Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

Белгілі француз ғалымы, мәдениеттанушы және философ Ж.-К.Леви-Стросстың біздің заманымызға қатысты «ХХІ ғасыр – гуманитарлық ғылымның ғасыры болады, әйтпесе ол мүлде болмайды» деп айтқан батыл болжамы бар. Осы тұрғыдан келгенде  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бірқатар гуманитарлық мәселелерді дер кезінде көтеріп отыр.

Өткен ХХ ғасыр Қазақстан үшін индустриализация дәуірі болып есептеледі. Кеңес Одағында жаппай индустриаландыру процессі жүргенімен, оның өркениетегі жолына сай, табиғатына лайықты модернизация сана болмысында орын алмады. Сондықтанда «индустраландыру» және «модернизациялау» категориялары кеңестік заман тәжірибесінде марксизм-ленинизм тұрғысынан түсіндіріліп («сананы тұрмыс билейді»), олардың Жаңа заман дәуірінен бері тарихи қалыптасқан құндылықтық және мәдени болмысы антогонистік ұғымдар ретінде күй кешті. Бүгінде индустриалдандырудың өз бетінше сананы модернизациялауға алып келмейтіндігін кеңестік тәжірибе толықтай дәлелдеп берді. Соған қарамастан жалаң индустрияландыруға ғана айырықша көңіл бөлініп, тәуелсіздік жылдары оның бірнеше сатысын бастан өткеріпте тастадық. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылғы жасаған халыққа Жолдауында Қазақстан бүгінде индустриаландырудың жаңа һәм 4-ші сатысына – үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өту керектігін жария етті. Көріп отырғанымыздай елімізде индустрияландыру процестері кезең-кезеңімен енгізіліп, жүйелі түрде қолға алынып жатқандығына қарамастан, күткендегіміздей түбегейлі ментальды өзгерістер орын ала қоймады. Алайда, индустриаландырудың осынау төртінші сатысы «алдымен экономика, одан кейін саясат» дейтін қазақстандық ұстанымның бүгінгі заман талабына сай ой сүзгісінен қайыра өтуіне қажеттілік, санада бетбұрыс жасауға сұраныс тудырып отыр. Сондай-ақ ел өміріндегі объективті өзгерістерде (экономикалық, әлеуметтік, демографиялық) ендігі кезекте гуманитарлық мәселелерді қозғауға толықтай пісіп-жетілгендігін көрсетіп отыр.

Қәзіргі заман мәселесін зерттеуші батыстық сарапшылардың пікірі бойынша әлемдік жүйенің  онтологиялық негізі интеграция мен прогресс идеяларынсыз қалыптасуы мүмкін емес. Интеграция идеясы бір жағы әлемдік жаһанданудың заманауи негізі болса, екінші жағы осы әлемге имманентті түрде плюрализм қасиетінің де тән екендігін қатар таниды. Қазақстанның рухани өмірінде осы күнге дейін жүргізілген модерниазациялық процесстер белгілі бір деңгейде осы талаптардың үдесінен шықты деуге болады. Аталмыш идеялар Қазақстанның ішкі (Қазақстан халқы Ассамблеясы), сондай ақ сыртқы қарым-қатынастарында (БҰҰ, ЕЫҚҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕЭО, ИКҰ, ҰҚШҰ, ЭКСПО-2017 және т.б.) ұтымды қолданылып келеді де. Ішкі саясаттан айтар болсақ, бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс істеуі – ұлттық-мәдени плюрализмге лайықты көңіл бөлетін озық конституциялық модельді қалыптастырды. Өз кезегінде БҰҰ тарапынан да оң бағаға ие болып отыр. Ал, мемлекетіміздің сыртқы қарым-қатынастағы көп векторлы саясаты мен интеграциялық процесстерде   белсенділік танытуы  Қазақстанның сенімді, бастамашыл және ынтымақшыл әріптес ретіндегі мәртебесін қалыптастырды. Бұл жетістіктер инвестициялық климатқа да әсер етпей қойған жоқ, отандық қаржы институттарын дамытуға мардымды үлес қосуда.

Алайда, осы идеялардың сәтті іске асуына мемлекеттілігіміздің іргесін қалаушы – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптастырған субъектаралық коммуникативтіліктің бай тәжірибесі, билер соты арқылы институцияланған бітімгершілік мінезі және ең бастысы бейбіт өмірден дәулетқұрушылық құндылықты көре білген дүниетанымы әсер етпей қойған жоқ.

