«Әлібекке рахмет!» - СҚО-да учаскелік полиция инспекторы адамдарды қар құрсауынан құтқарды
Демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері үшін жұмыс қыза түсті. Бұл жолы олар жолда омбы қарда батып қалған көлік жүргізушілеріне көмектесті.
Мамлют ауданындағы Дубровное ауылының сыртында бірден бірнеше көлік қар құрсауында қалған. Старомихайловка ауылындағы үйіне бара жатқан жергілікті тұрғын учаскелік полиция инспекторы Әлібек Өсіповке қоңырау шалды. Ол жерлестеріне көмектесу үшін «Қазавтожол» АҚ тракторларын шақырды. Қуанған ауыл тұрғыны видео түсіріп, алғысын айтуға асықты: «Үш сағат тұрдық, әйтеуір техника келді. Әлібекке рахмет!».
Қызылжар ауданында қызметтік «Нивасына» мініп тәртіпті қадағалап жүрген учаскелік инспектор Ақыл Байтеңізов Тепличное ауылында қарда батып тұрған Петропавл қаласы тұрғынының «ГАЗель» автокөлігін сүйреп алып шықты. Ал учаскелік полиция инспекторы Бахтияр Амангелдиев Архангельское ауылына ата-аналарына демалысқа бара жатқан жас отбасының темір тұлпарын қалың қардан қазып алып шығуға көмектесті. Учаскелік инспектор Жамбыл Оралбаев қарда батып қалған Соколовка ауылы тұрғынының «ВАЗ-2109» көлігін шығарып алмақ болды. Бірақ жол талғамайтын «Нива» автокөлігі бар Виноградовка ауылының тұрғыны Андрей Пантюховты шақыруға тура келді. Ал Ресей Федерациясының Сургут қаласынан үйіне келе жатқан ақмолалықтың жолдан шығып кеткен «Хонда» автокөлігін шығарып алу үшін полиция қызметкерлері Тамерлан Тастанбек пен Хамит Сәдуақасовқа жергілікті шаруа қожалығының директоры Виктор Редин трактор жіберді.
«Hyundai» көлігіне мініп екі ересек баласымен Көкшетау қаласына бара жатқан РФ азаматы «Астана — Петропавл» автожолының 346 шақырымында көктайғақтың кесірінен көлік тізгініне ие бола алмай жол жиегіне түсіп кеткен. Көлік жол үстінен 10 метрдей жерге ұшып кетіп, қалың қарда батып қалған. Оны СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Евгений Вишневский мен Алтынбек Омаров байқап қалды. Автокөлікті шығарып алу үшін жолдардағы тазалықты қадағалайтын ұйымның механизаторларына жүгінуге тура келді.
Бұл жолдарда болатын оқиғалардың тек бірнешеуі ғана. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді автомобиль жолдарының жабылуы туралы хабарламаларды бақылап отыруға, қысқы жолдарда өте мұқият болуға шақырады. Естеріңізде болсын, мұз бен әбден басылып қатқан қар тежеуді қиындатады. Алдыңыздағы жол дұрыс көрінбеген жағдайда, елді мекендердің маңындағы қауіпті учаскелерде және орман жолға жақын орналасқан жерлерде жылдамдықты төмендеткен жөн.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]