Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша азаматтық істерді  қайта қарау институтының дамуы

Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша азаматтық істерді қайта қарау институтының дамуы

Аңдатпа

Заңды күшіне енген шешімдер, ұйғарымдар мен қаулылар жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін. Туындаған немесе орын алған, алайда олар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған, бұрын қаралған істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар заңдық фактілер шешімдерді, ұйғарымдарды және қаулыларды жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіз болып табылады.

Тірек сөздер: азаматтық құқық, құқықтық мәртебе, заң шығарушы үкімет, жаңадан ашылған мән-жайлар, сот актісі.

 

Қазақстан Республикасы өз егемендігін алып, жаңа демократиялық елдер қатарына қосылып, өзін әлемге таныту үшін және құқықтық мемлекет екендігін айқындау үшін құрылымы жағынан жаңарту бағытын ұстап келеді.

Іс жүзінде жиырма жылдан астам уақыт бойы күннен-күнге біз сіздермен жаңа елді құру үстіндеміз. Ашық та өркенді елді. Жылдан-жылға қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара түскен елді. Саяси тұрақты және өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен елді. Ешқашан және ешкім үшін сыртқы қатер көзі болмайтын елді.

Жуырда Қазақстан Республикасының Азаматтық және Азаматтық процестік кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сенаттың заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің қорытындысына сәйкес, заң жобасы "Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы" Конституциялық заңға сәйкес Қазақстандағы сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған.

Мемлекеттің құқықтық жүйесін мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қорғайтын бұқаралық құқық пен жеке мүдделерге қызмет етіп, оны қорғауды қамтамасыз ететін жеке құқыққа ауқымды бөліну процесі аясында жүріп жатыр.

Осымен байланысты жеке, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді байыпты үйлестірудің шұғыл қажеттігі сақталып отыр.

Соттар мен сот органдарының құзіреті мен қызметі жоғарыдағы заң актілерімен өзгертіліп, бекітілгеннен кейін сот өндірісі де өзгерді. Қабылданған заң актілеріне сәйкес жоғарғы соттың судьялық алқалық өкілеттігі кеңейіп, аймақтық соттарды, бірінші сот инстанциясының шешіміне шағымданудың апелляциялық, кассациялық инстанцияларының қажеттілігі үлкен.

Сонымен қатар, жаңадан ашылған мән жайлар бойынша занды қүшіне еңбеген шешімдер мен ұйғарымдардың заңдылығымен негізділігін тексеру жатады.

Белгілі бір істерді қараудағы соттың жіберген жетіспеушіліктерді көрсете отырып жоғарғы инстанциядағы сот құқықтың нормаларын дұрыс түсінуге және қолдануға ықпал етеді.

Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау азаматтық процестің дербес сатысы болып табылады және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 57-тарауының нормаларымен реттеледі. /1, 159 бет/

Сот істі қараған кезде болған мән-жайлар, бірақ арыз берушіге сот актісі шығарылғаннан кейін белгілі болған мән-жайлар жаңадан анықталған мән-жайлар болып табылады. Соттың шығарылған сот актісімен салыстырғанда өзгеше сот актісін шығаруға әсер етуі мүмкін мән-жайлар маңызды мән-жайлар болып ұғынылады.

Жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау азаматтық іс жүргізудің ерекше сатысы, себебі, онда азаматтық процестің басқа сатысына тән емес негіздердің жиынтығы бар. Ерекшелігі мыналарды қамтиды:

- заңды күшіне енген сот актілері ғана қайта қаралуға жатады;

- мұндай сот актілері АІЖК 476-бабында толық көрсетілген негіздемелер бойынша ғана қайта қаралады;

- сот актілерін шығарумен аяқталған істі қарауға қатысқан тұлғалар ғана арыз бере алады;

- қайта қарауға арыз берілген, сот актісін оны шығарған сот қана қайта қарауды жүзеге асырады;

- істің мән-жайы үшін айтарлықтай маңызы бар, істі қарау кезінде бар болған, бірақ арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі бола алмаған мән-жайлар;

- сондай-ақ АІЖК 476-бабында көрсетілген өзге де негіздер жатады.

