Францияға жұмыс сапары: АШМ басшысы еуропалық компаниялардың басшылығымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Қазақстан Президентінің Францияға ресми сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Парижде бірқатар кездесулер өткізіп, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен және бірнеше еуропалық компаниялармен одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы бас директорының орынбасары Монтсеррат Арраемен кездесті. Ербол Қарашөкеев ДЖДСҰ басшысын аусылдан вакцинациялау бойынша Қазақстан Республикасының солтүстік-батыс облыстарының мәртебесін қалпына келтіруге бағытталған шаралар туралы хабардар етті. Кездесу аясында министрліктің биылғы жылғы қыркүйекте аусыл бойынша мәртебені қалпына келтіруге берген өтінімін қарау және оларды тану үшін қосымша ақпарат беру қажеттілігі талқыланды.
Ербол Қарашөкеев ДЖДСҰ құралдары мен ұсынымдарын қолдану негізінде Қазақстанның ұлттық ветеринариялық қызметін жетілдіру және нығайту туралы ақпаратты толықтырды.
«Күшейтілген және кеңейтілген мемлекеттік ветеринариялық желі құрылды, бақылау-қадағалау және іске асыру функцияларының аражігін ажырату жүргізілді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және орнын ауыстыру мәселелері реттелді. Білім беру жүйесін үйлестіру үшін ветеринарлар даярлайтын 3 аграрлық жоғары оқу орны Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді», - деді министр.
Сондай-ақ, АШМ мен ДЖДСҰ-ның ғылыми салада одан әрі өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтының жануарлардың аса қауіпті ауруларын бақылау жөніндегі тетіктері мен стратегияларын өзектендіру бойынша халықаралық ұйымның сарапшыларын тарту мәселесі туралы айтылды.
Сондай-ақ, министр «Evolution International» компаниясының бас директоры Жосем Сирильмен кездесті. Компания 60 жылдан астам уақыт бойы мал шаруашылығы генетикасын дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Тараптар Қазақстандағы еуропалық генетикалық орталықтың жобасын талқылады. «Evolution International» еліміздегі мал шаруашылығы генетикасы бағытында жұмыс істейтін негізгі институт болып табылатын «Асыл Түлік» ұлттық орталығымен ынтымақтасады.
«Еуропалық серіктестердің көбею, эмбрион трансплантациясы, жануарлардың асыл тұқымды құндылығын бағалаудың молекулалық-генетикалық және биотехнологиялық әдістері бойынша мамандардың біліктілігін арттырудағы тәжірибесі мен ғылыми әлеуеті біздің еліміз үшін өте маңызды. Осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтеміз деп үміттенеміз», - деп атап өтті министр.
Кездесудің қорытындысы селекциялық және асыл тұқымды жұмыс саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қою болды.
Ербол Қарашөкеевтің жұмыс сапары «Boehringer Ingelheim Animal Health» бас директоры Найджел Свифтпен кездесумен жалғасты. Компания адамдар мен жануарларға арналған вакциналардың ең ірі өндірушісі болып табылады. Министр Францияның ветеринариялық вакциналарды өндіру саласындағы тәжірибесіне қызығушылығын атап өтті. Қазақстан технологиялар трансфертін және бірлескен жоба құруды қолдауға дайын.
«Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы 2013 жылы аусылға қарсы вакциналардың негізгі банкімен Орталық Азия бойынша субөңірлік өкілдігін ашу үшін Астананы таңдады», - деді Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, Қазақстан мен Франция арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 7,2% - ға артып, 44,1 млн долларды құрады.
Қазақстандық өнімнің экспорты 9 есеге өсіп, 311 мың долларға жетті. Бұл негізінен күнбағыс майы, шоколад және мақта. Өз кезегінде Франциядан тауарлар импортының үлесі 6,5%-ға артып, 43,8 млн долларды құрады. Қазақстанға Франциядан азық-түлік пен алкогольдік сусындар жиі әкелінеді.
[xfvalue_img]
33 пікір