МЕРДІГЕРЛІК ШАРТЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ, САБАҚТАС ШАРТТАРДАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

МЕРДІГЕРЛІК ШАРТЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ, САБАҚТАС ШАРТТАРДАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

 

Қазіргі таңда нарық экономикасының талаптарына сәйкес, азаматтық құқық субъектілерінің арасындағы қатынас белсенді түрде жүріп жатыр. Олар азаматтық айналымға экономикалық мүдделерін ескеріп, өздерінің пайдаларын асыру және құқықтарын жүзеге асыру мақсатында қатысуда.

Бірақ, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Қоғамда әрбір азамат күнделікті өмірде өзіне қандай да бір жұмыстың орындалғанын және ол жұмыстан жоғары сапалы нәтиже алғанын қалайды. Жеке тұлғалардың әр түрлі мүліктерді жасауға немесе өңдеуге қажеттілігі туындауы мүмкін, ал сол қажеттіліктерді қанағаттандыруға арнайы кәсіби білімдері жеткіліксіз болып жатады. Сонымен қатар, заңды тұлғалардың да жобалау және іздестіру жұмыстарына, құрылыс жұмыстарына, автокөліктерін техникалық қадағалау және жөңдеу жұмыстарына қажеттіліктері туындайтынын атап көрсету керек. Осыдан азаматтық құқық субъектілерінің арасындағы жұмыс жасау және қызмет көрсету қатынастары азаматтық айналымда маңызды орын алатынын байқауға болады.  

Қызмет көрсету саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің проблемалары көптен бері цивилистердің назарын аударып келеді. Мердігерлік шарты ежелгі рим құқығына белгілі болған, себебі мердігерлік қатынастар өз бастауын ежелгі рим құқығынан алады. Классикалық рим құқығында жалдау шартының үш түрі орын алған: 1) мүлікті жалдау; 2) қызметті жалдау; 3) жұмысты жалдау немесе мердігерлік. Сол уақытта қандай да бір жұмыста немесе қызметте қажеттіліктерді қанағаттандыру тәсілі ретінде құлдардың қызметі пайдаланылатын. Егер жұмысты орындаушы құл болса, мүлікті жалдау шарты жасалған, ал егер тәуелсіз рим азаматы болса мердігерлік шарты жасалған. Бұл дегеніміз қызметті жалдау шартымен мердігерлік шартының бөлініп шығуына себеп болған. И.Б.Новицкийдің пікірінше: «Қызметті жалдау шартымен мердігерлік шартының айырмашылығы - мердігерлік шартында әрдайым экономикалық нәтиже орын алып отырған, мұндай нәтиже қызметті жалдау шартында болмаған».

Қазіргі таңда мердігерлік шарты ең кеңінен тараған азаматтық құқықтық шарттардың бірі болып табылады.

Мердігерлік шарты міндеттеменің бір түрі болып табылады. ҚР Азаматтық кодексінің 616-бабы мердігерлік шартын келесідей түсіндіреді: «мердігерлік шарты бойынша бір тарап (мердігер) екінші тараптың (тапсырысшының) тапсырмасы бойынша белгілі бір жұмысты атқаруға және белгіленген мерзімде оның нәтижесін тапсырысшыға өткізуге міндеттенеді, ал тапсырысшы жұмыс нәтижесін қабылдап алуға және оған ақы төлеуге (жұмыстың бағасын төлеуге) міндеттенеді»

Мердігерлік шарты шаруашылық және тұрмыстық қызметтің көптеген саласында қолданылады, атап айтқанда, азаматтардың жеке тапсырмаларын орындау, құрылыс жүргізу, жобалау және іздестіру жұмыстары, пайдалы қазбаларды алу, ғылыми зерттеу жұмыстарына тапсырыс.

Әрбір осындай шарттардың түрлері жасалатын жұмысқа және олардың нәтижелеріне байланысты өзіндік құқықтық ерекшеліктерімен ерекшеленеді.

