«Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен - соттың белсенді рөлі артты»
Елдегі заң үстемдігінің нығайуы, азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуы, әділдіктің салтанат құруы заңдардың сапасына тікелей байланысты болғандықтан, ел заңнамаларының қатары толығып, жаңарып отыруы заман талабы.
Оның бір дәлелі, қазіргі таңда елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес әкімшілік әділет жүйесі енгізіліп, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Республика тарихында алғаш рет «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» (әрі қарай, ӘРПК) қолданысқа енуі.
Сот пен басқа да мемлекеттік органдар әрдайым жаңа заңнамалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы қажет. Өйткені, халықтың заң сауаттылығының деңгейі - бұл кез келген қоғамның дамуының маңызды аспектілерінің бірі.
Ал, ӘРПК қолданысқа енгеннен күннен бастап "Әкімшілік рәсімдер туралы" және "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" заңдардың күші жойылады.
Аталған заң шеңберінде азаматтардың құқықтарын неғұрлым тиімді қорғау мақсатында республиканың облыс орталықтарында және Қаскелең, Семей, Жезқазған, Екібастұз қалаларында 21 жаңа әкімшілік сот құрылады.
Сонымен қатар, талап қоюшының таңдауы бойынша кейбір талап қоюлар аудандық сотта да қаралуы да мүмкін. Бұл үшін талап қоюшы жеке тұлға болуы және арызын аудандық сотта қарау туралы өтінішін беруі қажет. Бұдан басқа, талап қоюы кәсіпкерлік қызметімен байланысты болмауы керек және талап қоюшы сол аудандық сот орналасқан ауданда тұруы тиіс.
Жалпы алғанда жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сонымен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Әкімшілік сот ісін жүргізу міндетіне жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғап, қалпына келтірумен қатар, әділ, бейтарап және уақытылы шешу кіреді.
Кодекске сай, талап қоюлар өз ерекшеліктеріне қарай келесідей төрт түрге бөлінеді: 1) дау айту туралы талап қою; 2) мәжбүрлеу туралы талап қою; 3) әрекет жасау туралы талап қою; 4) тану туралы талап қою.
Әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу 12 қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы қағидаттар ішіндегі ерекшесі соттың белсенді рөлі қағидаты.
Бұл қағидат бойынша азамат мемлекеттік органның шешімімен келіспесе, сотқа талап арызбен жүгінсе жеткілікті. Бұл талаптар «мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қаралады. Бұл ретте, мемлекеттік орган сотта өз шешімінің, әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиіс. Өз кезегінде сот тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектеліп қалмай, дауды шешуде маңызға ие барлық мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті зерттейді. Сот өз бастамасы бойынша қосымша мәліметтер мен дәлелдемелер жинауға құқылы. Бұдан басқа жаңа заң аясында судьяға әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын.
Сонымен қатар бұл Кодексте «Татуластыру рәсімдерін» кеңінен қолданылуы қарастырылған. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі.
Кодексте ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу және ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шаралары көзделген. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне 10 айлық есептік көрсеткіштен бастап 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады. Ақшалай өндіріп алу сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын, процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда және әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмеген, сотқа уақтылы хабарламаған жағдайда қолданылады.
Бұдан басқа, Кодекстің тағы бір ерекшелігі сот өз шешімдерінің орындалуына қатаң бақылауы. Бұл ретте, жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген, ол сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін. Сот шешімін орындамаған жағдайда жеке, лауазымды, заңды тұлға немесе оның өкілі мөлшері 50-ден 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы төлейді.
Жаңа Кодекс мемлекеттік құрылымдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесінде және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауға септігін тигізетіні сөзсіз.
М.Ө.Шүкіров
Қаратөбе аудандық сотының төрағасы
[xfvalue_img]