Мемлекеттік мекемелердің атынан QR-кодтары бар алаяқтық хаттар қайта таралып жатыр
Қыркүйекте компанияның қорғаныс жүйелері осындай 800-ден астам хатты бұғаттады
«Лаборатория Касперского» сарапшылары компаниялардың электрондық поштасына мемлекеттік мекемелердің атынан жіберілгендей көрінетін алаяқтық хаттар қайта таралып жатқанын анықтады. Алаяқтар қызметкерлерге QR-коды бар хат жібереді. Кодты сканерлеген адам жалған сайтқа өтеді. Онда оған жіберілгені айтылған құжаттарды қадағалау немесе алу үшін аздаған ақша төлеу ұсынылады. Мұндай хаттар әртүрлі саладағы компанияларға келуі мүмкін. Алаяқтар түрлі сылтау ойлап тауып, ресми мекемелердің электрондық пошта мекенжайларына ұқсас мекенжайларды қолданады. Олардың мақсаты – «пошта қызметінің ақысы» деген желеумен ақша алу. Осындай хаттар көктемде де байқалған. Ал 11 қыркүйектен бері «Лаборатория Касперского» компаниясының қорғаныс жүйелері мұндай 800-ден астам хабарламаны бұғаттады.
Алаяқтық қалай жүзеге асады? Компанияның электрондық поштасына мемлекеттік мекеменің өкілінен келгендей хат түседі. Онда, мысалы, алдағы тексеру туралы айтылып, белгілі бір ақпаратты ұсыну талап етіледі. Тексерудің егжей-тегжейі мен жауапты адамның байланыс деректері арнайы жеткізу қызметімен жіберілген құжаттарда көрсетілгені жазылады. Сол құжаттарды алу үшін QR-кодты сканерлеу ұсынылады. QR-код хаттың өзінде сурет ретінде немесе ресми құжатқа ұқсатып жасалған PDF-файлда болуы мүмкін.
QR-кодты сканерлеген соң не болады? Адам пошта жөнелтілімін қадағалайтын қызметке ұқсатып жасалған жалған сайтқа өтеді. Онда жіберілгені айтылған құжаттар туралы мәлімет көрсетіліп, оларды алу үшін аздаған ақша төлеу керектігі жазылады. Төлем жасауға көшкенде төлем қызметінің сайтына ұқсас тағы бір жалған бет ашылады. Ол жерде банк картасының нөмірін, жарамдылық мерзімін, CVC-кодын, сондай-ақ телефон нөмірі мен карта иесінің аты-жөнін енгізу сұралады. Осылайша алаяқтар төлемді алып қана қоймай, адамның банк картасының деректерін де иеленуі мүмкін.
«Осындай хаттар туралы көктемде де айтқан едік. Қазір, іскерлік маусым қызған кезде, олардың қайта көбейгенін көріп отырмыз. Алаяқтар хаттарды мұқият дайындайды: ресми мекемелердің интернет мекенжайларына өте ұқсас домендерді пайдаланады, ресми хаттардың стилін қайталайды және жалған құжаттар жасайды. Мұндай тәсілдер көбіне APT-топтардың зиянды хаттарында кездеседі. Бірақ бұл жолы әңгіме қарапайым алаяқтық туралы болып отыр. Адамды түрлі сылтаумен аздаған ақша төлеуге көндіреді. Соның нәтижесінде ол ақшасынан айырылып қана қоймай, банк картасының деректерін де алаяқтарға беріп қояды», – дейді «Лаборатория Касперского» компаниясының аға спам-талдаушысы Анна Лазаричева.
Мамандар мемлекеттік мекемелердің атынан келген хаттарға сақтықпен қарауға кеңес береді. Әсіресе хатта QR-код болса, шұғыл әрекет ету немесе ақша төлеу талап етілсе, абай болу керек.
Хатты жіберушінің электрондық пошта мекенжайы мен доменін міндетті түрде тексерген жөн. Қажет болса, мәліметті мекеменің ресми байланыс арналары арқылы нақтылау керек. Күтпеген хаттағы QR-код арқылы ашылған сайтқа банк картасының деректерін енгізбеңіз.
Компанияның электрондық поштасын қорғау үшін QR-кодтарды тексеріп, фишингтік сайттарды анықтайтын арнайы шешімдерді пайдалану ұсынылады. Мысалы, пошта серверлеріне арналған Kaspersky Security өнімі.Kaspersky Security
[xfvalue_img]