Көбінесе, мердігердің жұмысы белгілі бір нәтижеге жетуге бағытталады, мысалы үшін, мүлік жасау, оған жөңдеу жүргізу, құрылыс объектілерін салу т.б. Яғни, мердігер жұмыстың нәтижесін тапсырысшыға өткізуге міндетті.

Ең кең тараған мердігерлік шарты ол құрылыс мердігерлігі және тұрмыстық мердігерлік шарты болып табылады. Бірақ, шарттың басқа да түрлері, мәселен, жобалау және іздестіру жұмыстарына мердігерлік және ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструкторлық, технологиялық жұмыстарға мердігерлік шарты да сұранысқа ие.

Қазіргі таңда Қазақстанда мердігерлік шарты жеткілікті түрде зерттелмеген, себебі мердігерлік шарты заң әдебиеттерінде зерттеліп болғанымен, мердігерлік қатынастарды құқықтық реттеудің кемшіліктері, ҚР Азаматтық кодексінің мердігерлік туралы нормаларының жетілмегендігі, кодексте көзделген ережелердің мән-жайды нақтыламауы байқалады. АК-де елеулі және қалпына келмейтін кемшіліктердің түсінігі берілмеген, мердігердің жұмысты өзінің тәуекелімен жасауының мәні айқындалмаған, шартты орындау барысында туындаған маңызды мән-жайлар туралы тараптардың бірін-бірі ескерту мерзімі мен тәртібі және т.б. жағдайлар көрсетілмеген.

Өкінішке орай, тәжірибеде мердігерлік шарты туралы заңнаманы дұрыс қолданбаған кездер әлі де кездеседі, мұндай жағдай көбінесе құқық нормаларын дұрыс түсінбегеннен болып жатады. Мердігерлік қатынастарды реттейтін заңнаманы дұрыс әрі тиімді қолдану үшін оның нормаларын дұрыс түсіну қажет. Бұл дегеніміз шарттың тараптары заңның талаптары шеңберінде әрекет жасауы тиіс, ал сот органдары жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында шешім шығару барысында тиісті заң нормаларына барынша дұрыс сілтеме жасау қажет.

Осы тақырыпта мен магистрлік жұмысымды жазғанымда келесідей ұсыныстар жасаған болатынмын, мәселен:

1.Заң нормаларына, атап айтқанда Қазақстан Республикасының азаматтық кодексіне мердігерлік шарты бойынша жасалған жұмыс құнының баға инфляциясына сәйкес қайта есептеуді реттейтін норма енгізу.

  1. Тапсырысшы жұмыс нәтижесін уақытылы қабылдамаған кезеңде, мердігер жұмыс нәтижесін абайсызда бүлдіріп алса, жауапкершілік пен кінә тек қана мердігерде ғана емес, тапсырысшыда да болады. Сондықтан мұндай ережені заңнамаға бекіту қажет.

            3.Азаматтық заңнаманың мердігерлік туралы ережесіне «сапа», «кемшілік» ұғымдарының анықтамасын енгізу қажет. Мұндай түсініктердің енгізілуі мердігерлік қатынастарды құқықтық реттеуді біршама жеңілдетеді.

            4.Тапсырысшының мердігерге жәрдем беру тәртібі, жағдайы, көлемі заңнамамен нақты айқындалмаған.

Мердігерлік шартының объектісі мен пәні мазмұны бойынша әр түрлі. Мердігерлік шартының объектісі мердігердің белсенді әрекеті, тапсырысшының тапсырмасы бойынша мердігердің қандай да бір жұмысты орындауы.

Ал, мердігерлік шартының пәні мердігердің жасаған жұмысының нәтижесі болып табылады. Мәселен, салынған ғимарат, жасалған немесе жөңделген мүлік. Бұл мердігерлік шартының түсінігіне анализ жасағанда анықталды, себебі мұнда мердігердің жұмыс нәтижесін беруі және тапсырысшының жұмыс нәтижесін қабылдап, оған ақы төлеуі туралы айтылған. 

