Агенттік Төрағасы М. Ахметжанов Түркістан облысының активімен кездесті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы М. Ахметжанов а.ж. 17 қарашасында Түркістан облысының активімен кездесті.
Іс-шараға облыс әкімі Ө. Шөкеев және оның орынбасарлары, мемлекеттік, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.
Іс-шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы реформалар туралы айтып берді. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан ҚР 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасына егжей-тегжейлі тоқталды.
«Біздің міндетіміз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын жүзеге асыру, қоғам мен кәсіпкерлердің сұранысына бағдарлану. Бұл жұмыс Агенттіктің қызметімен шектелмейді. Бұл бағытта барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің белсенді қатысуы маңызды. Бұл мәселеде сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, оның себептерімен күресу маңызды» - деп атап өтті М. Ахметжанов.
Сонымен қатар, Агенттік басшысы облыстағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының статистикасына тоқталды:
«Жаңа облыс құрылғаннан бері 400-ге жуық сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Жыл сайын қылмыстық жауапкершілікке тұрақты негізде 80-нен астам лауазымды тұлға тартылады (2019ж.-106, 2020ж.-79). Осы жылдың өзінде 50 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 28-і сотталды».
Сондай-ақ, М. Ахметжанов облыс активіне Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің жаңа басшысы, генерал-майор Қ. Қожахметовты таныстырды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін ол агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды.
Өз кезегінде өңір басшысы Ө. Шөкеев облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы айтып берді.
[xfvalue_img]