Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы
Азаматтық талапты Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде (бұдан әрі – ҚПК) көзделген тәртіппен қылмыстық іспен бірге қарау, қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес жағдайдағы адамдардың қоғамға қауіпті әрекетiмен өздеріне моральдық, күш қолдану арқылы немесе мүліктік зиян келтірілген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін дер кезінде қорғаудың кепілі болып табылады. Соттар осыған байланысты қылмыстық істерді қарау кезінде қойылған азаматтық талаптарды материалдық және процестік заңдардың талаптарын сақтай отырып дұрыс шешуді қамтамасыз етуге тиіс.
ҚПК-нің 2-бабының екінші бөлігіне және 166-бабының екінші бөлігіне сәйкес, қылмыстық процесте азаматтық талапқа қатысты мәселелер қылмыстық іс жүргізу заңының негізінде шешіледі. Іс жүргiзу қатынастары ҚПК-мен реттелмеген жағдайларда азаматтық iс жүргiзу заңнамасының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот азаматқа немесе заңды тұлғаға, егер іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті әрекетімен оларға мүліктік залал немесе моральдық зиян келтірілгенін байқаса, олардың азаматтық талап қою құқығын түсіндіреді.
Адамдар азаматтық талап қойғаннан кейін азаматтық талапкер деп танылады.
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талап қоюға құқылы адамдардың тобы ҚПК-нің 58, 73 және 167-баптарында айқындалған. Олардың қатарына: қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес жағдайдағы адамдардың қоғамға қауіпті әрекетiмен өздеріне зиян келтірілген жеке және заңды тұлғаларды, олардың заңды өкілдері мен өкілдерін, прокурорды жатқызуға болады.
Мүліктік зиян келтірілген кезде жойылған не бүлінген мүліктің меншік иесі ғана емес, сонымен бірге заңды негіздер бойынша өзінде тұрған мүліктің иесі де (жалға алушы, сақтаушы және басқалар) азаматтық талап қоюға құқылы.
ҚПК-нің 71-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, жәбiрленушiнiң өзiне келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талабы қылмыстық процесте қаралады. Егер мұндай талап қылмыстық iсте қойылмаса не қараусыз қалдырылса, онда жәбiрленушi оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қоюға құқылы.
Азаматтық талап қою қылмыстық құқық бұзушылық аяқталса да, аяқталмаса да кез келген уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған сәттен бастап, бірақ сот тергеуі аяқталғанға дейін немесе есі дұрыс емес адам қоғамға қауіпті әрекетті жасаған, сондай-ақ күдікті анықталмаған кезде де қойылуы мүмкін.
Азаматтық талаптар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап арыздарға қойылатын талаптарға сәйкес жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін.
Талап арызда көрсетілген азаматтық жауапкерлердің санына қарай талап арыздың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
Азаматтық талапты қарау туралы өтініш сондай-ақ ҚПК-нің 408-бабының тәртібімен жекеше айыптауды қозғау туралы шағымда да көрсетілуі мүмкін.
Егер қойылған азаматтық талаптың негіздерін немесе талап қоюдың мөлшерін айқындау қажет болса азаматтық талап қосымша толықтырылуы мүмкін.
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында азаматтық талап қою кезінде талапкер мемлекеттік бажды төлеуден босатылады.
Қылмыстық істе қойылған азаматтық талаптың соттылығы қылмыстық істің соттылығымен анықталады.
Адамды азаматтық талапкер деп тану туралы, азаматтық талапкер деп танудан бас тарту туралы немесе адамның қылмыстық процеске азаматтық талапкер ретінде қатысуын тоқтату туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізуші орган дәлелді қаулы шығару арқылы қабылдайды. Қаулы тиісінше талап арыз түскеннен кейін дереу не адамның аталған процестік жағдайда болуға негіздің жоқ екенін көрсететін мән-жайлар анықталған соң шығарылуға тиіс.
Қабылданған шешім туралы азаматтық талапты қойған адам, сондай-ақ азаматтық талапта мүдделері қозғалып отырған процеске қатысушылар хабардар етіледі.
Азаматтық талапкер деп танылған адамдарға бір мезгілде олардың ҚПК-нің 73-бабында көзделген процестік құқықтары мен міндеттері түсіндірілуге тиіс.
Прокурордың азаматтық талап қойғаны туралы сол талапта мүддесі қорғалып отырған адамдар да хабардар етілуге тиіс.
Басқа адамдардың мүддесін қорғап азаматтық талап қойған прокурор азаматтық талапкер болып танылмайды, себебі оның процестік жағдайы өз алдына ҚПК-нің 58-бабында белгіленген. Бұл жағдайда өзінің мүддесін қорғап талап қойған адам талапкер болып танылады.
Анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде ҚПК-нің 58, 73 және 167-баптарында көрсетілген адамдардың ҚПК-нің 166-бабына сәйкес берген талап арыздарын қабылдамауға құқылы емес.
Талап қою арызын қайтару туралы азаматтық талапкер берген арыздың негізінде қылмыстық процесті жүргізуші орган қылмыстық процестің кез келген сатысында талап қою арызын қайтару туралы қаулы шығарады. Егер мұндай арыз сот жарыссөздерін өткізу кезінде келіп түскен жағдайда, судья оны қарау және процестік шешім қабылдау үшін сот тергеуін қайта бастайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы талап қойған адам, егер бұған дейін мұндай шешім қабылданбаса оны азаматтық талапкер деп тануды талап етуге құқылы. Қылмыстық процесті жүргізіп отырған орган азаматтық талапкер деп тану туралы арызды (өтінішті) алған сәттен бастап үш тәулік ішінде қарап, қабылданған шешім туралы арызданушыға дереу хабарлап, оның арызы (өтініші) бойынша шығарылған дәлелді қаулының көшірмесін жіберуге тиіс.
Прокурор заңда көзделген жағдайларда өз бастамасы бойынша жеке немесе заңды тұлғаны азаматтық талапкер деп тануға құқылы.
Жәбірленушілердің өздеріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасауға жәрдемдесетін әрекеттер жасауы олардың азаматтық талаптарды қоюына немесе осы адамдарды азаматтық талапкерлер деп тануға кедергі болмайды.
Адамды азаматтық талапкер деп танудан бас тартуға ҚПК-нің 105, 106-баптарының және 109-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзімдер мен тәртіпте прокурорға немесе сотқа шағым беруге болады.
Азаматтық талап ҚПК-нің 74, 167, 198, 344-баптарына сәйкес қылмыстық процесті жүргізіп отырған органның қаулысымен азаматтық талапкерлер деп танылуға тиіс күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе есі дұрыс емес жағдайдағы адамның қоғамға қауіпті әрекетімен оларға келтірілген зиян үшін жауапкершілік көтеретін адамдарға қойылады.
Іске азаматтық жауапкер ретінде қатыстыру туралы қаулы өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға немесе оның өкіліне дереу жарияланады және олардың ҚПК-нің 74-бабымен көзделген процестік құқықтары бір мезгілде түсіндіріле отырып, талап арыздың көшірмесі тапсырылуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АҚ) 921-бабына сәйкес қызметкер еңбек (қызметтік, лауазымдық) міндеттерін атқару кезінде зиян келтірген жағдайларда заңды тұлға немесе қол астында кінәлі адам еңбек не азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істеген азамат азаматтық жауапкер ретінде танылуы мүмкін.
Бұл ретте АК-нің 917-бабының ережелерін ескере отырып, егер зиян қызметкердің заңсыз әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) келтірілген болса және оның әрекеті еңбек міндеттерін атқарумен байланысты болмаса, қойылған талап жалпы тәртіппен зиянды келтірген адамнан өндірілуге жатады.
Егер басты сот талқылауын тағайындау туралы мәселені шешу кезінде қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында адамдардың азаматтық талапкерлер немесе азаматтық жауапкерлер деп негізсіз танылғаны анықталса, судья өз бастамасымен немесе тараптардың өтініші бойынша істі алдын ала тыңдауды тағайындап, оның барысында осы адамдардың азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердің процестік жағдайында болуын тоқтату туралы мәселені қарап, оның қорытындысы бойынша тиісті дәлелді қаулы шығарады. Сот жәбірленуші деп танылған және азаматтық талапкер деп танылуы мүмкін адамға оның азаматтық талап қою құқығы туралы түсіндірмені бір мезгілде жіберуге тиіс.
Судья ҚПК-нің 320-бабының 6) тармағына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті әрекетімен келтірiлген залалды өтеудi қамтамасыз ету шараларының қабылданған-қабылданбағанын анықтауға тиіс.
Азаматтық талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдамау басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болмайды, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға әкеп соқпайды және істі прокурорға жіберу үшін негіз болмайды.
Судья азаматтық талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет екенін анықтай келіп, ҚПК-нің 325-бабына сәйкес қаулы шығарып, онда қылмыстық ізге түсу органдарын қажетті қамтамасыз ету шараларын қабылдауға, сондай-ақ азаматтық талапты қамтамасыз ету мақсатында тыйым салынған мүлікті сақтау жөнінде шара қолдануды (мүлікті алу, оны жауапты сақтауға беру және басқалар) міндеттейді.
Басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда сот ҚПК-нің 322-бабында көзделген басқа мәселелермен қатар азаматтық талапкерлер мен азаматтық жауапкерлерді сот отырысына шақырту туралы мәселені де қамтуға тиіс.