Осы уақытқа дейін қосалқы мердігерлік шартының құқықтық табиғатын анықтау, мердігерлік шартының объектісі мен пәнінің қатынасы, жұмыс жасау барысында шарт талаптарынан ауытқу және оның кемшіліктер ұғымымен қатынасы жөнінде теориялық тұрғыда проблемалар кездеседі.

Сонымен қатар, жасалған жұмыстың құнының инфляцияға сәйкес қайта есептелу мәселесі ашық күйінде қалып отыр, коммерциялық құпия болып табылатын жаңа шешімдер мен техникалық білімдер және мәліметтер туралы ақпаратты тараптардың үшінші тұлғаларға хабарлау тәртібі мен мерзімі заңмен реттелмеген.

Мердігерлік шартын басқа шарттардан теория жүзінде айыра білу оны тәжірибеде дұрыс қолдануға септігін тигізері сөзсіз. 

Көбінесе мердігерлік шартын еңбек шартымен шатастырады. Кеңестік ғылым бұл мәселеге өз назарын аударған болатын. Олардың ұқсастығына және жақындығына бірден бір себеп, екі шарттың да еңбек процесімен тығыз байланыстылығы. Қазіргі таңда тәжірибеде орын алып жүрген еңбекті ұйымдастыру формасы осы екі құқықтық қарым-қатынасты жақындатқаны сондай, арасындағы тетікті анықтау қиындық тудырып отыр. Әсіресе, азаматтардың еңбек шарты негізінде орындап жүрген жұмыстары осы аталғанға дәлел болып табылады. Еңбек қатынасында қай шарт негізгі болады, еңбек шарты ма әлде мердігерлік шарты ма, мұны анықтау үшін аталмыш екі шарттың арасындағы айырмашылықты түсіну қажет. Мердігерлік шартында тапсырысшының және еңбек шартында жұмыс берушінің шартқа отыратын себептері – қандай да бір маманның жасаған жұмысына қажеттілік. Бірақ қажеттілікті қанағаттандыру әдісі мен формасы әр түрлі. Мәселен, мердігерлік шартында тапсырысшының мүддесі мердігердің жасаған жұмысының нәтижесінен көрінсе, еңбек шарты бойынша жеке кәсіпкердің мүддесі жұмысшының өз мамандығына, дағдысына және лауазымына сәйкес нақты еңбек функциясын атқаруынан көрінеді. Басқаша айтқанда, еңбек шартында еңбек процесі регламенттеледі, ал мердігерлік шартында нәтижеге жету жолы регламенттеліп, жұмыс нәтижесін тапсырысшыға өткізу көзделеді.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 19-бабына сәйкес, қызметкер және жұмыс беруші еңбек қатынастарының субъектілері болып табылады. Ал, мердігерлік шартының субъектілері тапсырысшы және мердігер болып табылады. Еңбек шартында жұмысшы жұмыс берушімен бекітілген ішкі еңбек тәртібіне бағынады. Ал мердігер болса жеке субъект ретінде тапсырысшының берген тапсырмасын тапсырысшыдан тәуелсіз орындайды. Мердігерлік шартының тағы да бір ерекшелігі тапсырманы орындау мерзімінде. Еңбек шартында еңбек ету мерзімі уақытпен шектелмеген. Сонымен қатар, аталған ерекшелік еңбек шартын өтелмелі қызмет көрсету шартынан айыруға да көмектеседі. Мердігер нақты бір айқындалған жұмысты орындау үшін тартылса, жұмысшы жұмыс берушінің кез-келген тапсырған жұмысын жасау үшін тартылады. Сонымен бірге, барлық орындаушылар бір ұжымның ішіне біріктірілген, олар азаматтық заңнаманың белгілеріне сәйкес заңды тұлға болмаса да, басқа нормалардың негізінде, атап айтқанда, ұжымдық шарттардың, еңбек шарттарының негізінде құқық субъектісі болып табылады.

