Баянды болашаққа нық сеніммен қараймыз!!!!
Мінеки, уақытпен жылжып Тәуелсіздік мерекесі де келіп қалды.
16 желтоқсан- елдің жаңа заманда өз алдына егемен ел болған күні. Бұл күннің орны халқымыз үшін ерекше және теңдесі жоқ тарихи күн, өйткені әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу – ұлы арман. Ата-бабаларымыздың да көптен көксегені осы асыл арман еді.
Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы демократия қағидаларын басшылыққа алған, асыл қазынасы мен байлығын – Қазақстан халқы деп танитын, экономикасы қарыштап дамыған, алыс және жақын шет елдердің арасында айтулы беделі бар мемлекет ретінде орнығып, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткізгеніміз баршаға аян. Бұл Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты саясатының нәтижесі – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында.
«Тәуелсіздікті алғаннан тәуелсіздікті ұстап тұру анағұрлым қиынырақ» деген еді тұңғыш президентіміз.Сол сөздің жаны бар. Бүгінде барлық сала осы бағытта жұмыс істеп, қызмет етіп келеді. Соның ішінде сот жүйесінің де талай ірі реформаларды қолға алып, оң жетістікке жеткеніне барша жұрт куә.
1991 жылдан бастап жүргізілген реформалар дербес сот билігінің қалыптасуы мен орнығуына, сот жүйесінің ұйымдық негіздерінің дамуына, оны кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді жетілдіруге, демократиялық, құқықтық мемлекеттің заңдылық негізін бекітудің қажетті алғышарттары ретінде соттың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталды. Сот жүйесінде болған түбегейлі өзгерістер баршаның сотқа қолы жетуін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген тұлғалардың өз құқықтарын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашып, азаматтардың сот билігіне сенімін күшейтіп, заман талабына сай жаңғыртуда.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмысын бастаған сот жүйесі мен бүгінгі соттың жағдайы мүлде салыстыруға келмейді. Әділ сот төрелігінің халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін электронды ресурстары кеңінен пайдалана бастады. Осы орайда, іске қосылған жаңа ақпараттық сервистердің арқасында ел азаматтары үйлерінде немесе жұмыс орындарында отырып-ақ, сотқа жүгіне алатындай жағдай жасалды.
Сонымен бірге, осы жылдар аралығында жаңадан заңдар қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік Кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі, Азаматтық процестік Кодексі, алқабилер соты енгізілді, "Медиация туралы" заңы қабылданды, мамандандырылған соттары пайда болды, жария-құқықтық дауларды сапалы шешу үшін жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді.
Ал Батыс Қазақстан облысына келер болсақ, осы жылдар арасында қаланың ең көрікті жері – қала алаңында орналасқан әсем ғимарат соттарға берілді. Бұл ғимаратта БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық, Орал қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттары және Орал қаласының №2 соты орналастырылды.
Барлық соттарда судьялар мен мамандардың жұмыс атқаруына барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып, соңғы үлгідегі компьютерлер іске қосылып, жаңа жиһаздармен жабдықталды.
Қорытындай келе айтарым, еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтті, демек бұның бәрі біздің тарихи жолымыз. Айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Ең бастысы біз бүгінде қуатты, егемен, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Сақтайтын, ардақтайтын дүниеміз, Тәуелсіздік деген ең қымбат құндылығымыз бар. Сондықтан әр қазақстандық ендігі жеңіс те ерлік өз қолында екенін түсінуі қажет, сонда Біз қашанда алға, баянды болашаққа нық сеніммен қараймыз.
Еліміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың жақсы тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі – Тәуелсіздігіміздің мерейі үстем болсын.
БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы
У.Е.Хайруллина
[xfvalue_img]