Заңды күшіне енген мынадай сот актілері:

- бірінші сатыдағы соттың шешімі;

- іс бойынша өндірісті қысқарту туралы сот ұйғарымы;

         - төрелік соттың (арбитраждың) шешіміне шағымдану туралы және төрелік соттың (арбитраждың) шешімін мәжбүрлеп орындау туралы арызды қарау нәтижелері бойынша соттың ұйғарымы;

- бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген немесе жаңа шешім шығарған апелляциялық не­месе кассациялық сатыларының ұйғарымы, ше­шімі, қаулысы жаңадан анықталған мән-жайлар бо­йынша қайта қаралуы мүмкін.

Бірінші сатыдағы соттың өзге сот актілері (мы­салы, талап арызды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым, талап арызды кері қайтару ту­ралы ұйғарым, іс жүргізу мерзімін қалпына келтіру туралы немесе қалпына келтіруден бас тар­ту ту­ралы ұйғарым, сот шешімін түсіндіру ту­ралы ұй­ғарым, жеке ұйғарым және тағы басқа) жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарал­май­ды.

Заңды күшіне еңбеген сот актісіне жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз беруге жол берілмейді.

Заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз АІЖК 478-бабында көрсетілген негіздердің түпкілікті тізбесі шегінде берілуі мүмкін.

АІЖК 477-бабында көрсетілген негіздер болмаған жағдайда, заңды күшіне енген сот актілері, сот кассация тәртібімен ғана қайта қара­луы мүмкін.

Арызды іске қатысушы тұлғалар ғана (мы­салы, талапкер, жауапкер, олардың өкілдері, прокурор және басқа тұлғалар) бере алады.

Құқықтары мен міндеттері туралы мәселесі сотпен шешілген, алайда іске қатысуға тартыл­маған тұлғалар, заңды күшіне енген сот актісіне кассациялық тәртібімен шағымдануға құқылы. Сон­дай-ақ, егер арыз беруші материалдық құқық нор­маларын сот дұрыс қолданбады немесе АІЖК 196-бабында көрсетілген негіздер бойынша істің қара­луын кейінге қалдыру туралы өтініш бола тұра, сот істі қарап жіберді деген сілтемелер жасаса, он­да заңды күшіне еңген сот актілері жаңадан анық­тал­ған мән-жайлар бойынша емес, сот касациялық тәртібімен қаралады.

Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін тараптар арасында бітімгершілік келісім жасалып, оны сот бекітсе, алайда ол келісімге сәйкес даулы құқықтық қатынас бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттері сот актісімен салыс­тырғанда басқаша болса, онда олар жаңадан анықталған мән-жайлар болып табылмайды. Ондай бітімгершілік келісімнің шарттарын тарап­тар жеке дара орындауы тиіс, ал алғашқы сот актісін мәжбүрлеп орындату бойынша атқа­ру­шылық іс жүргізу “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы” Қазақ­стан Республикасы Заңының 20-бабы 1-тармағы 2) тармақшасына сәйкес қысқартылуға жатады. /2, 97 бет/

Арызға жаңадан анықталған мән-жайлардың болуын растайтын дәлелдемелер тіркелуі тиіс. Жазбаша дәлелдемелер тіркелген арыз сотқа істі қарауға қатысушы тұлғалардың саны бойынша беріледі.

Сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды, сот актісін шығарған сот қарайды. Мұндай соттар деп сот актісін шығарған бірінші сатыдағы соттың судьясы, сондай-ақ іс бойынша жаңа шешім шығара отырып, сот актісін өзгерту туралы немесе оны бұзу туралы қаулы шығарған апелляциялық немесе кассациялық сатысындағы соттың алқалы құрамы ұғынылады.

Апелляциялық, кассациялық сатыларының соттары өзгеріссіз қалдырған бірінші сатыдағы соттың шешімін қайта қарау туралы арызды осы шешімді шығарған сот қарайды.

Егер сот актісін қайта қарау туралы арызды сот актісін шығарған сот құрамына кіретін судья­лар оны дәлелді себептермен (демалыс, сырқат, өкі­леттігін тоқтату және тағы басқа) қарай алмаса, онда арызды осы соттың басқа судьялары қарай­ды. /3, 52 бет/

Заңның мәніне сәйкес, жаңадан анық­талған мән-жайлар бойынша сот актісі тұтастай қайта қаралатындықтан, сот актісінің жекелеген бөліктерін (мысалы, қарсы талап арыз бойынша сот актісін қайта қарау туралы, бір өндіріске біріктірілген бір немесе бірнеше талаптар бойынша қайта қарау туралы және тағы басқа) қайта қарау туралы арыз беруге жол берілмейді.

