Есептегі азаматтар шеберханада жұмыс жасайтын болады
Қызылорда облысы әкімдігінің қаулысымен 2001 жылы ашылған «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған» мекемесі өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарға және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен пробация қызметі есебінде тұрған сотталғандарға қызмет көрсетеді. Бүгін осы орталық жанынан шеберхана ашылды. Шеберхана осы орталықтағы азаматтарға және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен пробация қызметі есебінде тұрған сотталғандарға арналған. Олар шеберханада ағаштан түйін түйіп, темірден түрлі бұйымдар жасаумен айналысады. Қазіргі таңда орталықта 39 азамат болса, оның 5-еуі пробация есебіндегі азаматтар.
«Туған- туыстарымен қатынасы, үй-күйі жоқ түзеу мекемесінен босатылған азаматтар осы орталықта бір жылға дейін тұрады. Орталық мамандары азаматтарға психологиялық, медициналық, экономикалық, мәдени, құқықтық, еңбек терапиясы, тұрмыстық көмек көрсетеді. Бүгінде пробация есебіндегі 5 азамат осы орталықта. Енді осы шеберханада есептегі азаматтарда жұмыспен қамтылатын болады. Шеберханаға шикізаттарды «Pro bono» қоғамдық қоры жеткізуде»,- деді қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары әділет майоры Д.Балғабаев.
«Мен қаладағы ЗК-169/5 түзеу мекемесінен жазамды өтеп, босатылған соң баратын жерім болмағандықтан, осы орталыққа келдім. Орталықта үш мезгіл тамақ пен төсек-орын беріледі. Қазір пробация есебіндемін, уақытылы пробациялық тіркеуге барып тұрамын. Дәнекерлеуші мамандығым бар. Орталықтың ашқан шеберханасында дәнекерлеуші болып жұмыс жасайтын боламын. Пробация қызметі де біздің қоғамға бейімделіп кетуімізге көмек көрсетіп жатыр. Орталық қызметкерлері мен пробация инспекторларына алғысым шексіз»,- деді есептегі азамат.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
[xfvalue_img]