ҚПК-нің 166-бабына сәйкес, басты сот талқылауы барысында қылмыстық іспен қоса есі дұрыс емес адамның тiкелей қылмыстық құқық бұзушылығымен немесе қоғамға қауіпті әрекетiмен келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптардың да қаралатынын назарда ұстаған жөн.
Қылмыстық іс бойынша анықталған мән-жайлардан туындайтын басқа азаматтық талаптар, егер олар жерлеуге, зардап шеккен адамды емдеуге кеткен шығыстарды, оның өзінің және өкілінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру iсiне және сотқа қатысуына байланысты шыққан шығыстарды өтеу мақсатында қойылса, қылмыстық іспен қоса бір өндірісте қаралуға жатады.
Кері талаптар, олар қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті әрекетімен жәбірленушіге зиян келтірілген жағдайда сақтандыру өтемі ретiнде төленген сомаларды, жәрдемақыны немесе зейнетақыны өтеу мақсатында қойылғанда ғана қылмыстық іспен қоса бір мезгілде қаралуы мүмкін.
Азаматтық талапкер, сондай-ақ прокурор кімде-кімнің мүддесін қорғап қойған талабынан қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің кез-келген сәтінде, бірақ сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бас тартатыны туралы мәлімдеуге құқылы.
Азаматтық талаптан бас тарту, әдетте, азаматтық талапкердің жазбаша арызында не электрондық құжат нысанында көрсетіледі, оның азаматтық талаптан бас тартатыны туралы сот отырысындағы ауызша арызы сот отырысының хаттамасына түсіріледі.
Қылмыстық процесті жүргізіп отырған орган талапкерге азаматтық талаптан бас тарту салдарын түсіндіруге міндетті және азаматтық талаптан бас тартуды қабылдау мәселесін шешу кезінде ҚПК-нің 169-бабын және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 170-бабын басшылыққа алуға тиіс әрі егер бұл заңға қарама-қайшы келсе немесе кімде-кімнің құқықтарын не заңды мүдделерін бұзса, мұндай бас тартуды қабылдамауға тиіс.
Сот талаптан бас тартуды қабылдау немесе қабылдамау мәселесі бойынша ҚПК-нің 169-бабына сәйкес дәлелді қаулы шығарады. Аталған қаулыны шығару үшін сот, ҚПК-нің 344-бабының екінші бөлігіне сәйкес, кеңесу бөлмесіне кетуге тиіс.
Талаптан бас тартуды қабылдау қылмыстық істің осы бөлігінде iс жүргiзудi және адамның азаматтық талапкер ретінде қатысуын тоқтатуға әкеп соғады, сондай-ақ сотқа сол тараптар арасында, сол нысана мен сол негіздер бойынша, оның ішінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен дау бойынша қайтадан жүгінуді болдырмайды.
Прокурордың азаматтық талаптан бас тартуы азаматтық талапкерді, оның мүддесі үшін талап арыз берілген кезде, немесе оның өкілдерін сотта талапты дербес қолдау құқығынан айырмайды.
ҚПК-нің 113-бабына сәйкес, азаматтық талап бойынша дәлелдеу әрбір қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде дәлелденуге тиісті мән-жайлардың қатарына жатады. Дәлелдеу кезінде: азаматтық талаптың негіздері; қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның түрі, сипаты, мөлшері мен көлемі; зиянның кімге келтірілгені және кімнің азаматтық талапкер болатыны; келтірілген зиян үшін кімнің жауапкершілік көтеретіні және кімнің іс бойынша азаматтық талапкер болатыны; қылмыстық құқық бұзушылық жасалған сәтте өзіне зиян келтірілген адамның мінез-құлқы; күдіктінің, (азаматтық жауапкердің) мүліктік жағдайы анықталуға тиіс.
ҚПК-нің 121-бабына сәйкес, зиянның сипаты мен мөлшерін сот отырысында дәлелдеу міндеті айыптаушыға жүктелген.
ҚПК-нің 410-бабына сәйкес, жекеше айыптау істері бойынша азаматтық талапты дәлелдеу ауыртпалығы азаматтық талапкерлерге (жекеше айыптаушыларға) жүктелген, олар өздеріне мүліктік залал немесе моральдық зиян келтірілуіне байланысты құқықтарын қорғауға қажетті тиісті дәлелдемелерді сотқа ұсынуға тиіс, ал мүмкін болмаған жағдайда - судьяға оларды қайдан алуға болатынын айтуларына және оларды алдырту туралы өтініш берулеріне болады. Егер жекеше айыптаушы азаматтық талап бойынша дәлелдемелерді жинау жөнінде көмек сұраса сот оған көмектесуге тиіс.
