Жоғарғы Сотқа Түркия Сот төрелігі академиясының делегациясы келді
Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев Түркия Сот төрелігі академиясының президенті Мухиттин Өздемирмен кездесті.
Оған Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров пен Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Шәкір Шаяхметов қатысты.
Қонақтар барлық соттардың қызметін талдау және бақылау бойынша Жоғарғы Соттың Ахуалдық орталығының жұмысымен, сондай-ақ ІТ-әзірлемелердің мультипликативті мүмкіндіктерімен, соның ішінде, жасанды интеллект элементтерін пайдалану және ауқымды деректерді талдау туралы жұмысымен танысты.
Оларға электронды сот отырысында судьяның қалай жұмыс істейтіні және цифрландырудың сот әкімшілігі мәселелерін қалай жылдам шешетіні іс жүзінде көрсетілді.
Кездесу барысында А.Мерғалиев қонақтарды Қазақстанның сот жүйесі мен сот ісін жүргізу, Жоғары Сот Кеңесінің міндеттері, татуластыру рәсімдерінің жұмысы мен әкімшілік әділет туралы хабардар етті. Сонымен қатар, сот жүйесіндегі өзгерістерге, соның ішінде кассациялық соттардың құрылуы және осыған байланысты Жоғарғы Соттың рөлінің өзгеруі жайлы толығырақ тоқталды.
М.Өздемир Қазақстан соттарындағы реформаларды және цифрландырудың даму деңгейін жоғары бағалады. Ол делегация мүшелерімен бірге бірқатар сұрақтар қойып, оларға толық жауаптар алды.
Тараптар сот жүйесіне арналған білім беру, оқу үдерісін ұйымдастыру, оқыту әдістемесі және ғылыми зерттеулер бойынша өзекті ақпараттармен алмасты.
Соңында кездесуге қатысушылар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниеттерін білдірді.
[xfvalue_img]