Тергеу судьяларының кейбір өкілеттерінен туындайтын мәселелер туралы
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-Процесстік Кодексі (әрі қарай ҚПК) 2014 жылдың 4 шілде қабылданып, 2015 жылдың 1 қантарынан бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа ҚПК-де, бұрынғы Қылмыстық іс жүргізу кодексіне қарағанда біраз новеллалар қарастырылған.
Оның ішінде, тергеу судьяның институты енгізілген.
2015 жылдан 2018 жылға дейін тергеу соттары ашылғанша, тергеу судьялар ретінде қылмыстық істер қарайтын және жалпы юрисдикциядағы соттардың судьялары атқарды.
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, Қазақстанның барлық облыстарында мамандырылған тергеу соттары өз жұмыстарын бастады.
Тергеу судьяның 28-ден астам өкілеттіктері ҚПК-нің 55 бабында көрсетілген.
Осы өкілеттірінің ішінде үшеуі бойынша ерекше айтып кету керек, атап айтқанда күзетпен ұстауды санкциялауды, олардың мерзімін ұзарту және анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарау.
Осы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 1 «Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы» және 2012 жылғы 27 маусымдағы №3 «Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды соттардың қарауы туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабы)» Нормативтік қаулылары қабылданған.
Дегенмен, тергеу судьялардың сот тәжірибесінде көптеген сұрақтар туындайды.
Тергеу органы жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетін жағдайларды қоспағанда, адам қылмыс жасады деген күдік бойынша – 48 сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алынуы мүмкін.
ҚПК-нің 147 бабының 3 бөлігіне сәйкес, прокурор ұстап алу мерзімі өтерден кемінде 8 сағат бұрын тергеу судьясына өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының көшірмелерін қоса бере отырып, күзетпен ұстауды санкциялау жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулыны ұсынуға міндетті.
Сөйтіп, тергеуші және прокурор кұзетпен ұстау мәселесін санкциялау туралы мәселесін шешу үшін 40 сағаттан аспайтын мерзім берілген, соңында қалған 8 сағат тергеу судьясына белгіленген.
Бірақтан, тергеу соттардың тәжірибесінде, тергеу органы және прокурор өздеріне белгіленген 40 сағаттан тыс шығып, тергеу судьяға құзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатын тым кеш ұсынуы жиі орын алуда.
Әрине, бұл фактілер бойынша тергеу судьясына тиісті шара қолдану үшін жекеше қаулы шығару тура келеді, бірақ қорғау тарапына және тергеу судьясының өзіне аталған материалды қарауға кері әсерін тигезіті сөзсіз, себебі бұл мәселе санкциялаудан бас тартуға себеп бола алмайды.
Сондықтан, ҚПК-нің 147 бабының 3 бөлігінде көзделген мерзімді сақтамалмауы, құзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауға бас тартылуға жататын мән-жай ретінде дербес негіз ретінде енгізілгені жөн деп санаймын.
ҚПК-нің 148 бабының 4 бөлігіне сәйкес, тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты күдіктінің, айыпталушының қатысуынсыз қарауына күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жарияланған немесе олар Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде қылмыстық процесті жүргізетін органға келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі.
Аталған норма бойынша, тергеу судьясы тергеуден бой тасалап жүрген күдіктіге құзетпен ұстауды оның қатысуынсыз қарау құқығы берілген (сырттай).
Ұстап алынған жағдайда күдікті, айыпталушы таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігін қарау үшін тергеу судьясына жеткізіледі, деп көрсетілген.
ҚПК-нің осы нормасында сырттай кұзетпен ұстауға санкция берілген күдікті үсталған кезінен, таңдалған бұлтартпау шарасын қолдануының негізділігін тексеру үшін нақты қанша сағатта, тәулікте,тергеу судьясына жеткізілетіні айқындалмаған.
Бұл мәселе, тек Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 24 қаңтардағы №1 «Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік Қаулысының 12 тармағында, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялаған адам ұсталғаннан кейін күзетпен ұстауды қолданудың негізділігі туралы мәселені қарау үшін ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін жердегі тергеу судьясына дереу жеткізіледі, деп түсіндірме берілген.
Алайда, тергеу органы, сырттай күзетпен ұстауға санкцияланған күдіктіні, ұсталған сәттен тергеу судьясына дереу емес, бірнеше тәулік, тіпті бір айдам астам уақыт өткен соң ғана тиісті өтінішхатпен ұсынады.
