Марат Қарабаев ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесті
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесіп, оның барысында екіжақты сауда-экономикалық әріптестіктің перспективалары талқыланды.
Атап айтқанда, кездесуде көлік-транзит, азаматтық авиация және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері қаралды. Оның ішінде жаңа индустриялық өндіріс орындарын құру және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жолдары қозғалды.
Бұған қоса кездесу барасында тек 2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорттық-импорттық және транзиттік жүк тасымалдарының жалпы көлемі 3 млн тоннаға артқаны ерекше атап өтілді.
Марат Қарабаев айтқандай, жыл сайын аталған елдер арасында 50 мыңнан артық жүкті көлікпен тасымалдау бойынша рұқсат бланкілері тең жағдайда өзара алмастырылып келеді.
«Рұқсат құжаттарымен алмасу процесін жеңілдетіп, мемлекеттеріміздің автотасымалдаушыларының қолайлығы үшін оларды цифрландыруды ұсынамыз», деді Марат Кәрімжанұлы.
Сонымен қатар екі елдің шалғайдағы өнеркәсіптік және теңіз порттары орналасқан өңірлерге жүк тасымалын қамтамасыз ету үшін қосымша маршруттарды белгілеу ұсынылды.
Бұдан бөлек ҚР ИИДМ басшысы тұрақты авиарейсті ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендігін айтты. М.Қарабаевтың айтуынша, биылғы көктем-жаз аралығында аптасына 24 рейске дейін іске асыру көзделген.
Кездесудің қорытындысына сәйкес екі мемлекеттің ресми өкілдері іскерлік әңгімеге ризашылықтарын жеткізіп, өзара тиімді әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]