Сот елорда тұрғынын тұрғын үй алу кезегінде қалпына келтірді
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ары қарай-ӘРПК) 9 бабының 1 тармағында көрсетілгендей әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Азамат Е. мемлекеттік мекемеге өзін жетімдер санатындағы тұрғын үй беруге мұқтаждар кезегін қалпына келтіруді және тізімнен шығарған бұйрықтың күшін заңсыз деп тану, кезекке сәйкес тұрғын үй беруді міндеттеу туралы әкімшілік талап қойып, сотқа жүгінді.
Арызда отбасы құрамында төрт бала көрсетіліп, 2010 жылдың қазан айынан коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатымен кезекке қойылғандығын, алайда қазіргі уақытта жауапкер-мекеме өзін кезектен заңсыз шығарғанын, ол жөнінде сәйкес құжаттармен таныстырылмағандығын көрсеткен.
Әкімшілік істі қарау барысында мүдделі тұлға ретінде тартылған жетім балалардың қамқоршысы – әжесі Б. 2010 жылы өтініш толтырған уақытта әр балаға жеке өтініш толтыру қажеттігі мекеме қызметкері тарапынан түсіндірілмегендігін, сондықтан бір өтініште 4 жетім бала көрсетілгендігін, алайда қазіргі уақытта немересі Е. баспана алу кезегінде жоқ болып шыққандығын түсіндіріп, арызды қанағаттандыруды сұрады.
Жауапкер өкілі арызбен келіспей, талапкерді 2010 жылдың қазан айынан бастап тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қоюға заңды негіз жоқтығын алға тартып, арызды қанағаттандырудан толық бас тартуды сұрады.
Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 71 бабы негізінде коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруге болатын Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды тұрғылықты жерi бойынша ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады.
Жоғарыдағы Заңның 67 бабы 1 тармағы 1-1) тармақшасы негізінде коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Заңның 73-бабы негізінде заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайды.
Алайда әкімшілік істі қарау барысында талапкер Е.-нің «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатымен кезегі бойынша баспана алу құқығы бұзылғандығы, оның 2010 жылдан тұрған кезегі сақталмай, немесе қарындасына берілген пәтерге жанұя құрамына кірмей қалғандығы анықталды.
ӘРПК-нің 7 бабы 1 тармағы негізінде әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асыруы тиіс.
Кодекстің 8 бабында көрсетілгендей егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.
Жоғарыдағылар негізде сот жауапкерді шешім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзім ішінде азамат Е.-ні коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатымен кезекке тіркелген күннен бастап, яғни 2010 жылдың қазан айының 14 күнінен кезегін қалпына келтіруді міндеттеу туралы шешім қабылдады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
Сәуле Қабидолдина
[xfvalue_img]
12 пікір