Ақтөбеде пробация қызметтерінің есебіндегі сотталғандар шағын футболдан өткен турнирде жеңіске жетті
Актөбе қаласының Астана және Алматы аудандық пробация қызметтері облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, қала жастары және пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған жастар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырды. Ақтөбе қаласындағы «Ұ.Құлымбетов атындағы №64 жалпы білім беретін орта мектептің» спорт алаңында өткен турнирге барлығы 4 команда қатысты.
«Пробация қызметкерлерінің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – пробация есебінде тұрған жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра отырып, салауатты өмір салтын насихаттау, олардың бос уақыттарын үнемді өткізуге бағыттау»,- дейді Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.
Турнир қорытындысы бойынша, I орынды Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардан құралған «Астана» командасы жеңіп алса, II орынды Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардан құралған «Алматы» командасы иеленді. Ал III орынды жастар ресурстық орталығының жастарынан құралған «ЖРО» командасы қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Мусиннің атынан ойында белсенділік танытқан «Астана» командасының қатысушылары «Үздік қақпашы» және «Үздік қорғаушы» дипломымен марапатталса, «Алматы» командасының қатысушысы «Үздік шабуылшы» дипломымен марапатталды.
Фото: Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД
[xfvalue_img]