Сонымен қатар, мердігерлік шартын интеллектуалдық меншік объектісін (кітап жазу, техникалық есепті шешу, техникалық үлгіні конструкциялау) жасау шартымен шатастыруға болмайды. Бірақ, кейбір ұқсастықтарын байқау қиын емес, әсіресе ғылыми жұмыстарға мердігерлік шартында. 

Ең маңызды айырмашылығы, интеллектуалдық меншік объектісін жасаушы, оның шығармашылық қызметінің мақсаты неден тұратынына қарамастан, тапсырысшының меншігіне немесе пайдалануына шығармашылық идеяның тек объективтік материалданған үлгісін береді. Яғни, осы идеяны болашақта материалдық дүниеге айналатынына сенеді. Осы идеяның өзі орындаушының интеллектуалдық меншігінің объектісі болып табылады. Ол өз кезегінде айрықша құқыққа ие.

Сондай-ақ, мердігерлік шартында мердігер жұмысты өз материалдарымен, күш-жігерімен, қаражатымен, яғни өзінің қатысуымен орындайды. Жұмысты орындау барысында мүлікті абайсызда бүлдіруден немесе жоюдан келтірілген зиян үшін  шартта көзделген ақыны ала алмау қауіпіне тәуекел етеді. Ал, еңбек шартында жұмысшының еңбек ақысы жасалған жұмыс ешқандай нәтиже бермесе де төленеді. Жоғарыда аталғандарды саралайтын болсақ, еңбек шарты бойынша жұмысшының жасаған барлық мүлкі жұмыс берушіге тиесілі болып табылса, мердігерлік шарты бойынша мердігердің жасаған мүлкі, оларды тапсырысшыға өткізгенше, мердігердің меншігінде болады. Азаматтық құқық ғылымында еңбек шартын оның пәні бойынша да ажырату мүмкіндіктері қолданылған. 

Мердігерлік шартының тауар жеткізілімі шартымен де өзіндік ұқсастығы бар. Мәселен, мердігерлік шарты бойынша бір тарап екінші тарапқа қандай да бір жаңа мүлікті жасап соның меншігіне немесе жедел басқаруына өткізеді. Аталған екі шарттың ұқсастығы тараптардың құқықтары мен міндеттері сәйкес келеді. Мысалы, мүлікті өткізу және сол үшін ақы төлеу міндеті. Мердігерлік пен тауар жеткізілімін байланыстыратын белгі – мүлікті өткізу, яғни шарт жасасқан уақытпен мүлікті өткізген уақыт арасында үзіліс болады. З.М.Фаткудиновтің айтуынша, тауар жеткізілімі шарты тек қана азаматтар жүгінген жағдайларда жасалады, ал мердігерлік шарты болса жүгінген жағдайда және өңдіріс саласында жасалады.            

Тауар жеткізілімі шартында және сатып алу-сату шартында тараптарды мүліктің қандай жолмен жасалғаны қызықтырмайды. Сатып алушы тауар берушіге жұмысты орындау жөнінде қандай да бір тапсырма бере алмайды.  Мердігерлік шартын да, тауар жеткізілімі шартын да жасасқан сәтте тапсырысшыға немесе сатып алушыға берілуге тиіс мүлік дайын болмайды, оны жасау қажет. Бірақ, қандай да бір мүлікті жасау жұмысы тауар жеткізілімі шартымен қарастырылмайды. Осы екі шарттың айырмашылығына келер болсақ, тауар жеткізілімі шарты қоғамның жалпы қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталса, мердігерлік шарты тапсырысшының жеке тапсырмаларын орындауға бағытталады. Сонымен қатар, мердігерлік шартында мүлік мердігердің де, тапсырысшының да материалдарынан жасалуы мүмкін. Ал, тауар жеткізілімі шартында мүлік тек қана тауар жеткізушінің материалынан жасалады. Тауар жеткізілімі шартында тауар жеткізуші шартта белгіленген мерзімде мүлікті өткізуге міндет алса, мердігерлік шартында мердігер алдымен шартта белгіленген мерзімде жұмысты орындауға міндеттенеді, содан соң тапрсырысшыға жұмыс нәтижесін өткізеді.

