ҚР СІМ-де ЕҚЫҰ ПА-мен өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығы аталып өтті
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан Республикасына сапары аясында Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Фара Карими бастаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының делегациясымен кездесу өткізді. Кездесуге Испания және Нидерланды ұлттық парламенттерінің мүшелерімен қатар Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан депутаттары да қатысты.
Тараптар ЕҚЫҰ ПА делегациясы осы сапардың ерекше басымдықтары ретінде таңдаған тақырыптар ретінде климаттың өзгеруіне қарсы күрес, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, таза энергияны дамыту және еліміздің саяси өміріндегі әйелдер мен жастардың рөлін ілгерілету мәселелерін талқылады.
Осы тұрғыда Р. Василенко Қазақстан мен Францияның ағымдағы жылдың күзінде Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында «One Water Summit» іс-шарасын және 2026 жылы ҚР-да БҰҰ қолдауымен өңірлік климаттық саммиттіy өткізу жөніндегі жоспарлары туралы хабарлады. Ол сондай-ақ өңірдегі су проблемасын шешу бойынша, оның ішінде 2024-2026 жылдары Аралды құтқару халықаралық қорының (ХҚЕС) төрағасы ретінде ел Үкіметі қабылдайтын шараларға және осы саладағы Орталық Азия елдерінің бірлескен күш-жігеріне ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Ф.Карими көрші мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытудағы ҚР-дың белсенді ұстанымын атап өтіп, ағымдағы жылы Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуін дайындау аясында өңірлік деңгейде сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін осы процестің ерекше маңыздылығын айтты. Ол сондай-ақ парламентарийлердің қоғамдағы әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелеріне тереңірек араласуына үміт білдірді.
Ф. Карими қазақстандық парламентшілердің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы белсенді қызметін атап өтіп, оны одан әрі кеңейту туралы ниетін білдірді. Сұхбаттасушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2008-2011 жылдары ЕҚЫҰ ПА-ның дамуына оның Вице-төрағасы ретінде қосқан үлесін және соңғы уақытқа дейін ЕҚЫҰ ПА-ның вице-төрағасы қызметін атқарған Асқар Шәкіровті ерекше атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Парламенттік ассамблея мен ЕҚЫҰ шеңберінде, тұтастай алғанда, белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Сапар бағдарламасында Ф. Каримидің Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және ақпарат министрліктерінің басшылығымен кездесулері көзделген. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ ПА делегациясының Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы мен Халықаралық Аралды құтқару қорының басшылығымен келіссөздері жоспарлануда.
[xfvalue_img]