2021 жылдан бастап ғылыми зерттеулерді енгізген фермерлерді субсидиялау жоспарланып отыр – АШМ
Аграрлық ғылымды қаржыландыруға Үкімет алдағы 3 жылға 50,4 млрд. теңге бөледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді
«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық ғылымды дамыту және заманауи ауыл шаруашылығы үшін жоғары білікті мамандар даярлау міндетін қойды. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде әлемдегі фермерлердің шамамен 70%-ы білімнің жетіспеушілігінен ашқан істерін жабуға мәжбүр. Бұл оқу және біліктілікті арттыру мүмкіндігінің жоқтығымен де, аграрлық ғылымның дамуымен де байланысты», - деп атап өтті министр.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК субъектілері үшін білім беру қызметтерін ұсыну тәсілдерін қайта қарады. Осы мақсатта «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ еншілес ұйымдарының құрылымы өзгертіліп, қазір халықаралық стандарттар талаптарына және бизнес қажеттіліктеріне бағдарлануға толық жауап береді. Республиканың ғылыми-зерттеу институттарының, тәжірибелік станцияларының, тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтарының базасында 22 білім беру орталығы құрылды, тұрақты консультациялық орталықтар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, аграрлық ғылымды қаржыландырудың жеткіліктілігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылы Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясы алдағы 3 жылға бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 50,4 млрд. теңгені мақұлдады. Бұл қаражат осы уақытқа дейінгі үш жылдыққа бөлінген қаражатпен салыстырғанда 2,3 есе көп. Бюджеттен бөлінген қомақты қаражатқа 10 басым бағыт бойынша (өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және т.б.) 36 ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу жоспарлануда.
«Бизнестің отандық ғылыми зерттеулерге сұранысын қамтамасыз ету және кәсіби кадрлар тапшылығын шешу үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық негіз жасалды. Сонымен, екі ірі аграрлық Жоғарғы оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті «зерттеу университеттері» мәртебесіне ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», - деді С.Омаров.
Сонымен қатар, Сапархан Омаровтың ақпараты бойынша, келесі жылдан бастап АӨК субъектілерінің ғылыми зерттеулерін енгізуге арналған шығындарды субсидиялау жоспарлануда. Бұл қазіргі заманғы технологиялар мен инновацияларды енгізу үшін қосымша экономикалық ынталандыру, сондай-ақ бизнес пен ғылымның ықпалдасуын қамтамасыз етеді.
[xfvalue_img]