Бірінші сатыдағы сот актісін шығарған күні бар болған және өзінің мазмұны бойынша маңызды болып табылатын мән-жайлар, бірақ арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес мән-жайлар жаңадан анықталған мән-жайлар болып ұғынылады.

Сот отырысында зерттелген жағдайда шығарылған сот актісінің мазмұнына әсер ететін заңды фактілер маңызды мән-жайлар болып саналады. /4, 258 бет/

Тараптың қойылған талаптарға негіздеме ретінде дәлелдемелер бермеуі немесе талапқа қарсы арыз бермеуі, не тарап басқа тараптағы немесе үшінші тұлғадағы дәлелдерді талап етуге көмек көрсету туралы өтінішті сотқа бермеуі іске қатысушы тұлғаның іс жүргізу олқылықтары болып табылады. Мұндай іс жүргізу олқылықтары заңды күшіне енген сот актісін жаңадан анық­талған мән-жайлар бойынша қайта қарауға негіз болып табылмайды.

Сот актісі шығарылғаннан кейін туындаған мән-жайлар сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіз болмайды.

Соттың заңды күшіне енген шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары, егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі оларды шығару кезінде негізге алынған акт консти­туциялық емес деп таныған жағдайда, кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін болуына байланысты, арыз берушілерге жүгінудің нысанын таңдау құқығы берілуі тиіс. /5, 126 бет/

Арыз беру мерзімі АІЖК 480-бабында белгіленген ережелерді сақтай отырып АІЖК 476-бабында көрсетілген әрбір негіздерге қатысты есептеледі.

Арыз беру мерзімін есептеген кезде маңызды мәні бар және сот актісін шығарған күні объективті түрде болған, арыз берушіге белгілі болған немесе белгілі болу мүмкін болған заңды фактілерді ескеру керек.

Арыз беру мерзімін есептеуге арналған арнаулы ереже қарастырылмағандықтан, бұл мерзімді сот актісін шығару кезінде сот қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық Кеңесінің конститу­циялық емес деп тану туралы қаулысы ресми жарияланған күннен бастап есептеу қажет.

АІЖК нормаларымен арызды қарау мерзімдері белгіленбегендіктен, ол арыз берушіні және істі қарау бойынша сот отырысына қатысатын басқа да тұлғаларды тиісті түрде хабардар етуге, арызға тіркелген материалдарды және іс материалдарын зерделеу үшін жеткілікті, ақылға қонымды мерзімдерде қаралуы тиіс. Алайда бұл мерзім екі айдан аспауы тиіс.

Қорытындылай келе, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актісі бұзылғаннан кейін іс сот актісін шығарған соттың қарауына жатады.

Сот актісі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша бұзылған жағдайда іс АІЖК нормаларымен белгіленген ережелер сақталып қаралуы қажет.

Бұл заң ережесі сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы бірінші сатыдағы сотта сол сот актісін шығарған судья қарайды дегенді білдіреді. Егер арыз қаралатын уақытта бірінші сатыдағы соттың судьясы заңда қарастырылған негіздермен кеткен болса, онда арызды бірінші сатыдағы соттың кез-келген судьясы қарай алады.

Соттың сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қараудың тәртібі мен негіздемелері туралы АІЖК нормаларын сақтамауы жеке қаулы шығару үшін негіз болып табылады.

Істің қаралатын орны мен уақыты жөнінде тарапты тиісті түрде хабарламау сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша емес, апелляциялық немесе қадағалау тәртібімен қайта қарауға негіз болып табылады.

Борышкердің сот шешімін орындамау, қойылған талаптың мәні бойынша жаңа тұжырымдар сияқты жаңадан анықталған мән-жайлар болып табылмайды.

Егер апелляциялық сатыдағы сот, арыз беруші ұсынған дәлелдер жаңадан ашылған мән-жайлардың бар екендігін көрсетті деген тұжырымға келсе, онда сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қараудан бас тарту туралы сот ұйғарымын және сот актісін бұзып, істі мәні бойынша қарауға бірінші сатыдағы сотқа жіберілуі тиіс.

 

А.С. Турежанова,

Астана қаласы №2 Алматы аудандық сотының

бас маман-сот мәжілісінің хатшысы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.