Сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан судьялар мен сот қызметкерлері туралы
Қазақстан – құқықтық мемлекет болғандықтан, мемлекетіміздің басты кейіпкері сот екені белгілі.
Заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын белгілейтін, азаматтарды құқықтық қорғаудың сенімділігін қамтамасыз ететін адами мәселелерді бірінші болып қолға алатын сот қызметкерлері.
Еліміздің және қазақ қоғамының өміріндегі терең өзгерістер кезеңінде, демократиялық және құқықтық мемлекет құру, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтық тыныштықты сақтау жолында судьяның кәсіби қызметі барған сайын маңызды рөл атқаруда. Өйткені, біз барған сайын күрделі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Күнделікті болсын, нарықтық қатынастар саласында болсын даулар мен жанжалдарды шешу судьядан жоғары білімді, тәжірибені және мінсіз адами және тұлғалық қасиеттерді талап етеді.
Сотқа деген сенім судьялардың жұмысына ғана емес, сот әкімшілігінің тиімді жұмыс істеуіне, сот жүйесінің әрбір қызметкерінің өз міндеттерін адал атқаруына да байланысты. Біздің ортақ мақсат пен біртұтас тапсырмалар– сот төрелігін сапалы жүзеге асыру.
Осы биліктің иесі ретінде сот билігінің, сот қызметкерлерінің жеке қызметі қоғам мен әрбір азаматтың назарында. Оған дәлел БАҚ-тағы жаңалықтар лентасы мен мақалалар, әлеуметтік желілердегі жазбалар әрбір адам белгілі бір іс бойынша сот қызметкерлерінің әрекетін бағалауға дайын. Бұл белгілі бір дәрежеде қоғамдық бақылау деңгейін арттырған сот жүйесінің бұрын-соңды болмаған ашықтығы мен жариялылығының нәтижесі деп білеміз.
Осы орайда айта кететін, қаламызда кәсіби деңгейі жоғары, білікті сот мамандары да аз емес. Соның бірі – 24 жылға тақау уақыт сот саласында еңбек атқарып келе жатқан білімді, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай іскерлігімен танылған, мақтан тұтып айта алатын аудандық сот әкімшісінің басшысы Омирова Қамажай Тоқтарбайқызы туралы айта кеткім келеді.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2010 жылы құрылған кезден, сот әкімшісінің басшысы болып қызмет атқарған, Қамажай Омирова осы соттың қалыптасуына зор үлесін қосып, алқа билердің қатысуымен қаралатын істер бойынша сот тәжірибесін қалыптастыруда үлкен қызмет атқарып келеді.
Ұжымда Қамажай Тоқтарбайқызы мінезі салмақты, өмірде қайратты, табанды, жігерлі және алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын қажырлы мінез иесі. Сыпайы мінезімен күн сайын алдына келетін адамдардың арыз-шағымының дер кезінде қабылдануына күш салады.
Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіріп, мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне және моралдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Қамажай Тоқтарбайқызы өз ісінің білікті майталманы, оның бойында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, білгенін әріптестеріне аянбай үйрету секілді сыпайылылықтың өнегесі қалыптасқан.
Жастарға кәсіби мамандығы бойынша тәлім беру мақсатымен ұстаздық қызметті де қоса атқарып келеді. Сонымен қатар, кәсіби іскерлігі бойынша жұмыс жасап қана қоймай, жастарға өмірлік кеңестер, тәлім-тәрбие беруде.
Осындай еліне қызметі сіңіп, болашаққа үлгі бола білетін тұлғаларымыз көп болса мемлекетіміздің тамыры да тереңдеп, берік болмақ!
Майра Асенова
Астана қаласының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының бас маман –
сот отырысының хатшысы
[xfvalue_img]