Орталық Азия елдерінің кәсіподақ орталықтары ACTRAV/ХЕҰ  ынтымақтастық бойынша бірлескен ұсыныстар әзірледі

Орталық Азия елдерінің кәсіподақ орталықтары ACTRAV/ХЕҰ ынтымақтастық бойынша бірлескен ұсыныстар әзірледі

          Қазақстанның астанасында Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) қолдауымен Орталық Азия кәсіподақтарына арналған «Инклюзивтілік, орнықтылық  және өміршеңдік – дағдарыстың салдарын жеңілдетуге арналған кәсіподақтар саясаты» екі күндік аймақтық конференциясы аясында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтары өзара  тәжірибелерімен бөлісті, пандемиядан кейінгі кезеңде әлеуметтік-еңбек саласын тұрақтандыру іс-шараларын талқылады және ACTRAV/ХЕҰ-мен ынтымақтастық бойынша бірлескен ұсыныстар әзірледі.

Еске сала кетейік, 12  мамыр күні конференцияға қатысушылар өткен жылдың маусым айында Халықаралық еңбек конференциясында қабылданған COVID-19 дағдарысынан қалпына келтіру үшін Жаһандық іс-әрекеттерге үндеудің негізгі аспектілерімен танысып, Орталық Азия елдерінің кәсіподақ орталықтарының пандемия кезінде еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша қызметтері туралы ақпараттармен бөлісті.

Аймақтық кәсіподақтар форумының қорытынды күнінде ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас қатысушыларға ХЕҰ-ның жұмыскерлер ұйымдарына арналған «Қақтығыстар мен табиғи апаттардан туындайтын дағдарыстармен күресу» оқу-әдістемелік құралын таныстырды.           

Орталық Азия аймағы тұрғындарының алдында тұрған сын-тегеуріндер туралы айта келе, спикер күрделі геосаяси жағдайды, мәжбүрлі көші-қонды ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы әлеуметтік-экономикалық процестерге ықпал ететін табиғи апаттарды да атап өтті.

«Мәселен, Тәжікстанға Ауғанстаннан келген 15 мыңнан астам босқын қоныстанды. Бір айта кетерлігі, елдегі кәсіподақ ұйымдары алғашқы көмек көрсету дағдыларын көрсетіп, үйреткен. Бұл – жақсы тәжірибе», - деді Сергеюс Гловацкас.

Тақырыпты жалғастыра отырып, ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бюросының еңбеккерлер жөніндегі аға маманы Гоча Александрия мұндай жағдайларда әлеуметтік әріптестерді де қатыстыру маңызды деген пікірімен бөлісті.

«Кәсіподақтардың өз ресурстарын пайдалану арқылы босқындарға қолдау көрсету мәселесімен айналысатыны құптарлық. ХЕҰ оқу құралының ұсыныстарына сәйкес (мұндай мәселелерде) әлеуметтік диалог маңызды рөл атқаруы керек. Кәсіподақтар үкімет пен жұмыс берушілерді қатыстыруы тиіс. Бұл көп жағдайда бола бермейді. Кәсіподақтар көмектесуге асығады, процеске әлеуметтік әріптестерді тартпай-ақ өз ресурстарын сарқып жұмсайды. Бұл бағытта да әлеуметтік әріптестік институтын жүзеге асыру қажет», - деді ХЕҰ өкілі.   

  Еуразия кеңістігіндегі күрделі геосаяси жағдай Орталық Азия елдеріне босқындардың ағынына алып келуі мүмкін, бұл осы мемлекеттердің алдына шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерді қойып отыр.  

«Бұл жерде мәселе жұмыспен қамтудан бастап денсаулық сақтау жүйесі қызметтерін көрсетуге және басқа да әлеуметтік кепілдіктерге дейінгі кешенді әлеуметтік қорғау туралы болып отыр. Ұлттық экономикаға ауыртпалық болмас үшін адамдарды оқытып, еңбек нарығына шығару қажет. Бұл мәселелер кәсіподақтардың ғана мойнына түспеуі керек, әлеуметтік әріптестер – үкіметтер мен жұмыс берушілер жауапкершілікті тең бөлісуі тиіс», - деп өз ұсыныстарымен бөлісті Гоча Александрия.

          Осы орайда спикер мамандандырылған халықаралық институттармен – Біріккен Ұлттар Ұйымының көші-қон ұйымының құрылымдарымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұйымдарымен, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ және басқалармен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының мемлекеттермен ынтымақтастық бағдарламасы ынтымақтастық туралы бес жылдық негіздемелік келісім болып табылады. Бұл бағдарламаларға Қазақстан мен Өзбекстанның кәсіподақтары белсенді қатысуда. Қырғызстанның кәсіподақтары биліктің ауысуына байланысты туындаған және ынтымақтастық жүйесін толықтай алмастыра алмағандықтан, негіздемелік келісімдерге әлі қосылған жоқ. Халықаралық еңбек ұйымы Қырғызстанның жаңа басшылығымен БҰҰ-мен негіздемелік келісімді әзірлеу бойынша консультациялар өткізуге дайын», - деді спикер.

ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас Ауғанстандағы ішкі саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан ХЕҰ мен БҰҰ кеңселерін Кабулдан Алматыға эвакуациялауды қолдаған соңғы мысалды оң тәжірибе ретінде келтірді.

Тәжікстан кәсіподақ делегациясының өкілі, Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік-экономикалық, қоғаммен байланыс және халықаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі Джамшед Юнусов БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастықты дамытудағы тәжірибемен бөлісті.

