Тіл - ел байлығы
«Тіл- тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап, айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауы тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана, ол маңайындағыны саралап, ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.
Тілге құрмет – елге құрмет! Тілді өркендету - баршаның ісі. Тіл тек қарым – қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз 90 - жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек болады. Бұл біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны. Ең бастысы, қазір қазақстандықтар тарапынан мемлекеттік тілді қолдау және дамыту бағытында барынша мүдделік танытып отыр. Бүгінгі күні тілді дамыту жан жақты қарастырылуда. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан тама – тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлде қайда жоғары деңгейде көтерілер деген сенімдемін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.
Ч.Г.Каныбеков
Ақтөбе гарнизоны әскери соты әкімшісінің аға сот приставы
[xfvalue_img]
19 пікір