Есепте тұрған азаматтар арасында спорттық шара өтті
Жалағаш аудандық пробация қызметі, «Pro-bono» қоғамдық қорымен бірлесіп, аудандық полиция басқарамасының спорт алаңында пробация қызметі есебіндегі сотталғандар арасында жүгіру, секіру, лақтыру, жаттығуларынан біріккен спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырды.
Қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түріне сотталған және түзеу мекемелерінен босатылған сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу мақсатында өткізілген жарысқа есептегі 10 сотталған қатысты. Екі командаға бөлінген «Қыран» және «Лашын» командасы жарыс көркін қыздырды. «Лашын» командасының қатысушылары жүгіруден, секіруден жылдам қимылдап, оқ бойы озық шығып, жеңімпаз болды.
«Пробация есебіндегі азаматтармен түрлі деңгейлердегі спорттық жарыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып тұрамыз. Бүгінгі шараға қатысушылардың барлығы да белсенділік танытып, өздерінің спортқа деген оң көзқарастарын көрсете білді.Салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған игі шаралар да алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады» - деді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет аға лейтенанты М.Тұрымбетов.
«Бүгінгі спорттық шара өте қызықты өтті. Ұйымдастырушыларға алғысым зор. Осындай сайыстар жиі-жиі өткізіліп отырса деймін. Өз басым қоғамдық шараларға белсенді түрде қатысуға тырысамын» - деді есептегі сотталған.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
[xfvalue_img]
22 пікір