Петропавл тұрғыны қамаудан босап шыққан күні қайтадан заң бұзды
https://youtube.com/shorts/SfS7jaPaEnk?feature=share
Петропавлда рейд барысында полицейлер Айналма жолда 51 жастағы қала тұрғыны басқарған JAC автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары ер адамның небәрі екі апта бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын анықтады.
Ол бұған дейін мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталған. Сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырған. Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан ер адам сол күні қайтадан рөлге отырған.
Бұл жолы қала тұрғынына айыппұл төлеуге тура келді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның көлік басқарғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Полицейлер заң талаптарын елемеуге жол берілмейтінін атап өтті. Заң мен тәртіп әр адамның жауапкершілігінен басталады.
Жүргізушілер үшін жауапкершіліктің маңызы ерекше. Солтүстік Қазақстан облысында 10 ай ішінде 462 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 37 адам қаза тапты, 643 адам жарақат алды. Оның ішінде 443 жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің кінәсінен орын алып, 37 адам қаза тапты және 621 адам жарақат алды.
Көлік құралын басқару құқығынсыз рөлге отыру деректерін анықтау – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жұмыс бағыттарының бірі. Жыл басынан бері СҚО полицейлері көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған 335 жүргізушіні ұстады.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
