Мемлекеттік тіл мәртебесі
Мемлекеттік тіл - тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы, сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл ұлтпен - ұлтты татуластыратын ерекше қатынас құралы. Қазақ тілі өте бай, орамды, көркем тіл. Тіл арқылы өнер білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды үйренеді. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра.
Тіл мәселесі – қай кезде де, қандай болмасын қоғамдық құрылыс тұсында да тұғырынан түспеген, әлі де түспейтін толғақты тақырыптардың бірі. Өйткені, тіл – ұлт ұғымын анықтайтын алғышарттардың айрықшасы, әрі асқағы.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әр азаматының парызы болып саналады. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын. Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуантады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру-тек мемлекеттік қызметкердің ғана емес, барша қазақстандықтарға ортақ міндет. Әрбіріміз ана тіліміздің айыбын көтеруде белсенділік танытуымыз қажет. Оны жүзеге асырамын деген азаматқа аса салмақ түсе қоймайды. Қарапайым қоғамда қазақ тілінде сөйлеп, іс қағаздарды да осы тілде жүзеге асырсақ, мемлекеттік тілдің мәртебесі өздігінен арта берері сөз. Бұл-біздің негізгі тірегіміз.
Қазақстандықтардың ертеңгісі мен бүгінін айқындайтын, тамырын түбегейлі жайып оның мықты болуына ықпал ететін тіл жағдайының түзелуіне әртүрлі қадамдар жасалып жатыр. Оның әрі қарай жалғасы болу үшін, барлық мекемелерде іс-қағаздары толық мемлекеттік тілде жүргізіліп, бұл жұмыстың тұрақтылығы қадағаланып отырылуы қажет. Тіліміз тарих тереңіне бойлаған кәусар бұлағына сусындаған рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Сондықтан, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылу аясын кеңейте түсу қажеттігі заңды құбылыс.
А.Т.Иманбекова
Мұғалжар аудандық сотының сот әкімшісінің басшысы
[xfvalue_img]