ҚРКФ-та өткен дөңгелек үстел: Әлеуметтік әріптестер қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлейді

ҚРКФ-та өткен дөңгелек үстел: Әлеуметтік әріптестер қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлейді

 

 

Бүгін, 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы «Қауіпсіз жұмыс орны – өмір мен денсаулықты сақтаудың негізі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оның жұмысына республиканың әртүрлі салалары мен аймақтарының кәсіподақ көшбасшылары мен техникалық инспекторлары, жұмыс берушілер мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушыларды қарсы алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қазақстандық еңбеккерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің өзектілігін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағанын еске салды.

«Жазатайым оқиғалар динамикасы іс жүзінде төмендеу тенденциясына ие емес. Осы уақытқа дейін топтық, адам қазасына алып келген апатты жағдайлардың пайда болуының қайғылы фактілеріне куә болып жүрміз. Кәсіподақтар федерациясы Үкімет пен Парламентке қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бірқатар ұсыныстар енгізуге бастамашы болды. Айта кетерлігі, олардың бірқатары Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында көрініс тапты», - деді Нұрлан Өтешев.

Ағымдағы жағдайдың талдауымен қатысушыларды ҚРКФ ӘЭҚ және ӘӘ комитетінің қауіпсіздік және еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу және шешу мәселелері бойынша бөлім жетекшісі Марат Имаш таныстырды. Оның айтуынша, елімізде 2021 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 1297-ден 1232-ге немесе 5%-ға, жарақат алғандар 1467-ден 1465-ке немесе 0,1%-ға азайса, қаза болғандар саны 200-ден 203 адамға немесе 1,5%-ға өскен.

«Сонымен қатар, тіркелген 1232 жазатайым оқиғаның 428-і кәсіподақтар жұмыс істейтін 228 кәсіпорында болғанын айта кету керек. Бұл кәсіподақ бар кәсіпорындардағы жарақат деңгейінің төмендігін көрсетеді. Өйткені, өндірістік кеңестер мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар негізінен кәсіподақтардың бастамасымен құрылады және жұмыс істейді», - дейді Марат Имаш.

Ол осы уақытқа дейін әлеуметтік әріптестерге жолданған ҚРКФ-тың бірқатар ұсыныстарын айтты.

Олардың ішінде – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру, олардың жұмысын материалдық және моральдық ынталандыру; жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде қызметкердің кінәсінің дәрежесін алып тастау; Еңбек кодексіне әлеуметтік әріптестік келісіміне және/немесе ұжымдық шартқа міндетті ереже ретінде енгізе отырып, барлық жұмыс берушілер үшін міндетті түрде өндірістік кеңестер құру және олардың өкілеттіктерін кеңейту туралы норманы енгізу; «мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор» форматы бойынша бірлескен тексерулерді ұйымдастыру; әлеуметтік әріптестік құжаттарында қайтыс болған қызметкердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем туралы ұсыныстарды бекіту; әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелерін қарау және т.б.

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің қатарында жұмыстың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуын, жәбірленушінің салғырттығын, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуын, жұмыс орындарында техникалық жағдайдың осалдығын атап өтті.

Сондай-ақ, Марат Имаш әлеуметтік әріптестерге «Vision Zero», «Халықтық бақылау», «ASPANS» заманауи қауіпсіздік бағдарламаларын жүзеге асыруға қосылуды ұсынды.

Жұмыс беруші тараптың атынан «Тау-кен өндіруші және металлургия кәсіпорындары» республикалық қауымдастығы атқарушы директорының бірінші орынбасары Төлеген Мұханов мәселелерге қатысты өз көзқарасын жеткізді.

Оның айтуынша, тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында құрал-жабдықтардың тозуы 60-70 пайызды құрайды және бүгінде салада өндірістік қуатты жаңғырту шаралары талқыланып, қолға алынуда.