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері қылмыстық процесті жүргізуші органға тиісті дәлелдемелерді ұсынуға немесе оларды алдырту туралы өтініш беруге, ҚПК-нің тиісінше 73 және 74-баптарында көзделген өздерінің басқа барлық құқықтарын пайдалануға құқылы.
Осы орайда ҚПК-нің 74-бабының үшінші бөлігінде міндеттерінің шеңбері белгіленген азаматтық жауапкерге қойылған талабының нысанасын, негізін немесе мөлшерін жоққа шығаратын дәлелдемелерді ұсыну міндеті жүктелмеуге тиіс.
Мүлікті ұрлау, бүлдіру немесе жою салдарынан келтірілген зиян жәбірленушіге шешім қабылданатын күні қалыптасқан бағалар ескеріле отырып өтеледі.
Сот, қажет болған жағдайда мүлікті ұрлау, бүлдіру немесе жою салдарынан келтірілген зиянның мөлшерін сараптама қорытындысының немесе сот осы мақсатта тағайындаған мамандардың немесе комиссияның мәліметтерінің негізінде анықтайды.
Сот іс бойынша іс жүргізіліп отырған сәтте қалыптасқан бағаларды ескеріп, өтелуге жататын зиянның мөлшерін, егер осындай шешім сотталып отырған адамды әлдеқайда ауыр қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәлі деп тануға әкеп соқпаса немесе оның жағдайын өзгедей нашарлатпаса және оның қорғану құқығын бұзбаса, ұлғайтуға құқылы.
Әрбір іс бойынша дене жарақатының сипатын анықтау кезінде денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығы анықталатын сипаттамаларды негізге ала отырып, денсаулыққа келтірілген зиянның ауыр не жеңіл екенін аз ғана уақыт бойы денсаулықтан айырған-айырмағанын не денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіргенін не денсаулыққа ауыр зиян келтіргенін немесе адамның өлуіне душар еткенін анықтауға тиіс. Денсаулыққа келтірілген зиянның көлемі мен дәрежесін анықтау үшін міндетті түрде тиісті сот сараптамасы жүргізілуі керек.
ҚПК-нің 166-бабының бірінші бөлігінде көрсетілмеген залалды не өзге де зиянды өтеу туралы талаптар (мысалы, шығындарды немесе алынбаған пайданы өндіріп алу туралы талап арыздар, жәбірленуші болып табылмайтын үшінші тұлғалардың талап арыздары және басқалары) қылмыстық процесте қарауға жатпайды. Қылмыстық іс бойынша осындай талаптар келіп түскен кезде сот арыз берушіге азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығын түсіндіруге міндетті.
Моральдық зиянды өтеу туралы талап арыздарды қарау кезінде "Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысын басшылыққа алған жөн.
Өзіне қатысты қылмыс жасалғанға дейін немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасалған сәттегі жәбірленушінің мінез-құлқы зиян келтірушінің қылмыстық жауапкершілігіне де, азаматтық-құқықтық жауапкершілігіне де ықпал ететінін және кейбір жағдайларда осы әрекет заңсыз деп (қасақана әрекет немесе өрескел абайсыздық) танылуы мүмкін екенін назарда ұстаған жөн.
Жәбірленушінің өрескел абайсыздығы (мас болу, жол қозғалысының ережелерін бұзу және т.с.) кезінде өтелетін зиянның мөлшері азайтылуы немесе оны өтеуден бас тартылуы мүмкін.
Азаматтық жауапкердің мүліктік жағдайына көз жеткізу үшін оның еңбекақысының мөлшерін, отбасы мүшелерінің санын, отбасының кірісін, асырауындағы адамдардың бар-жоғын, оның жеке және ортақ меншігінде жылжыйтын және жылжымайтын мүліктің болуын анықтау керек.
Қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы кезінде төрағалық етуші азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің өздерінің процестік құқықтарын жүзеге асыруын, оның ішінде қылмыстық іс бойынша азаматтық талапқа қатысты барлық мән-жайларды зерделеуге және сот жарыссөздеріне қатысу құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
Азаматтық талапкер талап арызын сот отырысында жария етуге тиіс. Сот азаматтық талапкердің, оның өкілдерінің азаматтық талапты қуаттайтынын және қандай мөлшерде қуаттайтынын анықтауға, егер талапты прокурор қойса, азаматтық талапты мемлекеттік айыптаушының қуаттайтын-қуаттамайтынын анықтауға міндетті. Сонымен қатар азаматтық жауапкер мен оның өкілдерінен олардың қойылған азаматтық талапты мойындайтынын-мойындамайтынын және қандай мөлшерде мойындайтынын анықтау керек.
Азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкілдеріне қойылған азаматтық талап бойынша сот отырысында түсініктеме беруге, азаматтық талапқа қатысты материалдарды қылмыстық іске тігу үшін ұсынуға мүмкіндік берілуге тиіс.
