Рухани жаңғырудың жарқын жолы
Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Сөз жоқ, «Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым кешелі-бүгін ғана емес, Мемлекет басшысының ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тартылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп-жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз.
Осы кезеңдерге дейін еліміздегі жүзеге асырылған ірі-ірі жобалар мен стратегиялық бағдарламалардың дені саяси-әлеуметтік, экономикалық ендіктерге құрылған болатын. Бәрі де рет-ретімен және өте сәтті жүзеге асырылып келді. «Ең бірінші экономика, содан кейін саясат» деген басқару жүйесін Елбасы тегін айтқан жоқ.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі. Ұлттық дамуымыздың негізгі тірегі болар осы үш концепция сөзсіз бір-бірімен сабақтасып, тамырласып жатқан идеялар.
Өз алдымызға жеке отау құрып, бабалар аманатына қол жеткізіп, шекарамыздың бәрін айқындап жаңа тұрпатты тәуелсіз мемлекет құрдық. Алыс-жақындағы алып елдермен саяси-әлеуметтік, экономикалық және рухани қарым-қатынасты жолға қойдық. Бұл, әрине, бір ауыз сөзбен түйіп айтуға ғана оңай. Әйтпесе, тәуелсіздіктің осы ширек ғасырында қаншама қиындықтар, шиеленістер, күрмеуі қиын әлеуметтік және ұлттық мәселелермен бетпе-бет келгенін іштеріңіз сезеді. Сол бір қысталаң кездерде көшімізді сүріндірмей, қайығымызды қайрандатпай осы кезге дейін жеткізген ел Президентінің сарабдал саясаты екенін баршамыз жан жүрегіміз сезіндік, сезініп те келеміз.
Біз қақпа-тереземізді жауып алып, есігін іштен іліп отырған ел емеспіз. Елбасы алғашқы сәт-сағаттардан бастап-ақ жаңа даму жолына түскен елдің көшін алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынас және бейбіт өмір сүруге бағыттады. Төрт тараппен еркін байланыс орнатып жатқан соң жайын ауыздай жаланған жаһандану дәуірімен бірге келген сан түрлі құбылыстардан бас тарта алмайсың. Сондай кездері, рас, түрлі діни ағымдар мен ұлттық жадымызға, жан дүниемізге қайшы келетін келеңсіздіктер дендеп еніп кетті. Мұндай жағдайларға табандап қарсы тұратын Президент айтқан – ұлттың рухани коды.
Ұлттың рухани коды дегеніміз не?
Ол – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұстанымымыз, білім-ғылымымыз, қоршаған ортамыз, қыл аяғы ошағымыз, отымыздың басы. Президентіміздің бағдарламаға құрылған мақаласында ендігі жерде біздің дамуымыздың негізгі бағыттары болатын алғышарттар нақтылы көрсетілген. Елбасы «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?» деген сауалды жалпы бұқараға қоя отырып, «Мен еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім. Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын!» деп кесіп айтты. Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын нышаны! «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімнің «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты алты тармақ және «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімдегі ойлар мен идеялар ұлттық мемлекеттілікті нығайту мен сақтаудың айқын да нақты көрінісі.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асырылуын біз және Сіз болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте орындауымыз аса қажет.
Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, ол үнемі заман ағымына сай дамып отыратын тірі ағза тәрізді. Ол өмір сүру үшін əрқашанда бейімделуге қабілетті болуы шарт. Заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Алайда, жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылысты, түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсу үшін туындаған мүмкіндіктерді сақтап қалу, одан əрі нығайта түсу оңай емес. "Біздің басты күшіміз – бірлікте" - демекші, Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдыру басты жалпыға ортақ мақсат. Алдымызға қойған межеге жетуіміз үшін баршамыз жұдырықтай жұмылып, аянбай еңбек етуіміз керек. Сол кезде ғана алдағы асулар мен белестерді бағындыратындығымыз сөзсіз.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маман-сот мәжілісінің хатшысы
Айгерим Суеуова
[xfvalue_img]