Азаматтық істерді қарау барысында тараптардың келісімі
Сот тараптардың арасындағы дауды шешу мақсатында татуласу үшін шаралар қолданады және процестің барлық сатыларында оларға жәрдемдеседі.
Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісім жасап, ҚР Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіпті пайдалана отырып, дауды өзара қаралған талаптың толық көлемінде, не бір бөлігінде реттей алады.
Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат талап қою ісін жүргізудің кез келген іс бойынша берілуі мүмкін.
Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі сот талқылауының кез келген сатысында, сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.
Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері арнайы сенімхатта көзделген татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қояды, келісімде орындау мерзімі мен тәртібі көрсетіле отырып, тараптар келіскен шарттар қамтылады, сонымен бірге тараптардың арасында жасалған татуласу келісімін сот бекітеді.
Сот тараптардың татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында қарайды. Тараптарға сот отырысының өтетін уақыты, орны хабарланады, хабарланған тараптар сот отырысына келмеген жағдайда, татуласу келісімін бекіту туралы өтінішті, өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арызы болмаған жағдайда сот өтінішті қарамайды.
Сот өтінішті қарау нәтижелері бойынша келісімді бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату, не татуласу келісімін бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Татуласу келісімін жасасқан тараптар келісімді ерікті түрде орындайды, келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда талапкердің өтініш хаты бойынша сот берген атқару парағына сәйкес мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты, егер бұл қосымша процестік әрекеттерді, істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық сатыдағы сотта беруі мүмкін.
Медиатор медиацияны жүргізу туралы өтінішхатты берген тараптардың медиатормен жасасқан шарты бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарға ұсынылған жағдайда іс бойынша іс жүргізу ҚР Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сай бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым ҚР «Медиация туралы» заңына және ҚР Азаматтық процестік кодексінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзсса, сот келісімді бекітпейді.
Сот татуласу келісімін бекітуден бас тартқан жағдайда ұйғарым шығарады, шығарылған ұйғарым шағым жасауға, не наразылық келтіруге жатпайды.
Сонымен бірге тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.
Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
Егер тараптар медиация тәртібімен және партисипативтік рәсім тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе келісімнің шартын сот бекітпесе, істі қарау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау ҚР Азаматтық процестік кодексінде белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық соты
әкімшісінің бас- маманы сот отырысының хатшысы Н.Б.Қуандықов
[xfvalue_img]