Азаматтық құқық ғылымында мердігерлік шартымен өтелмелі қызмет көрсету шартын ажырата білу қажет. Атап көрсететін жағдай, мердігерлік шартында да, өтелмелі қызмет көрсету шартында да орындаушының шарт негізінде атқаратын қызметінің мәні қызмет көрсету болып табылады. Бұл жерде қызмет көрсетудің мағынасы кең экономикалық тұрғыда айтылып отыр.   

            Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 683-бабына сәйкес, өтелмелі қызмет көрсету шарты бойынша орындаушы тапсырысшының тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге (белгілі бір іс-әрекет жасауға немесе белгілі бір қызметті жүзеге асыруға) міндеттенеді, ал тапсырысшы бұл қызмет көрсетуге ақы төлеуге міндеттенеді. Аталған баптың екінші тармағында осы шартпен реттелетін қызмет түрлері көрсетілген, олар: байланыс қызметі, медициналық, мал дәрігерлік, аудиторлық, консультациялық, ақпараттық қызмет көрсетуге, оқыту бойынша көрсетілетін қызмет, туристік қызмет және Кодекстің 32,34,35,39,41,43,44-тарауларында көзделген шарттар бойынша көрсетілген қызметтерді қоспағанда өзге де қызмет көрсетулерге қолданылады. Аталғандардан бұл шарт бойынша жасалатын қызмет қандай да бір нақты нәтижемен аяқталмайтыны және шыққан нәтиже материалдық емес дүние ретінде қарастырылатынын байқауға болады. Керісінше, мердігерлік шартының пәні жасалған немесе қайта өңделген мүлік түріндегі материалдық нәтиже болып табылады, ол өз кезегінде тапсырысшыға беріледі. Өтелмелі қызмет көрсету шартының мердігерлік шартынан тағы бір айырмашылығы, алғашқысын орындаушы жеке өзі орындауы тиіс.

Мердігерлік шартын сабақтас шарттардан ажыратудың заңдық және тәжірибелік маңызы бар. Заңдық маңызы - әр шарттың өзіндік құқықтық режимі қалыптасуы қажет. Мәселен, Азаматтық құқықтың 32-тарауыныңи 1-параграфы «Мердігерлік туралы жалпы ережелер» деп аталады. Мұнда мердігерлік шартының жеке түрлеріне қатысты жалпы ортақ ережелер бекітілген.

Сонымен қатар, аталған тараудың келесі параграфтары мердігерлік шартының жеке түрлеріне арналған. Яғни, мердігерлік шартының жалпы ережелері бірінші параграфта қарастырылғанымен, шарттың жеке түрлеріне қатысты ережелер келесі параграфтарда нақтыланып, қосымша айқындалған десек болады.

Тәжірибелік маңызына келер болсақ, қандай да бір шарттан туындайтын дауларды шешу үшін азаматтық заңнаманың нормалары қолданылады. Алайда, шарттың әрқайсысына қатысты дау заңның сол шарттқа қатысты нормасымен шешілуі тиіс.

Осы аталғандар негізінде ойымды түйіндер болсам, мердігерлік шартын сабақтас шарттардан ажыратудың тәжірибелік маңызы, осы шарттардан туындайтын дауды шешу үшін қажет заңды құрал деп санаймын.

Б.Ш.Журабаев

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық

сотының судьясы                                                                            

           

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.