Тұрмыстық маскүнемдік, жол-көлік оқиғалары және киберқылмыс: СҚО полициясының бастығы халық алдында онлайн-есеп берді
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов Facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде халық алдында онлайн-есеп өткізді. Облыстық полиция басшысы 2022 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары туралы хабардар етіп, ішкі істер министрлігімен солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының алдына қойылған басым бағыттар мен жоспарлар туралы айтып берді.
Талдауға сәйкес, еліміздегі тіркелген барлық қылмыстардың кемінде 3 пайызы Солтүстік Қазақстан облысының үлесінде. Өңірдегі жедел жағдай тұрақты; соңғы 8 жыл ішінде қылмыстарды тіркеудің төмендегені байқалады. Дегенмен, бірқатар проблемалық мәселелер де бар, олардың бірі – тұрмыстық маскүнемдік. Өткен жылы мас күйде 676 қылмыс жасалған, бұл барлық тіркелген қылмыстардың 27%-ын құрайды. Тіркелген адам өлтірудің 29 фактісінің 26-сы мас күйде жасалған. Бұл денсаулыққа зиян келтіру фактілеріне, бұзақылыққа және адамға қатысты жасалатын басқа да қылмыстарға қатысты. СҚО полициясының есебінде алкогольдік ішімдіктерге тәуелді 3 мыңға жуық адам бар. 2022 жылы алкогольге тәуелді 219 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді.
Айдын Қабдұлдинов бүгінгі таңда киберқылмыстар қоғам қауіпсіздігінің жаһандық проблемасына айналғанын атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша облыста қылмыстың осы түрімен келтірілген шығын 537 миллион теңгеден асып түскен. Қаскөйлерді сәтті ұстау фактілері бар, алайда, тіркелетін әр төрт алаяқтықтың біреуі ғана ашылады. Мұның бірқатар объективті себептері бар. Сондықтан полицейлер күн сайын желіде қаржылық операцияларды орындау кезінде асықпау және жеке деректерін ешкімге бермеу туралы кең түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Ауылды жерлерде мал ұрлығын тіркеу 30%-ға азайды. Ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен бір жылда 39 жол-көлік оқиғасы орын алды. Жалпы, облыс жолдарында 382 жол апаты тіркелген, онда 48 адам қаза тауып, 531 адам жарақат алған. Полиция департаментінің бастығы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі болып табылатынын және апаттардың алдын алу жұмыстары жанданатынын атап өтті.
Цифрландыру, сервистілік, адам орталықтылығы, қоғаммен тығыз қарым – қатынас-облыстың бас полицейі солтүстікқазақстандықтарды барлық мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігін көздейтін қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын қалыптастыруға қатысуға шақыра отырып, полиция жұмысындағы бағыт туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Тікелей эфир барысында пайдаланушылардан түрлі салаларға қатысты бірқатар сұрақтар келіп түсті. Барлық сұрақтарға жауаптар берілді.
Полиция департаментінің бастығы апта сайын азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдайды. Жеке қабылдауға 8 (7152) 39-40-20 телефоны бойынша алдын ала қоңырау шалып, жазылуға болады.
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
19 пікір