Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!
Еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі-қазақ тілі» деп тұңғыш рет атап көрсетіліп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді.
Қазақстан Республикасы Конститутциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл ‑қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Сөйтіп, қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталған болатын. Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өңірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені рас.
Тілді өркендету - баршаның ісі. Тіл - тек қарым – қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын. Біздің тіліміз – қазақ тілі. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі - қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік» -деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағын да қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу - ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз 90 - жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек болады. Бұл біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны. Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл – ең керемет қатынас құралы.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғ. Мүсірепов айтқандай елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал.
Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуантады. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге талпынуы қуантатын жағдай.
Қазақ тілі бай тіл екенін өзге ұлт ғалымдары әлде қашан дәлелдеген. Қазақтың бір сөзінің бірнеше баламасы бар. Осындай бай тіліміз біздің бар байлығымыз екенін мақтанышпен айтып жүрсек бізді қолдаушылар көп болады. Қолдаушымыз көп болса, ана тілімізге деген құрмет молынан болады. Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
Тлемберлиева Алия Артуровна
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сот әкімшісінің бас маманы
[xfvalue_img]