Бұл мән-жайлар әрине қорғау тарапының сотта тыңдалып, сот әділдігіне қол жету құқықтарын өрескел бұзады.
Сондықтан, ҚПК-нің 148 бабының 4 бөлігіне өзгеріс енгізіп, ұсталған күдіктіні тергеу судьясына жеткізілетін мерзімін нақты көрсетілу тиіс. Заңға өзгерісте, нақты көрсетілген уақытта, сырттай санкцияланған күдіктіге тергеу судьясының қолданған бұлтарпау шарасының негізді деген қаулысы түспеген жағдайда, ол дереу қамаудан босатылатыны көрсетілгені дүрыс болады.
Айта кететін үлкен мәселе, күзетпен үстау түріндегі бұлтартпау шарасын ұзартуы.
ҚПК-нің 151 бабыбың 1 және 4 бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күзетпен ұстау мерзімін екі айдан асыруға болмайды.
Аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін 12 айдан астам, бірақ 18 айдан аспайтын мерзімге ұзартуына айрықша жағдайларда, жол беріледі.
Бұл заң нормалары дұрыс және халықаралық стандарттарға сай келеді.
Дегенмен, ҚПК-нің 152 бабының 6 бөлігіне сәйкес, күзетпен ұстау мерзімі күдіктінің күзетпен қамалған кезінен бастап оған тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаны туралы хабарлағанға және қылмыстық іс материалдарымен танысу құқығы түсіндірілгенге дейін есептеледі.
Күдіктінің және оның қорғаушысының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауды тергеу судьясы осы Кодекстің 148, 151-баптарында көзделген тәртіппен санкциялайды және оның мерзімін ұзартады, деп көрсетілген.
Енді осы норманы талқылай кетсек, күдікті адамның қамауда болуы 18 айдан аспау тиіс деген нормамен қайшы келеді және сот тәжірибесінде, айптау үкімі шықпаса да, тергеу барысында жылдап құзетпен ұстау фактілері барлығымызға белгілі.
Осыған байланысты, ҚПК-нің 151-152 бабтарына сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде және тараптардың қылмыстық іспен танысу кезеңінде құзетпен ұстау тұріндегі бұлтартпау шарасының мерзімі жалпы 18 айдан аспауға тиіс деген норманы енгізген жөн деген пікірге келемін.
Осы мәселеге қоса, күдіктелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың ауырлығына қарай, диффиренциялық әдісті енгізіп, мысалы, онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар санатына жататын істер бойынша құзетпен ұстау мерзімі 3 айдан аспайтын, ауыр қылмыстар бойынша 9 айдан аспайтын, аса ауыр қылмыстыр бойынша 18 айдан аспайтын мрезімге деп, бөліп көрсетілгені дұрыс болатын еді.
Тергеу соттардың күрделі өкілеттіктерінің біреуі ҚПК-нің 106 бабымен анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарау.
ҚПК-нің 106 бабының 1 бөлігіне сәйкес, құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуында, тергеп-тексеру мерзімдерін үзуде, қылмыстық істі тоқтатуда, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруда, тінтуді және (немесе) алуды жүргізуде, өзге де әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылуы туралы арызды қабылдаудан бас тартуға шағыммен сотқа жүгінуге құқылы.
Біріншіден, тергеу судьясы, шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтауға тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексеруге тиіс.
Сөйтіп, тергеу судьясы, шағымды қараған кезде, жоғарыда аталған құзыреті шеңберінде ғана, тергеу органның және прокурордың әрекеті мен шешімінің тексереді.
Сонымен қатар, ҚПК-нің 56 бабының 4 бөлігіне сәйкес, тергеу судьясы істі мәні бойынша шешу кезінде сотта қараудың нысанасы болуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешуге, тергеп-тексеру бағыты және тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар беруге, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамдардың және қадағалаушы прокурордың, сондай-ақ істі мәні бойынша қарайтын соттың орнына әрекет жасауға және шешім қабылдауға тиіс емес.
Сондықтан, тергеу судьясы, шағымды қараған кезінде, тек іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексереді және қадағалаушы прокурордың құзыретін өзіне алалмайды.
Бұл ұғым, ҚПК-нің 23 бабының 5 бөлігіне сәйкес, яғни сот қылмыстық қудалау органы болып табылмайды, айыптаушы немесе қорғаушы тарап жағында әрекет етпейді және құқық мүдделерiнен басқа қандай да болсын мүдделердi бiлдiрмейдi деген қағидатқа сәйкес келеді.
