Мемлекет басшысы Алтыншы Каспий саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы Алтыншы Каспий саммитіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдіре отырып, осы маңызды кездесудің офлайн өткізілуі дер кезінде және дұрыс болғанын айтты.

– Ақтау тарихи саммитінен бері төрт жыл өтті. Осы уақыт ішінде әлем түбегейлі өзгерістерді бастан өткерді. Коронавирус пандемиясы, геосаяси шиеленістің күшеюі және басқа да сын-қатерлер Каспий аймағындағы тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күш жұмылдырудың аса маңызды екенін талап етіп отыр. Бұрын-соңды болмаған «жаһандық дауыл» жағдайында Каспий теңізінің геосаяси тұрғыдан орналасуына, бай табиғи ресурстарына, сондай-ақ оңтайлы транзиттік әлеуетіне байланысты оның маңызы арта түседі. Ақтау саммиті Каспий маңы мемлекеттерінің күрделі әрі түйткілді мәселелерді бейбіт жолмен, тату көршілік және достық рухында шеше алатынын бүкіл әлемдік қоғамдастыққа танытты. Көп жылғы келіссөздерден кейін бесжақты ықпалдастықты кешенді түрде нығайтудың берік құқықтық негізін қалыптастырған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаны – соның айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Каспий – пайдалы ресурстардың мол қоры ғана емес, сондай-ақ шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын теңіз. Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің әлеуетін  толыққанды пайдалану мақсатымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективті жолдарын белгілеп берді.

– Біздің бүгінгі басты міндетіміз – Конвенцияның тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Төрт жыл бойы осы мәселеге қатысты өзара тиімді шешімдерді іздеу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл мәселелер тікелей ұлттық мүддеге байланысты болғандықтан, тараптардың ұстанымдарына түсіністікпен қараймыз. Біз көздеген мақсатымызға қол жеткізу үшін бар күшімізді салуға дайынбыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі логистикалық желілердің үзілуі жағдайында өзара көлік қатынасы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың орнықты дамуының және нығаюының маңызды факторына айналады деп санайды. Оның пікірінше, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артты.

– Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша аталған бағыттағы қазақстандық жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артты. Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Біз ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек. Бұл өзара тиімді әрі бірізділендірілген тарифтерді уақытылы бекітуге, түйткілді мәселелерді реттеуге қатысты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.

– Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, яғни 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде біздің жоғары сапалы бидай (шамамен 5 миллион тоннадан астам) мен ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Осы ретте 1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз бар. Бұдан бөлек ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы Қазақстанда азық-түлік тауарларын қаттау, сақтау және сату бойынша технологиялық тұрғыдан дамыған жүйесі бар заманауи көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталғанын айтты.

– Бұл орталықтар мен Каспий маңы азық-түлік хабы арасындағы жүйелі интеграция шаруалардың, сатып алушылардың, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың тиімді кооперациясына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, жеткізілетін барлық өнімнің сатылуына сенімді кепілдік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий теңізінің экожүйесін сақтау ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Оның айтуынша, Каспий жағалауының экономикалық дамуы және миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты трансшекаралық суқоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты.

– Жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақ экологиясына қатер төндіруде. Бұдан бөлек жаһандық жылыну және осыған байланысты климаттың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндіріп отыр. Ұзындығы бойынша Еуропада үшінші орында тұрған Орал өзенінің (Қазақстан аумағында Жайық деп аталады) жағдайы сын көтермейтіні осыған дәлел. Өзен суы деңгейінің  күрт төмендеуі, биоресурстардың азаюы және жағалаудағы өсімдіктердің деградацияға ұшырауы, сондай-ақ антропогендік ортаның ластануы байқалып отыр. Нәтижесінде соңғы жылдары өзеннің орташа жылдық ағысы үш есе азайды. Бұл уылдырық шашатын жайылма орындардың жағдайына және Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарының көбеюіне кері әсер етуде. Біз елдерімізге ортақ су артериясында экологиялық апатты болдырмау үшін Ресей Федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді Президент.  

Бұл мәселе бойынша қолдау көрсеткені үшін Ресей Президентіне алғыс айтқан Мемлекет басшысы өзара күш біріктіре отырып, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырды. Одан бөлек Президент ортақ теңіздің экологиялық мәселелері жөнінде айта келе, Каспий итбалықтарының мүшкіл халі туралы да айтты.

– Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс саналады. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың бес жылдық жоспарына қол қойылды. Бұдан бөлек 1974 жылдан бері Каспийдің солтүстігінде Қазақстан мен Ресейге тиесілі қорық аймақтары бар. Алайда Қызыл кітапқа енген осы бір жануарды сақтау мақсатында қабылданған шаралар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан қазір біз қорық аумағын ерекше қорғалатын табиғат аумағы ретінде қайта құру мәселесін қарастырып отырмыз. Каспий маңындағы барлық мемлекетті Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және оған қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс саналады. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың бес жылдық жоспарына қол қойылды. Бұдан бөлек 1974 жылдан бері Каспийдің солтүстігінде Қазақстан мен Ресейге тиесілі қорық аймақтары бар. Алайда Қызыл кітапқа енген осы бір жануарды сақтау мақсатында қабылданған шаралар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан қазір біз қорық аумағын ерекше қорғалатын табиғат аумағы ретінде қайта құру мәселесін қарастырып отырмыз. Каспий маңындағы барлық мемлекетті Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және оған қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Каспий қойнауын және оның маңындағы аудандарды игеру кезінде техногенді апаттар мен табиғи катаклизмдердің үлкен қаупі барын ескерген жөн. Сондықтан апат салдарының алдын алудың және оларды жоюдың аймақтық механизмін, төтенше жағдай кезінде өзара көмек көрсету жүйесін дамыту маңызды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы тығыз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту және «Каспий бестігінің» талдау құрылымының консорциумын қалыптастыру қажет екенін айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий маңы мемлекеттерінің  сыртқы істер министрлері кеңесінің жыл сайынғы отырысын өткізу жөніндегі Владимир Путиннің ұсынысын қолдады.

– Каспий бойынша ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты тереңдетуге қатысты бүгінгі айтылған бастамалар сапалы әрі уақытылы орындалатынына сенімдімін. Қазақстан баршамызға ортақ және ата-бабаларымыздан мирас болып қалған берекелі қарт Каспийдің қашанда достықтың, тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың теңізі болып қалуына мүдделі. Халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің гүлденуі және ілгерілеуі үшін өзара ерік-жігер таныта отырып, баршамыз осы ізгі мақсатқа қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Алтыншы Каспий саммитінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Ресей Президенті Владимир Путин сөз сөйледі.

Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары коммюнике қабылдады.

https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-altynshy-kaspiy-sammitine-katysty-2951633

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.