Партия жас ақын-жазушылар арасында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізбек

Партия жас ақын-жазушылар арасында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізбек

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғыртудың негізгі басымдықтары көрсетілген. Бүгінде еліміз бойынша осы игі бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте, Елбасының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясы да белсенді әрекет етіп, нақты істерді қолға алды. Атап айтқанда, партия жас ақын-жазушылар арасында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізбек. Бұл жөнінде бүгін партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте мәлімдеді.

Аталған іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен бірге белгілі жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, публицист, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов және Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі Несіпбек Айт қатысты.

Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы мақаласының мәні мен маңызына тоқталып өтті. Ол бұл мақаланың ұлт тарихын танудың жаңа кезеңін бастап бергенін және біздің әлемдік өркениет пен жаһандық дамуға қосқан үлесімізді қайтадан зерделеп, дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейтінін айтты.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы өз мақаласында тарихи сананы жаңғыртудың негізгі басымдықтарын айқындап бергенін және оларды жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясының да белсенді қатысатынына назар аударып, «Ұлы дала» шығармашылық байқауының басталғанын жариялады.

– Бұл байқау Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және өткен аптада жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында айтылған идеялар мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталған қоғамдық іс-шара. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала жарияланғалы бері елімізде ауқымды талқылаулар өтуде. Бұл мақала еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға ретінде қабылданып, сол салаға тың серпін берді. Сондықтан мақалада айтылған басымдықтар тарихи санамызды жаңғыртуға мол мүмкіндік беретін маңызды қадам, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары тарихи сананы жаңғырту – ұлттық сананы қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі екеніне назар аударды.

– Елбасының мақаласы тарихи, ұлттық санамызды жаңғыртып, тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді одан әрі күшейтуге бағытталған үлкен еңбек. Осы басымдықтарды жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдар және саяси партиялармен бірге зиялы қауым өкілдері де белсене қатысқаны абзал. Сондықтан арнайы байқау жариялап, қоғамымыздың рухани жаңғыруына әсер ететін еңбектерді және тарихымыздағы ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттайтын шығармаларды қолдап, жаңа жұмыстардың жазылуына өзіміздің үлесімізді қосуды көздеп отырмыз. Бұл байқаудың форматы мен маңызын Жазушылар одағымен пысықтап, алдын ала талқыладық. Алдағы уақытта жас қаламгерлеріміз осы байқау арқылы Елбасының мақаласында айтылған құндылықтар мен идеяларды дәріптеуге және оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде жазушы Төлен Әбдік Елбасы партиясының әдебиетке көңіл бөлгені қаламгерлер қауымын ерекше қуанышқа бөлегенін айтты.

– Осындай байқау ұйымдастырып, әдебиеттің дамуына, жастардың көрінуіне мүмкіндік жасау біз үшін жақсы жаңалық болды. Осы ретте байқауға қатысатын шығармалар науқаншылыққа бой алдырмай, терең зерттеліп, сапалы жазылса деген тілегімді жеткізгім келеді, – деді Төлен Әбдік.

Ал мұндай байқаулардың әдебиетке берері мол екенін айтқан Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов осы жайында нақты мысал да келтірді.

– Өткен ғасырдың 60-70 жылдарына дейін қазақ әдебиетіндегі балалар әдебиеті кенжелеп қалған болатын. Бердібек Соқбақпаев, Сапарғали Бегалин, Мұзафар Әлімбаев сияқты қадау-қадау тұлғалар қалам тартатын. Ал 70-ші жылдары «Жалын» альманахы жарық көрді. Кейін «Жалын» баспасы ашылып, жыл сайын балалар мен жастарға арналған шығармаларға байқау жариялау дәстүрге айналды. Соның арқасында айналасы жиырма шақты жылдың ішінде қазақтың мықты балалар прозасы мен балалар поэзиясы қалыптасты. Бұл ешқашан ұмытылмайтын ерекше жағдай. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған істің міндетті түрде жақсы жеміс беретініне сенім білдіремін, – деді Сауытбек Абдрахманов.

Байқаудың басты мақсаты – рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарын дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және соған қолдау көрсету. Сондай-ақ өз шығармаларында еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстандықтардың дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олардың еңбегіне лайықты баға беру де көзделіп отыр.

Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады. Нәтижесінде «Проза», «Поэзия», «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериал сценариі», «Публицистика» және «Балаларға арналған шығарма» сияқты бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталмақ. Әр аталым бойынша жеңімпаз бен екінші және үшінші орын алған қатысушыға қомақты қаржылай сыйлық тағайындалған. Нақты айтқанда, әр аталымның жеңімпазына – 1,5 миллион, 2-орын иегерлеріне – 750 мың, ал 3-орын алған қатысушыларға 500 мың теңгеден беріледі.

Байқаудың басқа да шарттары туралы партияның ресми сайтында жарияланға байқау Ережесінде толық баяндалған.

Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы қашанда зиялы қауымға, ақын-жазушыларға, мәдениет пен өнер саласында тер төгіп жүрген барша азаматтарға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны белгілі. Өткен қазан айында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында партия мен Қазақстан Жазушылар одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындап алды. Соның негізінде партия ақын-жазушыларды қолдау мақсатында төрт бірдей жоба ұсынған болатын.

Яғни партия жас ақын-жазушыларымызды қолдау, оларды ынталандыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы байқау өткізуге, осы бағытта Жазушылар Одағымен бірлесіп «Астана» телеарнасынан көрсетілетін арнайы телебағдарлама дайындауға, қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен YouTube-те арнайы канал ашып, рухани жаңғырудың құндылықтарын насихаттауға және партиялық жобалар аясында жаңғыртылған еліміздегі кітапханаларда ақын-жазушылармен кездесулер өткізетін арнайы клубтар құруға мүдделі екенін білдірді. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы сол меморандумды іске асыру аясында қолға алынып отырған игі бастамалардың бірі.

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив