Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде дамуы....
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «Іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімі республикамыздың барлық соттарында қолданылады. Қазір іс қағаздарын жүргізу номенклатурасына сәйкес жүргізілетін кітаптар, есептік карточкалар, сот тәжірибесінің талдаулары, жедел кеңес және семинар сабақ хаттамалары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен қатар сот ғимаратында ілінген үлгі, ережелерден бастап, ілеспе хаттар, шығыс құжаттары, ішкі қызмет тілі, барлық жұмыс жоспарлары, ұйымдастырылатын іс шаралар, түгелдей дерлік қазақ тілінде жүзеге асырылуда. Қазіргі заман талабына сәйкес Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесімен жұмыс істеу кең ауқым алып отыр. Осы бағдарлама бойынша сот кеңсесіне келіп түскен құжаттардың қай тілде болғанына қарамастан, тиісті ұяшықтарды мемлекеттік тілде толтыру қалыптастырылды.
Алайда, Жергілікті соттарда мемлекеттік тілде қаралған істердің жалпы саны әлі төмен. Мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа ұйымдармен кәсіпорындардан сотқа жүгінгенде талап арыздар мемлекеттік тілде емес, яғни, дауласушы тараптардың басым бөлігі сотқа талап арыздарды орыс тілінде беруде. Мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілінен айналып өтуге тырысады. Заң қағидасына сүйене отырып, сот жүйесі мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа ұйымдар мен кәсіпорындардан талап арыздарды сотқа мемлекеттік тілде тапсыруды сұрауды жалғастыруда.
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазірігі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.
Орал қаласының №2 сотының бас маман - сот отырысының хатшысы А. Орынова
[xfvalue_img]