Қазақстан PepsiCo-мен ынтымақтастықты дамытуда
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров «PepsiCo» компаниясының Орталық Азия, Кавказ және Беларусь елдеріндегі жеткізу тізбегін дамыту жөніндегі аға директоры Константин Федорчукпен және мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі директоры Марғұлан Оспановпен кездесу өткізді. Тараптар америкалық трансұлттық компаниясы Қазақстанда жүзеге асырып жатқан чипс өндіру жобасының өзекті мәселелерін талқылады.
Министрдің орынбасары өз сөзінде «PepsiCo» бастамасы халықаралық корпорациялар үшін инвестициялық алаң ретінде Қазақстанның тартымдылығын көрсететін Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Ә. Қуантыров жобаның өңірдің экономикалық дамуына, жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық шикізатты пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ықпал ететін маңызды ынталандыру болатынын баса айтты.
К. Федорчук Қазақстан үкіметінің қолдауына ризашылығын білдіріп, бұл жоба «PepsiCo»-ның өңірдегі одан әрі ірі инвестицияларының бастамасы ғана екенін атап өтті. М. Оспанов өз кезегінде компанияның жергілікті жеткізушілермен белсенді жұмыс істеуге ниетті екенін және ішкі нарықтың ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің сұранысын қанағаттандыру үшін өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
«PepsiCo» өнімі қазірдің өзінде Қазақстанда айтарлықтай көп, алайда жаңа «Lay’s» чипс зауыты корпорацияның елдегі алғашқы ірі азық-түлік жобасы болмақ.
Анықтама: Кәсіпорын Алматы облысында орналасып, әлемге әйгілі «Lay’s» брендімен картоп чипстерін шығаратын болады. Америкалық компания 160 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, 350-ге жуық жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның қуаттылығы бастапқы кезеңде 14 мың тоннадан 16 мың тоннаға дейін өнім шығара отырып, кейіннен 21 мың тоннаға дейін өседі. Өндіріске қазақстандық картоп пайдаланылатын болады. Компания кәсіпорынның бірінші кезегінің құрылысын 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отыр.
[xfvalue_img]