Сондықтан, қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің тиісті тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы немесе күдіктінің оған байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы шағымдар қараусыз кері қайтарылуға жататынын түсіндеру керек.
Керсініше, ҚПК-нің 105 бабына сәйкес, қадағалаушы прокурордың құзыреті өте кең көлемінде екенін үмытпау жөн.
Мысалы, ҚПК-нің 106 бабыме ншағым беру үшін, 15 тәулік мерзіммен шектелген, ал ҚПК-нің 105 бабына тергеу бөлімнің бастығы мен қадағалаушы прокурорға шағымда беру мерзмі шектелмеген, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің кез келген сатысында бере алады.
Сонымен қатар, қадағалаушы прокурор, ҚПК-нің 105 бабымен шағымды қараған кезде, барлық дәлелдемелерге баға бере алады, оларды жол берілметіндігі ретінде тани алады, қылмыстық істі қысқарта алады және көптеген құзыреттері берілген.
Сондықтан, ҚПК-нің 106 бабына өзгеріс енгізіп, тергеу сотына шағым берер алда, міндетті түрде осы шағыммен қадағалаушы прокурорға жүгіну қажеттігін енгізу қажет, себебі сотқа дейінгі дауды шешу қағидат орын алады.
ҚПК-нің 106 бабының 8 бөлігіне де өзгеріс енгізетін уақыт келгені анық.
Мысалы, аталған нормада, тергеу судьясы тек 2 шешім қабылдай алады, олар шағымды қанағаттаныдру туралы немесе керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы.
Бұл нормада, шағымды қайтарып алған жағдайда, немесе ҚПК-нің 106 бабымен қаралмайтын шағым болса оны қараусыз қайтару туралы шешім қабылдауын енгізу керек.
Шағымды қараусыз қалдыру құқығы тек, 2012 жылғы 27 маусымдағы №3 «Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды соттардың қарауы туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабы)» Нормативтік қаулыда түсіндірілген.
Тергеу соттардың тәжірибесінде, бір тараптың бір негіздегі және мазмұндағы шағымды бір сәтте немесе қайталап берілген жағдайда, оларды біріктіріп қарау немесе бұрын қаралып кетсе қараусыз қайтару мәселесі де көзделмеген.
Айта кететін бір мәселе, ҚПК-нің 106 бабының 5 бөлігіне сәйкес, шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, тұлғаның келіспеген шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде не прокурордың өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін дәл сол мерзімде немесе, егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап берілуі мүмкін.
Енді іске қатысушыларда осыдан бір сұрақ туындайды.
Тергеу судьясына шағым берер алда, мысалы адвокат прокуратураның барлық сатыларын өткен сәтте, атап айтқанда, ҚПК-нің 105 бабына сәйкес, шағымды алдымен қадағалаушы аудан прокурорына беріп, одан кейін облыс прокурорына, содан кейін Бас Прокуратурға шағымданған соң, 15 тәулік мерзімі тергеу судьясы неге аудан прокурорының жауабын алған соң есептейді, себебі ҚПК-нің 105 бабының 1 бөлігінде, прокурордың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және шешiмдерiне шағымдар жоғары тұрған прокурорға берiледi.
Сондықтан, ҚПК-нің 106 бабының 5 бөлігіне, шағымды прокурордың өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін дәл сол мерзімде немесе, егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап, процесті жүргізетін орган тұрған жердегі немесе іс бойынша қадағалаушы прокурор тұрған жердегі орналасқан тергеу сотқа немесе аудандық сотқа, берілуі мүмкін, деп өзгеріс енгізілу тиіс.
Біріншіден, бұл өзгеріс тараптарға ҚПК-нің 105 бабында көзделгендей, барлық прокуратура сатылардан асықпай өтуіне ықпал етеді, яғни тараптар дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешу мүмкіншілігін жүзеге асырады.
Екіншіден, Бас Прокуратураның шешімін алған соң, ҚПК-нің 106 бабының тәртібімен шағымды Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу сотына емес, қадағалаушы аудан немесе облыс прокуратура орналасқан жердегі тергеу сотына немесе аудандық сотына бере алатыны анық болады.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот жанындағы Академияның доценті
Айбек Әбу
[xfvalue_img]
21 пікір