Мемлекеттік тіл
Қазақстан Республикамызда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Тәуелсіз Қазақстанда тіл мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Өйткені тіл - біздің ана тіліміз - Туымыз, Ел таңбамыз, Ән ұранымызбен қатар біздің елдігіміздің басты белгілерінің бірі болып саналады. «Тіл туралы» Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол- қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда.
Тілді оқып-үйренуді барынша жоғары деңгейге көтеру қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тіл туралы талап міндеттерінде «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген. Бұл әр қазақстандықтың қастерлі парызы. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін, жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.
Ең бастысы, қазір қазақстандықтар тарапынан мемлекеттік тілді қолдау және дамыту бағытында барынша мүдделік танытып отыр. Бүгінгі күні тілдерді дамыту жан жақты қарастырылуда. Тіл тағдырына деген жеке адам ретінде жанашырлығымызбен қамқорлығымыз артуда. Қазіргі таңда көптеген отбасылар балаларын қазақ тілінде оқытатын мектептерге ана тілін жетік меңгеру үшін беріп, оқытып жатқандары қуантарлық жағдай. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деген сенімдемін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек, деген сана әрбір Қазақстан Республикасының азаматының қасиетті парызы болуы қажет деп санаймын.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық әскери сотының аға приставы
Д.А.Давыдов
[xfvalue_img]