Маңғыстау облысына мал азығын тасымалдауға берілген теміржол тарифі 2021 жылдың соңына дейін ұзартылды
Маңғыстау ауданына жасаған жұмыс сапарының екінші күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ұштаған, Онды, Жармыш және Шетпе ауылдарын аралап, әлеуметтік-экономикалық даму жайымен танысты,-деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінде аудандағы Жарма, Сазды елдімекендеріне құмның астында қалу қаупі төніп тұр. Аймақ басшысы жауаптыларға жақын арада құм көшкінін тоқтату жұмыстарын бастауды тапсырды. Нұрлан Ноғаев бұл жұмыстарға көп кешіктірмей жергілікті бюджеттен қаржы бөлу керектігін айтты.
Сондай-ақ, облыс әкімі бірнеше ауылдық дәрігерлік амбулаторияны аралап, медицина қызметкердерімен кездесті. Бүгінде аудан халқының 66,6 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алған. Аймақ басшысы екпенің маңыздылығы жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Шетпе ауылында Нұрлан Ноғаев жақында іске қосылған түрік технологиясымен қызанақ өсіретін ірі жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Жылына 150 тонна өнім беретін жылыжай болашақта өңірдегі азық-түлік қорын молайтуға мүмкіндік бермек.
Облыс әкімі қазақтың кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбаевтың туған жері Онды ауылындағы қаламгердің атындағы мектепке де барып, Әбіш Кекілбаев музейімен танысты.
Өңір басшысы аудан ақсақалдарымен де жүздесті. Ардагерлердің ұсыныстарын тыңдап, аймақтың даму жоспары жайында әңгімеледі.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аудан активімен жиын өтті. Оған ардагерлер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен мемлекеттік орган басшылары қатысты.
Аудан тұрғындары мен қоғам белсенділері әкімге сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстардың басым бөлігі мал азығына қатысты болды. Облыс әкімі Президент тапсырмасына сәйкес Үкіметтің Маңғыстау облысына жем-шөп тасымалдауға берілген теміржол тарифін жыл соңына дейін ұзартқанын жеткізді. Осылайша бір вагонды тасымалдау бағасы 400-ден 100 мың теңгеге дейін төмендетілді, бұл мал азығының өзіндік құнын төмендетуге айтарлықтай әсер етпек.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының мүмкіндіктері қызықтырды.
- Елбасы мен Президенттің тапсырмаларына сәйкес, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлікпен айналысқысы келген ауыл тұрғындарына көмек көрсетуде. Біз жұмыс орындарын құрып, өз ісін дамытқысы келетін тұрғындарды қолдаймыз. Сондай - ақ, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке ынталандыру, оларға өз құзыреті шеңберінде жағдай жасау – ауыл әкімдерінің міндеті екенін атап өткім келеді. Аудандар мен ауылдардың әкімдері халықпен жиі кездесіп тұруы қажет. Жергілікті билік халықпен тығыз байланыс орнатып, түйткілді мәселелерді бірлесіп шешуі тиіс,-деп тапсырды Нұрлан Ноғаев.
Жиналысты қорытындылай келе Нұрлан Ноғаев халықтың барлық ұсыныстары мен сұраныстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан жинақталып, маңыздылығына қарай кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
[xfvalue_img]