           Оның айтуынша, наурыз айында ЮНИСЕФ-тің Тәжікстандағы өкілдігінің басшысымен кездесу өткізіліп, оның барысында бірлескен қызметтің бағыттары – жұмыспен қамту, білім беру, кадрларды бекіту және оқыту мәселелері, сондай-ақ балалар еңбегі мен өскелең ұрпақты сауықтандыру мәселелері анықталды. Тәжікстанның Ұлттық кәсіподақ орталығы елдегі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін БҰҰ бағдарламаларымен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бюросының еңбеккерлер жөніндегі аға маманы Гоча Александрия ұлттық кәсіподақ орталықтарының көшбасшыларына ұсыныстар көрсетілген тағы бір маңызды құжат – «ХЕҰ Көпұлтты компаниялар туралы декларациясы: онда жұмыскерлер үшін не бар? Іске асыру жолдары» ACTRAV нұсқаулығын таныстырды.

          Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда еңбек даулары мәселелерінің өзектілігі артып келеді, жаһандану жағдайында трансұлттық компаниялар еңбек қатынастарын дамытуға әрдайым қатыса бермейді. Сондықтан 1977 жылы қабылданған «ХЕҰ Көпұлтты компаниялар туралы декларациясы» бүгінгі күнге дейін өзекті және жалпы қабылданған халықаралық стандарттар мен конвенциялар міндетті болып табылады.

ХЕҰ өкілі басты мақсат ұлтаралық корпорациялардың қабылдаушы елдерде лайықты еңбекті қамтамасыз ету бойынша экономикалық әлеуметтік прогреске оң үлесін қамтамасыз ету екенін еске салды.

 «Бұл мақсатқа үкіметтердің тиісті заңдар мен саясаттарды, шаралар мен шешімдерді қабылдауы, сондай-ақ барлық елдердің үкіметтері мен жұмыскерлер және жұмыс берушілер ұйымдары арасындағы ынтымақтастық арқылы қол жеткізілуі тиіс», - деді Гоча Александрия.

          Оның айтуынша, Декларацияда жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту, еңбек және тұрмыс жағдайлары, сондай-ақ еңбек қатынастары сияқты салалардағы іс-әрекеттер бағыттары қарастырылған.

«Көпұлтты корпорациялар елдердің жалпы саяси мақсаттарын толық есепке алуы керек. Олардың қызметі дамудың негізгі мақсаттары мен әлеуметтік міндеттеріне, сондай-ақ олар жұмыс істейтін елдің әлеуметтік құрылымына сәйкес болуы тиіс. Бұл – әлеуметтік саясат пен инклюзивті, жауапты және тұрақты іскерлік тәжірибеге қатысты кәсіпорындарға, сондай-ақ үкіметтерге, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер ұйымдарына тікелей қатысты ХЕҰ-ның жалғыз құралы», - деді сарапшы.

          ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанның батыс өңіріндегі жұмыскерлер мен шетелдік жұмыс беруші арасындағы еңбек дауын шешуге қатысты қазақстандық кейспен бөлісті.

«Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнында еңбек дауы туындап, оны жұмыс берушімен шешу мүмкін болмады. Біз бұл мәселені шешу жолдарын жан-жақты қарастырдық. Қытайдың Ұлттық кәсіподақтар бірлестігіне олардың тарапынан қолдау болу үшін жүгіндік. Бұл шара өзінің нақты нәтижелерін көрсетті – Қытай кәсіподақтары компания басшылығына әсер етіп, мәселе оң шешімін тапты. Бұл механизм барлық елдер үшін трансұлттық компаниялармен проблемалық мәселелерді шешудің үлгісі бола алады», - деді ҚРКФ төрағасы.

             Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев осы орайда жеке жұмыс берушілердің шетелдік қатысуы бар компанияларда кәсіподақ ұйымдарын құруға кедергі жасау мәселесіне тоқталды.

Халықаралық сарапшы Гоча Александрияның пікірінше, мұндай жағдайда инвесторлармен келісімде «кәсіподақ құруға кедергі жасамау» міндетін белгілейтін шет елдердің тәжірибесін пайдалану қажет. Ол негіз ретінде кәсіподақтардың құрылуына кедергі келтірмеу және ұжымдық келіссөздер жүргізу міндетін қарастыратын нормаларды анықтайтын ХЕҰ-ның №87 және №98 конвенцияларын келтірді.

Аймақтық конференция аясында ұлттық кәсіподақ орталықтары ACTRAV/ХЕҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын ұсынды.

      Оларды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мәлімдеді. Атап айтқанда, аймақтық деңгейде ACTRAV-ның қатысуымен мигранттардың құқықтарын қорғау бойынша халықаралық, аймақтық конференция өткізу, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің кәсіподақ көшбасшылары үшін қақтығыстарды шешу мәселелері бойынша оқыту семинарларын бірлесіп ұйымдастыру (ACTRAV арқылы) бастамасы әзірленді.

               Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ACTRAV Қазақстан Үкіметінің қатысуымен платформалы жұмыспен қамту бойынша (Glovo, Yandex, Wolt) дөңгелек үстел өткізуді және озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, ХЕҰ-мен бірлесіп Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне ұсыныстар пакетін әзірлеуді ұсынды.

Айта кету керек, Орталық Азия кәсіподақтарына арналған «Инклюзивтілік, орнықтылық  және өміршеңдік – дағдарыстың салдарын жеңілдетуге арналған кәсіподақтар саясаты» аймақтық конференциясы ХЕҰ Миссиясының COVID-19 пандемиясымен байланысты шектеулерден кейінгі алғашқы ресми шетелдік сапары аясында 12-13 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өтті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы

             

            

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив