Азаматтың құқықтық және әрекет қабілеттілігі
Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне сәйкес, азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi (азаматтық құқық қабiлеттiлiгi) барлық азаматтарға бiрдей деп танылады(ҚР АК 13-бабы). Азаматтың, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы шегiнде де, одан тыс жерлерде де мүлiктi, соның iшiнде шетел валютасын меншiктенуге; мүлiктi мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркiн шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзi немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бiрiгiп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасасып, мiндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтiң өзге де туындыларына интеллектуалдық меншiк құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүлiктiк және жеке мүліктік емес құқықтары болады.(ҚР АК 14-бабы)
- Азамат тегi мен есiмiн, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесiнiң атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен мiндеттер алады және оларды жүзеге асырады.
- Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi көзделуi мүмкiн.
- Азаматтың туған кезде берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгерту азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.
- Азамат өз есiмiн заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша өзгертуге құқылы. Есiмiн өзгерту оның бұрынғы есiмiн, жасырын немесе бүркеншiк атпен алған құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға немесе өзгертуге негiз болмайды.
- Азамат өзiнiң борышқорлары мен несие берушiлерiне өз есiмiн өзгерткенi туралы хабарлау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi және бұл адамдарда оның есiмi өзгертiлгендiгi туралы мәлiметтер болмауынан туған ықтимал зардаптарға тәуекел етедi.
- Есiмiн өзгерткен азамат өзiнiң бұрынғы есiмiне ресiмделген құжаттарға тиiстi өзгерiстер енгiзiлуiн талап етуге құқылы.
- Басқа бiр адамның есiмiмен құқықтар мен мiндеттер иеленуге жол берiлмейдi.
- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азамат өз есiмi оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.
- Азаматтың есiмiн заңсыз пайдалану нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.
Азаматтың есiмi оның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн әдiстермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстiң 143-бабында көзделген ережелер қолданылады. (ҚР АК 15-бабы)
- Азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады.
- Он төрт жасқа толмаған адамдардың (жас балалардың) немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жерi олардың заңды өкілдерінің тұрғылықты жерi болып танылады.
- Азаматтың жеке және заңды тұлғалармен, сондай-ақ мемлекетпен қарым-қатынастарында пайдаланатын заңды мекенжайы болады.
Азаматтың тiркелген жерi оның заңды мекенжайы болып танылады.
Азаматтарды тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азаматтың тұрғылықты жерi және заңды мекенжайы туралы ақпарат оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы. (ҚР АК 16-бабы)
Азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi (азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi) кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады.
- Заң құжаттарында он сегiз жасқа жеткенге дейiн некелесуге рұқсат етiлетiн жағдайда, он сегiз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемiнде әрекет қабiлеттiлiгiне ие болады.
- Егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, барлық азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi тең болады.
Жоғарыдағыларды қорытындылай келе, құқық қабілеттілігінен айырмашылығы, әрекет қабілеттілігі азаматтың ерікті әрекеттерді жасауымен байланысты, бұл психикалық жетілудің белгілі бір деңгейіне жетуді білдіреді. Толық азаматтық іс-әрекет қабілеттілігі 18 жасқа толған азамат үшін танылады.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты кеңсесінің кеңсе меңгерушісінің м.а. М.А. Абдуалиева
[xfvalue_img]
17 пікір