Соттың талабы бойынша азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, егер сот талапты дұрыс шешу үшін зерделеу қажет деп тапса өздерінің қолдарында бар заттарды, құжаттарды, өзге де дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
Азаматтық талапкер талап мөлшерін азайтуға (мысалы, айыпталушы немесе азаматтық жауапкер зиянды өз еріктерімен ішінара өтесе) немесе көбейтуге құқылы. Осы орайда, егер сот отырысында азаматтық талапкер көрсеткен талап сомасының сотқа дейінгі тергеу барысында анықталған сомадан жоғары екені анықталса және мұның өзі қылмыстық құқық бұзушылықты саралауға ықпалын тигізсе, онда осы мән-жай ҚПК-нің 340-бабының бесінші бөлігінің тәртібімен істі қарауды кейінге қалдыру және прокурорға жаңа айыптау актісін жасау үшін қажет уақытты беру үшін негіз болып табылады.
Сотталушының (азаматтық жауапкердің, оның өкілдерінің) азаматтық талапты мойындауы азаматтық талапты қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болатынын соттар назарда ұстағандары жөн. Азаматтық талап бойынша шешім қабылданғанға дейін сотталушының жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәлі екені немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті әрекетті жасағаны, сондай-ақ олардың әрекеті мен келтірілген зиянның арасындағы себепті байланыс анықталуға тиіс. Осы мақсатта залалдың сотталушының немесе есі дұрыс емес адамның қандай әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келтірілгені, мұның қандай дәлелдемелермен расталатыны, залал сомасының қаншалықты екені, оның неден құралатыны, кімнің заңға сәйкес материалдық жауапкершілік көтеретіні және залалдың кімнің пайдасына өндірілетіні тиянақты анықталуы керек.
Сотталушы (азаматтық жауапкер, оның өкілдері) талапты мойындауға құқылы, бұл сотты істі мұқият және әділ талқылап, азаматтық талап бойынша заңды шешім қабылдаудан босатпайды.
Істі қысқартылған тәртіппен сотта талқылауды жүргізу кезінде азаматтық талап бойынша зерттеу жүргізілмейді. Сотталушының (азаматтық жауапкер мен оның өкілдерінің) азаматтық талапты мойындамауы қылмыстық іс бойынша, оның ішінде азаматтық талапқа қатысты мән-жайлар бойынша сот тергеуін толық көлемінде жүргізуге әкеп соғады.
Егер қылмыстық істі қарау барысында жәбірленуші (ол азаматтық талапкер де) сотталушымен татуласуына байланысты қылмыстық істі қысқарту туралы өтініш берсе және қылмыстық құқық бұзушылықпен өзіне келтірілген зиян толық өтелді деп мәлімдесе сот оған осы негіз бойынша істің, оның ішінде азаматтық талап бөлігінде қысқартылуының салдарын түсіндіріп, жәбірленушінің аталған арызды өз еркімен бергенін, зиянды өтеудің мән-жайларын және оның мөлшерін анықтауға тиіс.
Азаматтық талапты қараудың нәтижелері бойынша сот мына шешімдердің біреуін қабылдай алады: азаматтық талапты толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы; азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы; азаматтық талапкердің азаматтық талабын қанағаттандыру құқығын тану және оның мөлшері туралы мәселені соттың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауына беру туралы; азаматтық талаптан бас тартуды қабылдау және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы; бітімгершілік келісімді не дауды азаматтық талап бойынша медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы; азаматтық талапты қараусыз қалдыру туралы.
Үкімнің (қаулының) сипаттама-дәлелдеу бөлімінде сот тараптардың азаматтық талапқа деген пікірін көрсетіп, соттың азаматтық талап туралы мәселені шешу кезінде пайдаланған материалдық және процестік заңдардың нормаларына сілтеме жасап, азаматтық талап бойынша қабылданған шешімнің тиісті уәждері мен негіздерін көрсетуге тиіс. Соттың азаматтық талап бойынша қабылданған шешімі үкімнің (қаулының) қарар бөлімінде баяндалады.
Егер сот қылмыстық іс бойынша айыптау үкімін шығарса немесе есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарса, азаматтық талап толық немесе ішінара қанағаттандыруға жатады. Талапты толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы шешімді сот келтірілген зиянның сипаты мен мөлшерінің дәлелденгенін, зиян мөлшерінің қандай жағдайларға байланысты келтірілгенін негізге ала отырып қабылдайды.
Азаматтық талап ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақтарында көрсетілген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылған кезде де толық қанағаттандырылуға жатады. Күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе олардың заңды өкілдері келтірілген шығынның сомасын даулаған жағдайда, азаматтық талап даудың мәні бойынша шешіле отырып, іс бойынша іс жүргізу ҚПК-нің 35-бабының төртінші бөлігінде көзделген қағидалармен жалғасады.
Азаматтық талапты қылмыстық іспен бірге қарау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеудің негіздері, шарттары, көлемі мен тәсілі азаматтық, еңбек және басқа да заңнамалар нормаларына сәйкес анықталады. Зиян келтiргенi үшiн жауаптылықтың жалпы негiздерi АК-нің ерекше бөлігінің 47-тарауында белгіленген.
Сот үкімнің қарар бөлімінде өндірілуге жататын соманы көрсете отырып, азаматтық талапты толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы не азаматтық талапкердің азаматтық талабын қанағаттандыру құқығын тану және талаптың мөлшері туралы мәселені соттың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауына беру туралы не талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы не азаматтық талапты қараусыз қалдыру туралы, жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекет кірісіне өндірілуге жататын мемлекеттік баждың мөлшері туралы шешімді көрсетеді.
Бірнеше сотталушыға қойылған азаматтық талапты қанағаттандыру кезінде сот нақты қандай соманың кімнен, бірлесіп немесе үлестік тәртіппен өтелетінін үкімнің қарар бөлімінде көрсетуге тиіс. Егер мүліктік зиян аса ауыр қылмыс жасау нәтижесінде келтірілсе және сотталғанда оны өтеу үшін жеткілікті мүлік болмаса, үкім шығарған сот жәбірленушінің немесе оның құқықтық мирасқорының өтініші бойынша ҚПК-нің 71-бабының жетінші бөлігіне сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен толық көлемде, бірақ 150 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, ақшалай өтемақыны төлеу туралы қаулы шығаруға тиіс. Соттың аталған қаулысы атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада белгіленген тәртіпте еріксіз орындалуға жатады.
Егер залал бірнеше адамның бірлесіп жасаған қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде келтірілсе, онда сотталып отырғандардың кәмелетке толғандары да кәмелетке толмағандары да өздерінде мүлік немесе өзге табыс көздері болған жағдайда материалдық жауапкершілікті АК-нің 932-бабына сәйкес ортақтасып көтереді. Сот жәбірленушінің арызы бойынша және оның мүддесі үшін зиянды бірлесіп келтірген адамдарға үлестік жауапкершілік жүктеуі мүмкін.
Сот талапты қанағаттандыра отырып, үкімнің (қаулының) қарар бөлімінде азаматтық жауапкердің шешімді азаматтық талап бойынша өз еркімен орындау мерзімін белгілеуге және үкімде (қаулыда) көрсетілген мерзім өткеннен кейін сот актісі азаматтық талап бөлігінде мәжбүрлеп орындауға жататыны туралы көрсетуге тиіс.
Үкімді азаматтық талап бөлігінде мәжбүрлеп орындау атқарушылық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Сот сотталушыға тиесілі мүліктің басқа біреудің иелігінде екенін, сондай-ақ оның басқа адамдармен бірге ортақ меншігіндегі мүлкінің қылмыстық жолмен табылған ақшаға алынғанын анықтап, тиісті дәлелдемелер келтіре отырып, залалдың осы мүліктен де өндіріліп алынуы үшін бұл туралы үкімде көрсетуге тиіс.
Қылмыстық іс барысында азаматтық талап қойылған кезде тек талапкер ғана мемлекеттік баж төлеуден босатылады, сондықтан талап толық немесе ішінара қанағаттандырылған жағдайда сот үкімде жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекеттік бажды мемлекет пайдасына толық немесе талаптың қанағаттандырылған бөлігіне сәйкес өндіру туралы мәселені шешеді.
Сот азаматтық жауапкердің азаматтық талапты қанағаттандыру туралы құқығын тану және оның мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беру туралы шешімді үкімде (қаулыда) көрсетеді және қылмыстық істің басты сот талқылауы кезінде талапты қанағаттандыру үшін заңда көзделген барлық негіздер анықталған жағдайларда ғана және олар талаптың негізді екенін айғақтаса, алайда, оның мөлшерін қылмыстық істі кейінге қалдырмай анықтау мүмкін болмаса (мысалы, мүліктік залалдың мөлшерін растайтын құжаттардың болмауына және басқа да себептерге байланысты) осындай шешім қабылдануы мүмкін.
Соттың азаматтық жауапкердің азаматтық талапты қанағаттандыру туралы құқығын танып, азаматтық талаптың мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беруі үкім заңды күшіне енгеннен кейін соттың үкімнің және азаматтық талапқа қатысты материалдардың тиісінше куәландырылған көшірмелерін қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиян үшін өндірілуге жататын өтемақының мөлшерін азаматтық талапкердің пайдасына толық есептеу үшін соттылығы бойынша тиісті сотқа жіберуін білдіреді. Осы орайда қылмыстық істі қарайтын сот азаматтық талапкердің азаматтық талапты қанағаттандыруға құқығын мойындай отырып, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде қарауға жататын мәселелерді алдын ала анықтап, олар бойынша тұжырымдарды үкімде көрсетуге құқылы емес.
