«Жастар Рухының» 3000 волонтері су тасқыны салдарымен күресуде

«Жастар Рухының» 3000 волонтері су тасқыны салдарымен күресуде

Еліміздің бірнеше облысын су басып, бірқатар өңірде төтенше жағдай жарияланды. Ондай аймақтарда құтқарушылар, жергілікті тұрғындар жұдырықтай жұмылып, ортақ іске атсалысуда. Олардың қатарында «Жастар Рухы» жастар қанатының 3 000-нан астам волонтері де бар.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, су тасқыны басталғалы бері құтқарушылармен қатар көмек көрсетіп, алдыңғы қатарда жүрген жастар саны артуда.

«Жергілікті органдар мен волонтерлер өзара тығыз жұмыс істеп жатыр. Апаттан зардап шеккен тұрғындарға қажет заттарды жедел жеткізу керек. «Жастар Рухы» жанынан еліміздің барлық өңірінде жедел әрекет ететін Республикалық волонтерлер штабы құрылды. Судан зардап шеккен тұрғындар немесе волонтерлер қатарына қосылам деуші жастар осы штабқа хабарласа алады. Еліміздегі барлық республикалық волонтерлік бірлестіктер жұмыла жұмыс істеуде. Олардың жұмысын «Жастар Рухы» жастар қанаты үйлестіріп отыр. Мәселен, жуырда Атырау облысына жеткен 30 тонна гуманитарлық көмекті «Жастар Рухы» мен Қазақстан студенттері Альянсы волонтерлері қабылдап алып, пункттерге жеткізді. Сондай-ақ «Dauletten» қайырымдылық қорымен бірге Солтүстік Қазақстан облысына керекті заттарды жөнелтпекпіз», – деді Ақерке Искандерова.

Су тасқыны басталғалы бері волонтерлердің бірлескен күш-жігері табиғи апат салдарын азайтуға, зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған. Атап айтсақ, халықты қауіпсіз орындарға көшіру, су бөгеу, өзен деңгейінің көтерілуіне жол бермеу үшін қапшықтарды құммен толтыру, гуманитарлық көмек жинап, оны үлестіру, құтқарушыларды ыстық тамақпен, шаймен қамтамасыз ету, су астында қалу қаупі бар үйлердің маңын қардан тазарту жұмыстары атқарылып жатыр.  

Сондай-ақ «Biz Birgemiz» қоғамдық қорының қолдауымен азық-түлікпен қатар электр жарығынсыз отырған ауылдарға генераторлар да жеткізілді. Осы тұста айта кететін жайт, гуманитарлық көмекті тез әрі дереу жеткізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақпен қамтамасыз етті. Әуе жолы арқылы көмек Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына жетті.

Өкінішке қарай, су тасқыны басталған сәтте Абай облысында адамдар жоғалды. Оларды іздестіру жұмысына да еріктілер атсалысты. Сондай-ақ «Жастар Рухының» 100 волонтері Қостанай қаласы әкімінің шақыруын қабылдап, жағалауды құм салынған қаптармен нығайтуға көмектесті. Осыған ұқсас жұмыс өзге өңірлерде де ұйымдастырылды.

Ал атыраулық волонтер Жалғас Халелов өңірдегі су басу қаупі бар аумақтарда тұрғындармен  иық тіресе  жұмыс істеп, жағаға бөгет қою ісіне көмек көрсетті.

«Өзен тасиды дегеннен бері қала маңындағы ықшам аудандарда қаптарға құм толтырып, бөгет салып жатырмыз. Волонтерлер қатарында жасөспірімдер, егде жастағы тұрғындар, түрлі сала қызметкерлері бар. Уақытпен санаспай апаттың алдын алуға барынша күш салудамыз», – дейді Жалғас Халелов.

Атап айтқанда, «AMANAT» партиясының белсенділері мен «Жастар Рухының» волонтерлері Атырау маңындағы 7 учаскеде бөгет салуда. Аталған бөгеттердің жалпы ұзындығы 21,2 шақырымды құрайды. Оған 120 бірлік техника мен 1100-ге жуық адам жұмылдырылды. Бүгінде құм толтырылған 40 мың қап төселді.

Сондай-ақ еліміздегі ірі волонтерлік бірлестіктермен Республикалық волонтерлер штабы құрылды. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жастар ұйымдарымен кездесіп, су тасқынымен күрес жұмысының алдағы міндеттерін айқындады. Штабқа «Жастар Рухы» ЖҚ, ASAR-UME қайырымдылық қоры, «Dauletten» қайырымдылық қоры, Қазақстан халқы ассамблеясы, «Ауыл жастары» жастар қанаты, Қазақстан жастарының конгресі, Қазақстан студенттер Альянсы, Ұлттық волонтерлік желі және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі және т.б. ұйымдар кірді. Волонтерлік ұйымдардың жұмысын «Жастар Рухы» жастар қанаты үйлестіруде.

«Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын эвакуациялау жұмысы басталғаннан кейін қажетті заттар тізімін дайындап, волонтерлермен жолға шықтық. Су басқан ауылдардағы азаматтарға қоғамдық қор және жастар қанатымен бірге гуманитарлық көмек жеткіздік. Дәл осындай жұмыстар өзге өңірлерде де қарқынды жүруде», – деді штаб қатарына қосылған «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры Жасұлан Қуандық.

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив