СҚО-да студенттер есірткі таратушылардың темір тордың арғы жағындағы өмірімен танысты
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, петропавлдық бірнеше колледждің студенттері үшін әйелдер колониясына экскурсия ұйымдастырды.
Мекеме аумағына кірмес бұрын жастарға нұсқаулық өткізілді, тыйым салынған заттардың бар-жоғы тесерілді. Тек содан кейін ғана 30 студенттің колония қызметкерімен бірге мекемеге кіруіне рұқсат берілді.
Іс-шара барысында болашақ шаштараздар, дәнекерлеушілер және басқа мамандыққа оқып жүрген жастар есірткінің заңсыз айналымы үшін сотталған екі қызбен кездесті.
ҚР ІІМ ҚАЖК-нің Петропавл қаласында орналасқан № 50 мекемесінде 20 жастағы қостанайлық екі қыз жазаларын өтеп жатыр. Олар әр жерге есірткі жасырғандары үшін 10 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Сақшылардың қолына түскен кезде екеуі де колледжде білім алып жүрген. Енді олар тек жеті жарым жылдан кейін ғана шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрай алады.
Қыздар оңай жолмен ақша табудың соңы немен аяқталатынын айтып берді. «Жақындарыңызды сыйлап, бағалаңыздар. Егер үйлеріңізде дау-дамай туындап жатса, алғашқы болып татулыққа шақырыңыздар. Ертеңгі күні алдында не күтіп тұрғанын ешкім білмейді», - деді қыздардың бірі.
«Ағаттық жасағандар туралы айтып қана қоймай, өмірдегі қателіктері жайлы олардың өз ауыздарынан есту маңызды деп есептейміз. Жастар іс-шара барысында жеңіл ақша таппақ болғаны үшін сотталған екі қыздың әңгімесін тыңдады. Нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу шеңберінде біз жария сот отырыстарын, колонияларға, наркодиспансерлерге экскурсиямен баруды ұдайы өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз», - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]