Харьковта Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды
Харьков қаласында (Украина) Харьков, Полтава және Сумы облыстарын қамтитын Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мекеменің басшысы болып - Харьков кәсіпкері, аймақтағы үлкен тәжірибесі бар белгілі заңгер және меценат Эмин Наджафли тағайындалды.
Қазақстанның Украинадағы Елшісі Самат Ордабаев өз сөзінде Құрметті консулдықтың қазақстан-украиндық қатынастардың барлық салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Қазақстанның мүдделерін ілгерілету, елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ еліміздің азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Айта кету керек, Украинаның шығыс аймағының қуатты экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуеті бар. Аймақта химия, отын-энергетика, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі дамыған. Сонымен қатар, Харьков, Полтава және Сумы облыстарында агроөнеркәсіп кешені өте қарқынды дамуда.
Іс-шараға Харьков облыстық әкімшілігінің, Харьков қаласының басшылығы, Харьков облыстық кеңесінің депутаттары, дипломатиялық корпустың, аймақтың іскер топтарының өкілдері, Харьковтағы қазақ диаспорасы, БАҚ және басқалар қатысты.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]