Мемлекеттік қызметшілердің этикасы
Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген ерекше сенім болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне, этикасы мен моральдық бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенім білдіреді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылдың 29 желтоқсандағы № 153 «ҚР мемлекеттік әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі бекітілген.
Этика дегеніміз - тәртіпті сақтау ережелері. Ол қоғамда белгілі бір нормаларға сай өмір сүретін қағидалардың жалпы жиынтығы. Ал бұл нормалар адамдардың мораль және адамгершілік қасиеттерінің болуымен тығыз байланысты. Мораль және адамгершілік туралы ілім этика (әдеп) болып табылады. Сондықтан этикет этика ілімінің негізінде қалыптасқан, яғни адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, адамдардың бір-біріне нұқсан келтірмейтін қоғамда тәртіп сақтау ережелері қалыптасты. Белгілі бір тәртіпсіз өмір сүру мүмкін емес, себебі егер қоғамда белгілі бір этика сақталмайтын болса адамдардың арасында қатынас хаосқа айналып кетуі мүмкін. Сондықтан әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыда бақылайтын, теріс қылықтарды азайтатын белгілі бір нормалар жиынтығы құрылған. Мысалы үлкендерге құрмет көрсету, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау, және т.б., Этиканы сақтау өмірдің әр саласында әр түрлі. Этиканы қызмет бабында сақтау өте маңызды мәнге ие болып табылады, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы басты назар аудартады. Мемлекеттік қызметкер әр түрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен аса үлкен дайындықпен қызмет атқару тиіс. Қызмет орнында өзін-өзі ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киім үлгісі тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білу, анық әрі түсінікті жүйелі түрде сөйлей білу сияқты барлығы қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этика жүйелеріне жатады.
Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиісті.
Қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық көрсетуге жол бермеуге, қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынасы кезінде ұжымда іскерлік және тілектестік өзара қарым-қатынасты әрі сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге, басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнінде өзге шаралар қабылдауға міндетті.
Мемлекеттік қызметкер – бұл мемлекетіміздің бейнесі, айнасы деп айтуға да болады. Сондықтан әр-бір мемлекеттік қызметкер, мемлекеттің өсуі – өркендеуі оның жұмысының нәтижесі екенін ұмытпауы тиіс. Мемлекеттік қызметкер деген биік атқа ие болу және сол атақты абыроймен ұстап өту әр қызметкердің басты мақсаты және міндеті. Тек бірлесіп жұмыс істеу барысында және мемлекеттік қызметкердің этикасын ұстаған жайдайда ғана біз осындай биік дәрежеде көріне аламыз.
БҚО Бөрлі аудандық сотының кеңсе меңгерушісі
А.Н.Оразбек
[xfvalue_img]
371 пікір