1917 жылға дейін қалыптасқан орыс халқының тарихи мінезі мен империялық санасы,  деспоттық орталықтанған билікпен қарым-қатынас орнатудағы «этатизмге берілгендік», «репрессияға төзімділік» сияқты саяси сана элементтері – жаңа орнаған кеңестік биліктің мәніне ұласып, мазмұнымен біте-қайнасты. Мұны іліп әкеткен әйгілі маркстік-материалистік философияың «сананы тұрмыс билейді» деген қарабайыр (профанды) көзқарасы – өркениетті капиталистік құндылықтар жүйесінің суалып, біржақты талдануына, сөйтіп жуан жұдырыққа, бір ғана «шындыққа» негізделген қоғам орнатуға алып келді.

Адам өмірінің құны жоқтығы, мемлекет көксеген армандар мен мұраттарға жетуде кезекте тұрған құрбандықтар ретінде қаралуы кеңестік қоғамдық сананы «үміт пен үрейде» қатар ұстап қана қойған жоқ, ол сонымен бірге әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан, дәулетқұрушылықты негіздейтін, оның тынысын ашатын, әрекеті мен ойын ширататын рухани бағдарламаларына балта шауып, эволюциялық жолмен дамып келе жатқан модернизациялық процесстерді өрт тигендей етіп күйретіп кетті. Ағылшын философы Б.Расселдің тілімен айтқанда кеңестік мемлекет пен спарталық дүнитаным идеялық жақындығы бар құбылыстар еді. Мемлекет (қоғам) құру идеясын таңдау сұрағы қашанда  тағдыршешті мәселе болған.

Осындай ақтаңдақтарға толы кеңес тарихының тағылымы – модернизациялық өзгерістердің саяси-құқықтық санада да қатар жүріп, түптеп келгенде құқықтың ізгі идеяларына бағынған қоғамды орнатуды көздейді.

Қоғамдық сана тағайыны бойынша инструменталды (рационализм, атеизм), сипаты бойынша таптық (бай-кедей) мазмұнда қалыптасқан кеңестік Қазақстан үшінде азаматтық қоғам орнату сұрақтары әлі де күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе. Шын мәнінде «тарихи уақыт» сығымдауға көнбейтін, өзіндік жүріп өтер жолы бар, кездейсоқтық пен заңдылықтардан қатар тұратын бүтіндей әлеуметтік-мәдени құбылыс. Алайда соңғы ғылыми зерттеулерге сәйкес тарихи уақыттыңда заман ауанына қарай құбылып, өзгеріп отыратындығы мәлім болуда. Егер С.П.Капицаның сингулярлық теориясына жүгінер болсақ, адамзат жүріп өткен әрбір тарихи кезеңмен оны алмастырушы тарихи кезеңнің арасы ауысым сайын 2,73 есеге дейін қысқарып отырады екен. Демек қатып қалған һәм икемге келмейтін уақыт жоқ, алайда оны икемге келтіру эклектикадан алыс, механикалық зорлықтан ада болуы тиіс. Жүз жылдың үстінде Абай шәкірттері «уақыт» тақырыбына өлең жаза алмай қиналған болса, ХХ ғасыр бұл олқылықты түзетті. Уақыттың батыстық мәдениеттегі парқын біліп кетпесекте, тәртібін меңгердік. Әлеуметтік өмірідің өлшеміне айналдырдық. Соңғы мағынада уақыт категориясы қоғамдық оқиғалардың сандық және сапалық көрсеткіштеріне тікелей тәуелді, олардың жиілігінің һәм қалыңдығының өлшемі. Сондықтанда қазақстандық қоғамдық сананы модернизациялау бір жағы – тарихи уақытты механикалық сығымдаудан аулақ болуы тиіс болса, екінші жағы – тәуелсіздік жағдайындағы уақытты, оның төл құндылығына сай оқиғалар легімен толассыз байытып, түбінде жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнатуды көздеуі керек.

Модернизациялау процесі бір мезетте әр түрлі деңгейлерде жүруді қажет ететін, жүйелі өзгерістер енгізуді көздейтін кешенді құбылыс. Экономикалық, саяси, мәдени және құқықтық өзгерістер өз алдына жеке-жеке кеңірек тарқатыла түсуді, тереңірек тамыр жаюды көздеумен қатар, өзара тұжырымдамалық байланыстан ажырап қалмай, оны басты бағдар ретінде ұдайы назарда ұстап отыруды модернизацияның басы шарты ретінде қабылдаулары тиіс. Экономист-ғалымдардың пікірінше, модернизацияның типі «қуып жетуге» құрылған қазақстандық экономика үшін (себебі, 30 дамыған елдің қатарына ену мақсатын көздейді) ұзақ мерзімді әрі арзан несиелерді беру – инновациялық технологиялардың өндіріске енуіне оң әсерін тигізеді деп есептеледі. Әсіресе ішкі инвестицияны жұмылдыру, біртіндеп оның үлесін арттыру түптеп келгенде отандық өндірістің қалыпты дамуына жағдай туғызады. Осы орайда Елбасы мақаласында көтерілген «Туған жер» концепциясы республикалық және жергілікті масштабтағы іскер азаматтардың өңірлерге инвестиция салуын идеялық тұрғыдан ғана қолдап қоймайды, ол сонымен бірге ұйымдық-құқықтық тұрғыдан механизмдерін жетілдіре түсуді де болжайды деп есептейміз. Бұл дегеніміз кемінде салықтық жеңілдіктер мен шегерімдер жүйесін белгілеуді, жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастырушылық және моральдық қолдауды қамтуы тиіс. Рухани жаңғыруға кәсіпкерлердің, әсіресе шағын және орта кәсіп иелерінің қосатын үлесі де қомақты. Елімізде кәсібі дөңгелеген азаматтардың тәжірибелерін, іскерліктегі жолын, қиыншылықтары мен жетістіктерін баяндайтын көптеген кітаптар соңғы кездері баспа беттерінен жарық көруде. Мұндай жағымды құбылыстың отандық кәсіпкерлік рухты дамытуда үлесі орасан зор екендігі айтпасада түсінікті. Сол себептенде әрбір іскер азаматтың жеке тәжірибесімен бөліскен, сол жолда табысқа жеткізген рухани ұстанымдары мен көзқарастары өз алдына төбе-төбе кітап болып шығып жатса – рухани жаңғыруға қосқан тұщымды үлес сол болар еді. Мұндай игі істер легі түптеп келгенде ұлттық кәсіпкерліктің дүниетанымдық негіздері мен қағидаларын қалыптастырып, қазақтың кәсіпкерлік рухын бір жүйеге түсіреді деп есептейміз.  Жүйесін тапқан қазақ кәсіпкерлігінің жолы – іскер азаматтың қоғам алдындағы мерейін үстем қылып қана қоймайды, ол сонымен бірге өскелең ұрпақты кәсіпке баулуда таптырмас рухани азық, жолашар  құралға айналады.

Рухани жаңғыру дегеніміз тарихи тұрғыдан алғанда кез-келген модернизациялық процестің бастауында тұратын, кертартпа һәм тиімсіз сана болмысын күмәнға салып, керек болса раблеше әжулап, оны сергітуге бағытталған гуманитарлық һәм ұлттық жоба. Батыс еуропа ұлты мұндай жаңғыруды Қайта өрлеу дәуірінен бастады. ХV ғасырдың әйгілі скульптуры Микеланджеломен қашалған адамның жалаңаш мүсіндері («Давид», «Бостандықтағы құл» және т.б.) – «адамның – Адам» екендігін, өз алдына дербес гуманитарлық құндылық бола алатындығын паш етті. Тегеурінді өнер идеясы – көркем әдебиет образына, одан – құқықтанымға ұласып, нәтижесінде «Адам мен азаматтың құқықтары туралы Декларация» жарияланды (1789 ж., Франция). Орайы келіп тұрғанда айта кетуіміз керек,  италиандықтар өнерде ғана алға шығып қойған жоқ, ХV ғасырға тиесілі әлем ғалымдарының тең жартысы осы ұлт өкілдерінен еді.  Бұл модернизациямен қатар «егіздің сыңарындай» дамитын басты феноменнің бірі – ғылым екендігін көрсетеді деп есептеіміз. Түптеп келгенде рухани жаңғыру – гуманитарлық идеядан бастау алып, сана болмысында тергеуден өтетін, содан кейін барып қана қоғам өмірінің өзге қабаттарына жан бітіріп, әлемуеттік өмірдің шындығына ұласатын ментальды құбылыс.  Бір ғана адам образының сана сүзгісінен қайыра өтуі – еуропа ұлтын өнеркәсіптік төңкерістерге бастап, М.Вебердің тілімен айтқанда мәдени капитализмге алып келді. Сол себептенде Елбасы мақаласында көтеріліп отырған сұрақтар отандық гуманитарлық ғылым мен шығармашылық ойдың өзегіне айналып, ондағы адамның бейнесі қандай болмақ керектігі туралы идеялар мен көзқарастар жүйесі таным елегінен жүйелі түрде өтуі тиіс. «Ағымдағы қәзіргі заман» (белгілі социолог З.Бауман, Э.Гидденстің анықтамасы) адамымен қатар, қазақстандық ерекшелікке негізделген адам образын қалыптастыру, ойдың тезінен өткізіп, тұлғасын сомдау, оның практикалық мүмкіндіктері мен құндылықтарын көрсету, бостандықтарын шырамыту – түптеп келгенде болашақ ұрпақтың тағдырын анықтаумен пара-пар жауапкершілік мәселесі. Мұндай жауапкершілік барша қазақстандықтарды топтастыратын ортақ рухани құндылықсыз жүзеге асуы мүмкін де емес.

Сондықтанда, Елбасы мақаласындағы қазақстандық «рухани жаңғыру», кемінде өзара байланысты, бірін-бірі болжайтын келесідей төрт сұрақтың қисынын қамтиды деп есептейміз. Біріншіден – жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мұраты түбінде жетуіміз керек айнымас мақсатымыз болуы тиіс. Екіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды мемлекеттік тіл факторы негізінде құру мәселесі. Үшіншісі, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды құруда мемлекеттік тілдің интеллектуалды әлеуетінің жетіп-артылатын болуы және соған жағдай туғызу мәселелері. Төртіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамның «Мәңгілік ел» аталатын өркениеттік құбылысқа ұласуы үшін мемлекеттік тілде төл философиялық жүйені қалыптастыру міндеті.

ІІ. Мемлекеттік тіл – азаматтық қоғам орнатудың ұйытушы факторы.

2012 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев  «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» атты жасаған баяндамасында «Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл - дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды біріктіруші ядро ретінде ықпал ететін болады. Бұл үдеріс объективті түрде жүргізілуде» деді.

Жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мемлекеттің саяси басшылығының ғана емес, ол сонымен бірге бүкіл қазақстандықтардың ортақ арманы, азаматтық өремен таңдалған жолы болуы тиіс.

Бұл ретте, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көрсетіп бергендей, мемлекеттік тіл – қазақстандықтарды ұйытушы бірден бір факторға шынайы айналуы қажет. Онсыз, азаматтық ұлтты – қазақстандықтарды қоғамдық санада орнықтыру мүмкін емес. Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей дамудың тарихи сығымдалмаған һәм эволюциялық жолы. Мемлекеттілік пен мемлекет ұғымдарын «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы біте-қайнасқан мәндерге айналдырудың табиғи тетігі. Қазақстанның оқыс өзгерістерге бой алдырмай, сондай-ақ тамырын тәуелсіздіктің мұраттарынан тартатын басты жолынан да көз жазбай, елдің әлеуметтік-мәдени ерекшелігін, саяси ахуалын ескере отырып, азаматтық қоғам идеяларын кезең-кезеңімен, біртіндеп бекітуге кірісуі – мемлекеттілігіміздің баянды дамуының басты кепілі.

Әлемде соғыс өрті мен қақтығыстар өршіп тұрған осы күнгі елдердің бәріне тән ортақ бір белгі бар. Ол – шынайы азаматтық қоғамның пісіп-жетілмегендігі. Сол елдерді мекендеуші халықтардың арман-тілегі бір – азаматтық ұлтқа ұласып, ортақ мәмілеге негізделген бейбіт өмірді орната алмауы. Сондықтанда, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды орнату – мемлекеттің, бұқара халықтың және ең бастысы ғылым мен шығармашылық адамдарының қасиетті парызына айналуы тиіс. Бұл ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көрсетіп өткендей Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің айналасында топтасып, азаматтық ұлт болып ұюымыз қажет. Ол үшін барша қазақстандықтар, өз ұрпағының болашағын мемлекеттік тілге сеніп тапсыратындай жағдай салтанат құруы тиіс. Әлемдік ғылым мен білім жетістіктері мемлекеттік тілде қол жетімді болмай, ортақ отанымызда тұрып жатқан өзге де ұлт өкілдері ұрпағын қазақ тілінде оқытуға ыхтиярлы бола қоймайды. Мемлекеттік тілдің ғылым мен білім тілі ретінде дамытылуы – әрбір қазақстандық азаматтың экономикалық мүддесін оятып, бірінші кезекте осы бір прагматикалық үдеден шығатын замануи мәртебеге ие болуы тиіс. Бұлай болмайынша мемлекеттік тіл факторына ұйыған азаматтық қоғам орнату мұраты кейінге қалып, кешеуілдей береді. Интеллектуалды ұлт жобасы мен азаматтық қоғам идеялары – сайып келгенде бір арнаға тоғысатын, бірін-бірі толықтыратын қазақстандық әлеуметтік-мәдени құндылыққа айналуы тиіс. Азаматтық қоғам құрып, өмір сүру мұратының негізінде мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тіліне айналуын меңзейтін сарабдал саясат жатыр.

 

Судья Алматинского

районного суда                                                                         

Байменов Д.К.

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.