Сот қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиян үшін өндірілуге жататын өтемақының мөлшерін есептеу туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қараған кезде талапты қанағаттандырудан бас тартуға немесе талапты кері қайтаруға құқылы емес, өйткені ҚПК-нің 127-бабының үшінші бөлігіне сәйкес талапты қанағаттандыру құқығы танылатын заңды күшіне енген сот үкімі азаматтық істі қарау кезінде сот үшін осы бөлігінде міндетті болып табылады.
Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жәбірленушінің стационарда емделуіне жұмсалған қаржысын өтеу туралы істердің соттылығы жөніндегі мәселені шешу кезінде, АПК-нің 30-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, талапкердің талабының өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілген жер бойынша қаралатынын назарда ұстаған жөн.
Азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болуы анықталмауына немесе сотталғанның қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысуы не есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті әрекетті жасағаны дәлелденбеуіне байланысты ақтау үкімі шығарылған кезде қабылданады.
Егер сот отырысында қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның әрекетімен зиян келтірілмегені не сотталушының немесе есі дұрыс емес адамның әрекеті мен келтірілген зиянның арасында себепті байланыстың жоқ екені анықталған жағдайда да талап қанағаттандырылмауға тиіс.
Қылмыстық істі мәні бойынша қарау кезінде азаматтық талапты негізсіз қараусыз қалдыруға жол берілмеуі керек екенін соттардың назарда ұстағандары жөн.
ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5), 7), 8) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылған кезде азаматтық талап қараусыз қалдырылуы мүмкін.
Сотталғанның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтау үкімі немесе істі қысқарту туралы және есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негіз жоқ деген қаулы шығарылғанда да азаматтық талап қараусыз қалдырылады.
Азаматтық талап азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің сот отырысына келмеуіне байланысты да қараусыз қалдырылуы мүмкін. Алайда, сот азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің сотқа келген-келмегеніне қарамастан, өз бастамасымен мұны қажет деп тапса не басты сот талқылауына қатысып отырған прокурор азаматтық талапты қолдаса немесе азаматтық талапкердің және оның өкілінің азаматтық талапты өздерінің қатысуынсыз қарау туралы өтініші болса азаматтық талапты қарауға құқылы.
Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында азаматтық талапты қараусыз қалдыру азаматтық талапкерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою құқығынан айырмайды.
Азаматтық талап қойылып, оны қамтамасыз ету шаралары қолданылған қылмыстық іс қысқартылған жағдайда сот азаматтық талапкерге көрсетілген шаралардың күшін жоятыны туралы түсіндіруге тиіс. Мұндай жағдайда талапкер талапты азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы талап қоюға әрі өтініш беруге құқылы.
Сот жәбірленушіге, азаматтық талапкерге, олардың өкілдеріне басты сот талқылауының хаттамасымен, басты сот талқылауының дыбыс-, бейнежазбасымен танысу және оларға өздерінің ескертулерін жасау құқығын түсіндіруге міндетті, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетілуі тиіс. Сот отырысының хаттамасына ескертулер жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі. Белгіленген мерзімдер бұзылып ресімделген хаттамаға қол қойылған күн туралы аталған адамдар хабардар етілуге тиіс.
Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері сот үкімінің азаматтық талап бөлігіндегі шешіміне апелляциялық шағым бере алады. Азаматтық талапкерлердің әрқайсысы үкімнің өзінің талабына қатысты бөлігіне ғана шағым беруге құқылы. Апелляциялық өтінішхатты тиісті прокурор ҚПК-нің 414-бабының екінші бөлігіне сәйкес бере алады.
Шағымдарды немесе өтінішхатты берген адамдар оларды апелляциялық сатыда сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып ала алады. Сондай-ақ өтінішхатты жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін.
Процеске қатысушылар түскен шағымдар, өтінішхат туралы хабардар етілуге тиіс және олардың оған өздерінің қарсылықтарын беру құқығы түсіндірілуі керек, олар сондай-ақ апелляциялық шағымдар, өтінішхат бойынша істің қаралатын уақыты мен орны туралы хабардар етілуге тиіс.
Азаматтық талапкерлер мен азаматтық жауапкерлер, олардың өкілдері апелляциялық сатының отырысына қатысып, азаматтық талапқа қатысты мән-жайлар бойынша түсініктемелер беруге құқылы. Апелляциялық саты отырысының болатын жері мен уақыты туралы тиісінше хабардар етілген жағдайда олардың сот отырысына келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
Қамаудағы азаматтық жауапкерді (сотталғанды) сот отырысына шақыртудың қажеттілігін апелляциялық сатының соты шешеді. Егер шағымда немесе өтінішхатта өндірілетін соманың мөлшерін көбейту немесе азаматтық талап бойынша сотталғанның жағдайын өзгедей нашарлату туралы мәселе қойылса, оның апелляциялық сатыға қатысу туралы өтініші міндетті түрде қанағаттандырылуға тиіс.
