аудару секілді т.б. жұмыстарды жоғары жауапкершілікпен атқарып келетін ұжымға сыйлы жандар»,- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бас есепшісі әділет лейтенанты Альбина Жабасова.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бас есепшісі әділет лейтенанты Жабасова Альбина Нығметқызы алғашқы еңбек жолын департаментке қарасты №8 түзеу мекемесінен бастап, бүгінде департаменттің бас есепшісі лауазымын жоғары жауапкершілікпен атқарып жүрген екі баланың анасы, аяулы жар.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қаржымен қамтамасыз ету бөлімшесінің жетекші маманы Айбасова Айсұлу Әміржанқызының да осы салада жұмыс атқарып келетініне 6 жыл. Оқу орнын бітірісімен, мамандығына байланысты ҚАЖ саласын таңдаған Айсұлу да болашағынан зор үміт күттіретін жас маман.
ҚАЖ саласының дамуына өзіндік үлес қосып келетін олардың әрқайсысы Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті жеке құрамының мақтаныштары.
Гүлфайруз Төремұратова,
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы,
Фотолар автордыкі
[xfvalue_img]
21 пікір