Қазақстан мен Нидерланд арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды
Бүгін Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі дипломатиялық қатынастардың
30 жылдығын атап өтуде.
Үш онжылдық ішінде Қазақстан мен Нидерланд сенім мен өзара құрметке негізделген берік әріптестік байланыстар орнатты.
Белсенді саяси қарым-қатынастар, серпінді сауда-экономикалық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық байланыстар және халықаралық қауіпсіздік пен орнықты даму мәселелері бойынша өзара ықпалдастық Қазақстан-Нидерланд өзара әрекеттестігінің жоғары деңгейін көрсетеді. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясында көпжақты форматта сындарлы диалог жалғасуда.
Нидерланд Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық әріптесі және жалпы тікелей инвестициялар көлемі бойынша 106,7 млрд АҚШ доллардан астам көрсеткішпен экономикамыздағы «бірінші» инвестор болып табылады.
Ауыл және су шаруашылығы, білім, медицина, биохимия, ақпараттық технологиялар, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылуда.
Саяси және экономикалық қатынастармен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та жемісті дамуда. 2015 жылы Роттердам қаласында Қазақстан астанасының құрметіне аталған алаң ашылды. Сонымен бірге, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында «Қара сөздер» кітабы нидерланд тіліне аударылды.
30 жыл ішінде қол жеткізген ынтымақтастықтың жоғары деңгейі екі елдің саяси, экономикалық және мәдени байланыстарын одан әрі тереңдетуге бейілділігін растайды.
[xfvalue_img]