Мемлекеттік қызмет: мансап және мақсат.  Жүйені жетілдірген оң өзгерістер

Мемлекеттік қызмет: мансап және мақсат. Жүйені жетілдірген оң өзгерістер

 

Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында мемлекеттік аппарат Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған маңызды міндеттер мен азаматтардың сұраныстарына сай қызмет ете отырып, өзінің жаңа келбеті мен мәдениетін қалыптастырды. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Конституциясында ұлттық құқықты дамытудың негізі қаланды, мемлекеттік құрылым мен басқару нысаны, билік тармақтарының құрылымы анықталды, азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу құқығына алғаш рет кепілдік беріліп, ресми қолданысқа «мемлекеттік қызмет» термині енгізілді.

Көп ұзамай осы саланы реттейтін бірінші арнайы нормативтік құқықтық акт – Елбасы 1995 жылғы 26 желтоқсанда қол қойған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң күші бар Жарлық қабылданды. Ол мемлекеттік қызметтің қағидаттарын, мемлекеттік лауазымдар иерархиясын белгілеуге, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік кепілдіктерін анықтауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік қызметтің басты құжаты заман ағымына сай үнемі жетілдіру үстінде.

Мемлекеттік басқару жүйесін іске асыру мен дамыту мақсатында Елбасы Жарлығымен 1998 жылы еліміздің Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін дербес уәкілетті мемлекеттік орган – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Оған мемлекеттік қызмет заңнамасы мен жүйесін жетілдіру, оның қызметкерлерінің еңбегін ұйымдастыру; мемлекеттік аппарат кадрларының жай-күйін мониторингілеу мен оны оқыту, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру; мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың (қызмет этикасы ережелерінің) сақталуын бақылау сияқты функциялар мен өкілеттіктер берілді. Осылайша посткеңестік кеңістікте алғаш рет Қазақстанда мемлекеттік органның әлеуметтік, құқықтық, кадрлық өзара іс-қимылының және оның қызметкерлерінің әлеуметтік-құқықтық қатынастарының барлық жүйесін үйлестіретін орган құрылды.

1999 жылғы 23 маусымда қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мен Агенттіктің нормативтік актілері негізінде мемлекеттік қызметшілер корпусы саяси және әкімшілік болып бөлінді, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің біліктілік талаптары айқындалып,  оларды аттестаттау, азаматтарды іріктеудің конкурстық жүйесі және олардың заңнаманы білуіне электрондық тестілеу енгізілді, мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттары бекітілді. Кейін осы институт одан әрі жетілдіріліп, әкімшілік қызметшілердің «А» басқарушылық және «Б» орындаушылық корпустары құрылды.

2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітіліп, "Үздік мемлекеттік қызметші" төсбелгісінің енгізілуі – мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуына зор үлес қосқан қызметшілерді анықтауға және оларды ынталандыруға мүмкіндік туғызды. Бүгінде Ақтөбе облысында аталған төсбелгімен 27 қызметші марапатталған.

 Қазір мемлекеттік қызметке орналасу төменгі лауазымдардан басталып, ал мансаптық сатымен ілгерілеу меритократия принципі бойынша тиісті дағдылар, білімі мен төменгі лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі болған жағдайда ғана мүмкін болып отыр. Өткен жылы Ақтөбе облысының мемлекеттік органдарында ішкі конкурсқа қатысушы мемлекеттік қызметшілердің 74,1%-ы меритократия қағидатымен жоғарылатылды.

Мемлекеттік қызметке кіру кезінде заңнаманы білуге тестілеу, құзыреттілікті бағалау және әңгімелесуді қамтитын үш сатылы іріктеу жүйесінен өту қажет. Сынақ мерзімі енгізіліп, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандардың кәсіби бейімделуі үшін тәлімгерлік институты бекітілді. Мемлекеттік органдағы кадрлық іс-қағаздарды электронды түрде бір жүйеге орталықтандыру және оңтайландыру мақсатында "Е-қызмет" ақпараттық жүйесі енгізілді. Мемлекеттік қызметке кадрлар іріктеу рәсімдерінің ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін байқаушылар мен сарапшылар институты енгізіліп, қашықтықтан әңгімелесу  жолға қойылды.

Меритократияны сақтауда және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде қызметшілердің этикалық стандарттарын анықтаған Этикалық кодекс ерекше орын алды. Әдеп жөніндегі Уәкіл институтын енгізу мен бұрынғы Тәртіптік кеңестерді Әдеп жөніндегі кеңестерге қайта құру жолымен этикалық нормалардың сақталуын бақылау жүйесі қалыптасты. Сыбайлас жемқорлық және этикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу оның негізгі бағыты ретінде айқындалды. Осы мақсатпен 2019 жылы қарамағындағылардың жасаған әрекеттері үшін мемлекеттік органдар басшыларының тәртіптік жауапкершілік институты енгізілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен  Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадрлық резервін құрды. Бұл жоба болашағы зор 300 қазақстандық жасты таңдап, оларды еліміздің түрлі салаларында жауапты қызметтерге тағайындауға мүмкіндік берді. Осы жоба аясында 12 ақтөбелік жас азамат Президенттік жастар кадрлық резервіне еніп, қазіргі таңда олар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда еңбек етіп жүр. Биыл аталған резервке 50 дарынды мемлекеттік қызметші іріктелетін болады.

Өткен жылы енгізілген өзгерістердің маңыздысы – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын ауылдық аппаратқа қолдану арқылы мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік қолдау күшейтілді. Жалпы, ауылдық жерлерде мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде есепші мамандарға сұраныс жоғары. Аталған әлеуметтік қолдау кадр тапшылығын жоюға, ауылдағы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Ақтөбе облысында Әйтеке би, Ойыл және Ырғыз аудандары ауылдық округтерінің мемлекеттік қызметшілері аталған әлеуметтік қолдауға ие болды.

Сондай-ақ, арнайы тексеру кезеңі мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліне енгізілді. Құқық қолдану практикасын ескере отырып, конкурстық процедуралар үш сатыдан екі сатыға дейін оңтайландырылды. Мәселен, бұрын үш сатылы конкурстық іріктеу шамамен 38 күн мерзімінде жүргізілсе, енгізілген өзгерістер нәтижесінде конкурстық іріктеулерге кететін уақыт 25 күн мерзіміне дейін қысқартылды. 

 Сонымен қатар, «А» корпусының кадрлық резерві жойылып,  Президенттің шешімімен жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға біліктілік талаптары бекітілді. Бұдан былай облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері мемлекеттік саяси лауазымдарға орналасу үшін үміткерлердің білімі, құзыреттері және жұмыс тәжірибесі бойынша бекітілген талаптарға сәйкес келуі ескерілетін болады. Оған қоса, мемлекеттік орган ішінде мемлекеттік қызметшінің тең дәрежелі лауазымға немесе осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған лауазымды атқарған жағдайда, жоғары тұрған лауазымға конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасуына мүмкіндік берілді. Осыған дейін бос лауазымдарға орналасу тек конкурс арқылы жүзеге асырылған болатын. Бұл жаңашылдық өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлердің мансаптық өсуіне мүкіндік туғызды.

Мемлекеттік қызмет барысында кәсіби әлеуетті тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің шарттары мен тәртібі қайта қаралып, ерікті ротациялауға жататын санаттар қатары айқындалды.

Мемлекеттік қызмет саласындағы осындай жүйелі іске асырылған оң өзгерістер мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртып қана қоймай, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру тұжырымдамасына сай кәсіби мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.

Әділбек МҰҚАШЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.