Ана тілі
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ол – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, қолданыс аясы кең тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының – ана тілі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріледі. Ана сүтімен бойға енген қасиет туған тілдің құдіретімен дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас туған тіліңді білуден басталады.
Ана тілі – халқымыздың рухани байлығы, баға жетпес асыл мұрасы. Оның қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заты тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбатымыз. “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады”. Қынжылтатыны, қазір туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндер көп. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде кейбір адамның қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тіліне зиян шектіруде. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағына көмегін аямауы тиіс.
Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам болмайсың. Тіл тағдыры – елдің тағдыры. Әр адам ана тілін біліп, оны құрметтеуге міндетті.
БҚО Бөрлі аудандық соты әкімшісінің басшысы
А.Н.Оразбек
[xfvalue_img]

4 пікір