Мемлекеттік қызметшілер күні: Ақмола облысында сала үздіктері марапатталды
23 маусым күні «Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілері күніне арналған ауқымды салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік аппараттың беделі мен маңызын айшықтайтын бұл іс-шара әдеттегідей жас мамандардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімімен шымылдығын түрді.
Мерекелік іс-шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов баяндама жасап, әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі бүгінде цифрлы, ашық және халық үніне құлақ асатын мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осынау реформалар мен стратегиялық міндеттерді іс жүзінде абыроймен жүзеге асырып, қоғаммен тығыз байланыс орнатып отырған - қатардағы мемлекеттік қызметшілер. Сондықтан бүгінгі салтанатты сәтте олардың ерен еңбегі мен зор үлесін ерекше атап өткен жөн. Отандық мемлекеттік қызмет жүйесі ашықтық, сервистік сипат, ұтқырлық пен клиентке бағдарлану, сондай-ақ бюрократиядан арылу бағытында айтарлықтай жетістіктерге жеткенімен, алдымызда әлі де ауқымды стратегиялық белестер тұр», - деп атап өтті Департамент басшысы.
Шара аясында өңірдің мемлекеттік қызмет саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер Департамент басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты жиынға қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова да әріптестеріне жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде ол заманауи мемлекеттік қызметшінің бойында табылуы тиіс негізгі құндылықтарға - адалдық, әділдік, ашықтық пен адамға бағдарлану қасиеттеріне тоқталды.
Сонымен қатар, А. Әміренова саладағы маңызды заңнамалық жаңалықтарды тілге тиек етті:
«Ағымдағы жылы қабылданған жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңы мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялаудағы түбегейлі қадам болды. Құжат мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін көтеруге және мемлекеттік органдар жұмысының өнімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа Заң шеңберінде қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтетін қосымша кепілдіктер қарастырылған. Оның ішінде еңбекақыны жүйелі түрде өсіру, еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс күндерін беру, сондай-ақ басқа өңірге ротацияланған жағдайда тұрғын үймен және балабақшадан орынмен қамтамасыз ету шаралары бар» - деп атап өтті.
Мерекелік бағдарлама барысында көп жылдар бойы мінсіз қызмет атқарған сала майталмандарына жоғары деңгейдегі ведомстволық наградалар - «Мемлекеттік қызмет ардагері» және «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілері табыс етілді. Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан үлгілі жұмысымен көзге түскен қызметкерлерге ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты іс-шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сала ардагерлері және қоғам қайраткерлері қатысты. Ресми бөлімнен кейін жиналған қауым назарына аймақтың өнерпаздары дайындаған патриоттық және мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды.
Жазира Сейтмағанбетова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі
[xfvalue_img]
