ОТБАСЫН САҚТАУ БАСТЫ ОРЫНДА
Бұл тұрғыда көбіне ерлер тарапынан алкогольді ішімдікке, ойынқұмарлыққа салынушылар көп. Ішімдік араласқан жерде сенім де қалмайды. Салауатты өмір салтын бүкіл отбасына насихаттап, ұл-қызының болашағы үшін жағымсыз әдеттерден өзін тыятындар бар, жоқ емес.
Солардың қатарын көбейту бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Өркениетті қоғам құруға бет бұруда мемлекетіміз үшін әрбір отбасының рөлі зор. Сондықтан, ерлі-зайыптылар кез келген мәселеде балалары үшін ортақ мәмілеге келуге және әрқайсысы өзінің әкелік, аналық міндеттеріне салғырттық танытпауы тиіс.
Мысалы, республика соттарына ерлі-зайыптылардың арасындағы заңды некені бұзу, дүние-мүлікті бөлу, бала тәрбиесі, алимент және тағы басқа да мәселелерге қатысты түсіп жатқан азаматтық істер саны артуда. Сотқа ерлі-зайыптылардың бірінен жоғарыда аталған мәселелер бойынша талап арызы түскеннен кейін татуластырушы судья он жұмыс күні ішінде бітімгершілік процедураларын өткізеді.
«Бірлігі бардың – тірлігі бар» деп бабаларымыз айтқандай, соттар әрқашанда ерлі-зайыптылардың бірлігін сақтауға, сол арқылы тірліктерін одан әрі жалғастырып кетулеріне мүдделілік танытады. Райларынан қайтып, шаңырақтарын қайта түзесе, нұр үстіне нұр, балаларының болашағы жарқын болады. Медиацияның бүгінгі таңдағы елеулі игілігі осы болып отыр. Азаматтық процестік заңнамаға енгізілген жаңа норма даудың сотқа дейін немесе сотта реттелуін көздейді. Заңдағы түзетулер тұлғалардың арасындағы дауларды екі жаққа тиімді етіп шешуге, жанжалдың алдын алуға бағытталған.
Бұл жағдайда сотқа дейінгі хаттама жасалып, онда тараптардың дауды реттеуге байланысты ұсыныстары мен дәлелдері көрсетіледі. Татуластырушы судья тараптардың әрқайсысына қатысты бейтарап позицияны ұстана отырып, олардың дауды өзара реттеуіне жәрдемдеседі. Заң талабына сай, тараптар бітімгерлік процедураның түрін дербес таңдауға құқылы.
Татуластыру рәсімдері олардың арасындағы дауға ортақ келісімге келумен соңғы нүкте қоюдың алғы шарты. Сот шешіміне екі тараптың бірі ғана риза болады. Себебі, сотта бір тарап міндетті түрде жеңіліс табады. Ал, медиациялық келісімдерде ұтқан немесе ұтылған жақ болмайды. Тараптардың екеуі де өздерін қанағаттандыратын шешімге қол жеткізеді. Осы сбепті, бұл жерде судья дауласушыларды бітімгершілікке үндейді.
Тараптардың құқықтарын жан-жақты түсіндіріп, дауды сотқа дейін реттеудің өздері үшін тиімді екенін саралап береді. Қай жағынан алғанда да медиацияның мүмкіндігі мол. Ең алдымен процесс соттың және тараптардың уақытын, қаржысын үнемдейді. Бұл дауласушылар үшн де, сот үшін де тиімді. Тараптар басы артық шығындардан арылады. Денсаулықтары сақталады. Олай дейтініміз, татуластыру рәсімдері арқылы шешімін тапқан іс бойынша төленген мемлекеттік баж салығы тараптарға қайтарылады.
Ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік соңы ажырасуға әкеледі. Ал, түсініспеушіліктердің өзі көбінесе ұсақ нәрседен басталады. Олар менмендік пен жиналған өкпелерін сыртқа шығарудың кесірінен бір-біріне деген үлкен реніштен орын алады, балалардың мүддесі де аяқасты болады. Соның салдарынан балалар психологиялық, моральдық тұрғыда азап шегіп, күйзеліске ұшырайды. Сондықтан отбасының ынтымақтығын сақтауға, балалардың болашағын жарқын етуге ерлізайыптылар бірдей күш салуға тиіс. Отбасының тұтастығы қоғам мен мемлекет үшін алдыңғы орында.
Айгуль Туралиева
Ақжайық аудандық сотының жетекші маманы
Батыс Қазақстан облысы
[xfvalue_img]
7 пікір