Апелляциялық сатыдағы сот үкімнің азаматтық талап бөлігіндегі заңдылығын тексере келіп, ҚПК-нің 432-бабының талаптарын ескере отырып, үкімді азаматтық талап бөлігінде өзгертуге құқылы. Азаматтық талап бойынша шешім үкімнің қарар бөлігінде көрсетілмеген жағдайларда, сот талап арызды зерттемеген, берілген азаматтық талап бойынша талапкер мен жауапкерден жауап алмаған, үкімде азаматтық талап жөнінде ешқандай тұжырым жасамаған және қарар бөлігінде азаматтық талап бойынша шешімін мүлде көрсетпеген жағдайларда, апелляциялық сатыдағы сот азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердің сот талқылауына және азаматтық талапты мәні бойынша қарауға қатысуы туралы заң талаптарын орындай отырып, сот тергеуін жүргізеді. Сот талқылауының қорытындылары бойынша апелляциялық сатыдағы сот ҚПК-нің 432-бабының талаптарына сәйкес талап бойынша уәжді шешім қабылдап, үкімді азаматтық талап бөлігінде өзгертеді.
ҚПК-нің 433-бабында көрсетілген негіздер бойынша үкімнің күшін жою үкімге шағым берілгеніне, сондай-ақ прокурордың осы бөлікте оған өтінішхат келтіргеніне қарамастан, азаматтық талап бөлігінде де оның күшін жоюға әкеп соғады.
Сотталушының әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына не есі дұрыс емес адам жасаған әрекеттің сипаты мен оның жағдайы қоғамға қауіп төндірмейтін және мәжбүрлеп емдеуді қажет етпейтін медициналық мәжбүрлеу шараларын оған қолдануға негіздің болмауына байланысты немесе ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5), 7) және 8) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша үкімнің күші жойылған және іс тоқтатылған кезде апелляциялық саты азаматтық талапты қараусыз қалдырады.
Егер апелляциялық саты ақтау үкімін шығарса, сол сияқты қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен (бұдан әрі - ҚК) тыйым салынған әрекеті анықталмауына, не сотталушының қатысуы немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті әрекетті жасағаны дәлелденбеуіне не сотталушының немесе өзіне қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы мәселе шешіліп жатқан адамның қылмыстық құқық бұзушылықты немесе ҚК-мен тыйым салынған әрекетті жасаудағы кінәсі анықталмауына орай іс тоқтатылса, онда осы саты азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
ҚПК-нің 170-бабының үшінші бөлігінде және алтыншы бөлігінің 3) тармағында көзделген жағдайларда азаматтық талапты қарау қылмыстық істен бөлектеп алынған материалдардың негізінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен және АПК-де көзделген соттылық қағидалары қолданыла отырып жүзеге асырылады.
Үкімнің күші толық көлемде жойылғаннан кейін қылмыстық істі жаңадан қарау кезінде азаматтық талап ҚПК-де көзделген жалпы негіздер бойынша қайтадан қаралады.
Азаматтық талапкердің, оның өкілінің шағымында немесе прокурордың өтінішхатында көрсетілген тиісті уәждер болғанда ғана апелляциялық саты үкімді азаматтық талап бөлігінде өндірілетін соманы ұлғайту жағына қарай өзгертуі (есептен кеткен қатені түзеуден басқа), талаптан бас тарту туралы шешімді бұзуы және талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауы не азаматтық жауапкердің (сотталғанның) жағдайын нашарлататын азаматтық талап бойынша өзге шешім қабылдауы мүмкін.
ҚПК-нің 494-бабының он төртінші бөлігіне сәйкес, істі кассациялық тәртіппен қарау кезінде сот өтінішхаттың немесе наразылықтың шегінен шығып, егер осы орайда сотталған адамның жағдайы нашарламаса, шағымдалған, наразылық келтірілген үкімнің заңдылығын азаматтық талап бөлігінде толығымен тексеруге құқылы.
ҚПК-нің 665-бабына сәйкес алқабилердің қатысуымен шығарылған үкім азаматтық талап бөлігінде ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағында және екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде ғана кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
Соттар азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған заң талабының бұзылуының, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген мүліктік зиянды өтеудің әрбір жағдайына назар аударып, жеке қаулы шығарып отыруға тиіс.
Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасы
Е.Е.Ибраимов
[xfvalue_img]
44 пікір