Мәселен, өткен жылы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында кәсіподақтармен бірлескен мониторинг нәтижесінде адам қазасына әкеп соқтыруы мүмкін 180-нен астам қауіпті жағдайдың алдын алған.

Осы ретте «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК бас директоры Шолпан Әбікенова дөңгелек үстелге қатысушыларға мемлекет тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Елімізде Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды, оның міндеттері еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту, кәсіптік тәуекелді азайту шараларын экономикалық ынталандыру, еңбекті қорғау саласында кәсіби құзыреттілік пен ғылыми әлеуетті дамыту, бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру болып табылады. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – барлық тараптардың кешенді жұмысы. Дегенмен, бүгінгі күні нақты еңбек жағдайлары мен кәсіби тәуекелдер барлық жерде ескеріле бермейді, еңбеккерлер зиянды факторлардан толық қорғалмайды, ал жұмыс берушілер сапалы ЖҚҚ қамтамасыз ету үшін сатып алу шарттарына заңнамалық талаптармен шектеледі», - деді Шолпан Әбікенова.

Павлодар облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Динара Айтжанова облыстағы әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Мәселен, 6000-нан астам жұмыскер жұмыс істейтін «Богатырь Көмір» ЖШС-де 104 еңбекті қорғау техникалық инспекторы 2022 жылы 4500-ден астам тексеру жүргізіп, 7700 негізді ескертулер рәсімдеген, олар жұмыс берушімен уақтылы жойылды.

Аймақта жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда, облыстың 12 кәсіпорны «Халықтық бақылау» жобасын қабылдады.

Өз кезегінде, «Қазкөміркәсіп» көміршілер салалық кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов көмір кеніштеріндегі жұмыс орындары ең көп қауіпке ұшырайтынын атап өтті.

«Көптеген келеңсіз факторларға ұшырайтын кеншілердің ауыр және қауіпті жұмысы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға көбірек көңіл бөлуді талап етеді. «Қазкөміркәсіп» өндірістік құрал-жабдықтарды жаңартып, заманауи ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етеді», - деді Марат Миргаязов.

«Қарағанды медицина университетінің» қоғамдық денсаулық сақтау институтының консультативтік-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Ақынжанова өз баяндамасында кәсіптік медицинаны жандандыру қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда барлығы 8168 кәсіптік патологиясы бар адам тіркелген. Сонымен қатар, қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің ең көп саны Қарағанды облысында – 42%, Павлодар облысында – 43%, Маңғыстау облысында – 38%, Шығыс Қазақстан облысында – 26,9%, Жамбыл облысында – 26, 4%.

Кәсіптік аурулардың ең жоғары көрсеткіштері «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Востокцветмет» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС ЖФ кәсіпорындарында байқалады.

Жұмыскерлердің 30,2% екіден көп аурумен ауырады, бұл зиянды факторлар кешенінің жұмыскерлер ағзасына әсер етуімен байланысты, бір науқасқа екі, үш және одан да көп диагноз қойылады.

«2021-2022 жж. республикада кәсіптік аурушаңдықтың артуы байқалды. Тіркелген кәсіптік аурушаңдық деңгейі нақты жағдайды көрсетпейтіні және қазіргі Қазақстандағы еңбек жағдайларының шарттарына сәйкес келмейтіні анық», - деді Сәуле Ақынжанова.

Ол кәсіптік медицина мен кәсіптік патология қызметін үйлестіретін ұйым – Гигиена және кәсіптік аурулар ұлттық орталығын қалпына келтіруді жеделдету, сондай-ақ, еліміздің аймақтарында кәсіптік медицинаны жандандыру қажет деп санайды.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарын еңбеккерлердің еңбек жағдайын тұрақты жақсарту үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы оған қатысушылардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел шаралар қабылдау туралы ұсыныстары болады.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, 2022 жылы республиканың 1214 кәсіпорнында 1232 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 1465 адам зардап шекті, оның 203-і өліммен аяқталды, 897-сі ауыр, 365 жеңіл болды. 

ҚРКФ медиаорталығы

 

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив