Пандемиядан кейінгі тұрақты даму перспективалары халықаралық онлайн-форумда талқыланды
2020 жылдың 10-20 сәуір аралығында онлайн-форматта өткен Тұрақты даму және инновациялар бойынша ІІІ Орта азиялық ғылыми форумының пленарлық сессиясында Орталық Азия мүддесі үшін әріптестік пен ынтымақтастық мәселелері басты тақырыпқа айналды.
Ү.ж. наурызында Лондонда өтуі тиіс форум COVID-19 пандемиясына қарамастан онлайн-форматта Ұлыбританиядағы қазақстандық PhD қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің және Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен өтті.
Форумның басты мақсаты – аймақтың тұрақты дамуы үшін ілкімді ғылыми жобаларды таныстыру және талқылау мақсатында Орталық Азияның дарынды зерттеушілеріне платформа ұсыну. Сонымен қатар форум Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуына бағытталған ғылыми жобаларға тарту үшін мемлекеттік органдардан, бизнес-құрылымдардан және қоғамдық ұйымдардан әлуетті әріптестер іздестіруге ықпал етеді.
Бірнеше күн қатарынан форум қатысушылары қазіргі ғылым мен индустрия үшін ең өзекті тақырыптарды талқылады. Назарбаев университеті, Лондонның университеттік колледжі, Лафборо, Кардифф, Манчестер университеттері, Еуразиялық технологиялық университет, Вагенинген университеті және басқа да Еуропаның және Қазақстанның жетекші оқу орындарының студент-докторанттары мен ғалымдары робототехника, жасанды интеллект, білім, денсаулық, энергетика және т.б салалардағы жобалары мен озық ойларын ортаға салды.
Мәселен, 10 сәуірде «Өзара тиімді принцип бойынша Қазақстанда табысты мансапқа қалай қол жеткізуге болады: жас ғалымдарға арналған кеңестер» атты форумалды сессия болып өтті. Сессиядан кейін Еуразиядағы «BBC World News» коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин медиа және коммуникациялар бойынша шеберлік сабағын өткізді.
13 сәуірде форумды гендерлік теңдік бойынша сессия жалғастырып, оған ҚР Парламентінің депутаттары Ирина Смирнова және Нұржан Әлтаев, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Тұрсынбекова қатысты. Сессия спикерлері болған қазақстандық зерттеушілер Қазақстанды және Орталық Азия елдерін гендерлік теңдікпен қамтамасыз ету тақырыбы бойынша баяндамалар оқыды.
14 сәуірде «Тұрақты даму мақсатына жетуде робототехника мен жасанды интеллекттің рөлі» тақырыбында сессия болып өтті. Мария Патшайым университеттінің докторант-робототехнигі Бөкейхан Омарәлі күрделі міндеттерді орындату үшін операторға роботтың қимылын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін виртуалды шындық саласындағы зерттеу жобасы туралы айтып берді.
15 сәуірде инклюзивті білім беру, кибер-қудалаудан балаларды қорғау, жоғарғы оқу орындарындағы кәсіпкерлік экожүйе және т.б тақырыптарды қамтитын білім саласындағы тұрақты даму мәселелері қозғалды.
16 сәуірде өткен денсаулық және тұрақты даму туралы сессия коронавирустың жаңа түріне қарсы дәрі және вакцина жасаудың ұтымды жолдары тақырыбын қамтымай қоймады. Кардифф университетінің студент-докторанты Мұхит Құлмағанбетов SARS-CoV-2 (жаңа коронавирустың) сыртқы мембранасын ем әрі вакцина ретінде пайдалану туралы жобасымен таныстырды.
17 сәуірде «Энергетика және қор тиімділігі» тақырыбында өткен сессия қайта қалпына келетін энергия көздеріне көшуде туындайтын мәселелерге арналды.
Пікірталас кезінде мемлекеттік және жеке секторлардың өкілдері әлеуеті зор зерттеу жобалары бойынша әріптестік орнату үшін мүмкіндіктері мол екендігін айтты.
Форумның соңғы күнінде өткен пленарлық сессияға ҚР Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудман, «Елбасы Академиясы» КҚ директоры Фархад Қуанғанов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) басшысының жанындағы кеңестің стратегиялық даму бойынша бас директор профессор Александр Ван де Путт, «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымының басқарушы директоры Ләззат Асқарова, Лафборо университетінің зерттеулер мәселелері жөніндегі проректоры Стив Ротберг, БҰҰ Ақпараттық бюросының Қазақстандағы директоры Властимил Самек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалимова, Британ Кеңесінің білім және қоғамдық даму саласы бойынша бағдарламалар директоры Ричард Эверитт, Еуразиядағы «BBC World News» коммерциялық өкілдігінің Басшысы Сергей Становкин, Данди университетінің энергетикалық құқық, халықаралық құқық және жаһандық реттеудің профессоры Волкер Ройбен және «One Young World» халықаралық ұйымының даму жөніндегі директорының орынбасары Тесса Далинг қатысты.
Сессия мақсаты жергілікті және жаһандық деңгейде болсын тұрақты даму мақсатына жету үшін мүдделі тараптардың мүмкіндігінше басым көпшілігін біріктірудің жолдарын талқылау болды. Олар: мемлекеттік мекемелердің, индустриялардың өкілдері, оның ішіне венчурлік капитал, және әлбетте ғалымдар.
Елші Ерлан Ыдырысов өз сөзінде COVID-19 пандемиясы сенімнің жетіспеушілігі, іс-әрекеттер үйлесімінің жоқтығы, жаппай жалған ақпарат тарату және т.б қазіргі заманның шын сын-тегеуріндері мен проблемаларын ашып көрсеткенін атап өтті. Оның пайымдауынша, аталған себептерге байланысты форум мен оған ұқсас алаңдар пандемиядан кейінгі өмір туралы сұрақтарға жауап іздеуде ерекше мәнге ие.
Форумды үшінші жыл қатарынан Ұлыбританиядағы қазақстандық PhD қауымдастығы Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының, Қазақстандағы БҰҰ ақпараттық бюросының, Британ-Қазақстан қоғамының, Еуразиялық технологиялық университетінің, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының және Лафборо университетінің қолдауымен ұйымдастырып келеді.
Әдеттегі форматтағы форумды Лафборо университетінің Лондондағы алаңында ү.ж қазан айында өткізу жоспарланып отыр.
Форумның пленарлық және басқа да сессиялары онлайн режимде Facebook платформасында (3 мыңнан астам қаралым) көрсетілді; жазылымды мына жерден көруге болады.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
4 пікір